Жаңалықтар

Бозбалалар әскери өмірмен танысты

Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау гарнизондарының әскери қызметшілері өңірдегі жалпы білім беру оқу орындары мен колледж студенттеріне алғашқы әскери дайындық бойынша оқу-далалық жиынын өткізді.

Жиынның негізгі мақсаты — бозбалаларды еліміздің Қарулы Күштері қатарындағы әскери қызметке дайындау, бастапқы әскери дайындық бойынша сабақтарда алған теориялық білімдерін бекіту, жасөспірімдердің әскери қызметке жылдам бейімделуіне қажетті практикалық дағдыларды үйрету.

Шараға «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәжірибелі офицерлері мен нұсқаушы-сержанттары қатысты. Олар оқу взводтарының жетекшілері болып тағайындалып, жастарды аз уақыт аралығында әскери тәртіп пен ұқыптылыққа бейімделуге үйретті.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы, капитан Рустем Игісіновтің айтуынша, оқу-далалық жиынға 10000-ға жуық оқушы мен студент келген.  Далалық сабақтар барысында оқушылар әскери қызметтің ерекшеліктерімен,  әскери қызметшілердің міндеттерімен танысып, тактикалық дайындықтың, жергілікті жерде бағдарлау тәсілдерінің, саптық дайындық негіздерінің, қаруды жинап-шашудың, оқ атудың амалдары мен қағидаларының қыр-сырын зерделеді. Сондай-ақ, әскери әндерді орындай отырып, әскери-саптық көрсетілімдерге белсене қатысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша ептілігімен, жылдамдығымен, шеберлігімен көзге түскен оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button