Жаңалықтар

Ақш пен Малайзиядан Димаштың жанкүйерлері келді

Ақтөбеге АҚШ пен Малайзиядан Димаш Құдайбергеннің бір топ жанкүйері келді.  Олар екі күн бойы Ақтөбені аралап, Димаш оқыған мектеп пен колледжге барды.

АҚШ-тан келген Ания Кахл Димаштың әнін алғаш интернеттен тыңдапты.

— Қытайда өткен байқаудан кейін тура алты апта өткенде интернеттен Димаштың әнін тыңдадым. Қатты таңғалдым. Әнді тыңдаған сайын ерекше күйге бөленемін. Бұндай дауыс иесі әлемде жоқ. Концерттерінен қалмаймын. Қазір жақындарым мені есінен ауысқандардың қатарына қосады, — дейді Ания Кахл күліп. Қазір ол Нұр-Сұлтан қаласындағы жеке мектептің бірінде ағылшын тілінен сабақ береді. Қазақстанға келгеніне бір жылдан асыпты. Қазақ тілін үйренуге күш салып жүр.

Ал Малайзияның Куала-Лумпур қаласында тұратын Ясмин Әбу Ханифа ұлы мен қызын Димаштың концертіне арнайы алып келіпті. Ән кешінен ерекше әсер алған қонақтар Димаштың туған жерін көруді өздеріне мақсат етіп қойған.

Бұрын Қазақстан туралы естігенмен, аса мән бермедім. Ал бір жыл бұрын Димаштың «Опера-2» әнін тыңдап, бұл елге деген қызығушылығым оянды. Қазір отбасымызбен Димаштың әнін тыңдаймыз. Концерттерінен қалмаймыз. Осылайша апам және ұлым мен қызымды ерітіп, Қазақстанға жол тарттым. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында болдық. Ал Ақтөбе бізге ерекше әсер қалдырды, — дейді Ясмин. Ясминнің ұлы Заим Зулкефли арбаға таңылған. Сүйікті  әншісінің туған жеріне келгеніне өте қуанышты.

Димашты бүкіл  әлем таныса деймін. Малайзияға келіп ән кешін өткізсе деген арман-тілегім бар, —деді Заим. Заимның тілегін анасы «Әумин» деп қоштады.

Туристер алғашқы күні Қарғалы су қоймасының маңындағы «Ардағым» балық шаруашылығына барды. Ертеңіне Димаш оқыған мектеп пен колледжді аралады.  Әншінің ұстазы Марат Әйтімов туристерге шеберлік сабағын өткізді. Колледж оқушылары концерт қойды. Қонақтардың өздері де Димаштың әнін айтты. Қызықты кеш өтті.

Осы жұмыстарды үйлестіруші Мейрамгүл Балғожинабірқатар қиындықтарға  кездескенін айтты.

— Фанаттар Малайзиядан хабарласқанда мүгедек арбасына таңылған бала бар екенін, біраз жерге барғылары келетінін айтты. Өкініштісі, біздің көп жерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалмаған. Мәселен, «Нұр Ғасыр» мешітіне келдік.  Пандус арқылы кірдік. Белгі арқылы мүгедек арбасымен көтерілетін жер көрсетілген. Барсақ, лифт жұмыс жасамайды, жарық жоқ. Транспорт мәселесінде де қиындықтарға  кезіктік. Туристерге арналған көлік тапшы. Сал ауруына шалдыққан азаматтардың орталығынан бір көлікті таптық. Оның ішінде салқындатқыш жоқ болып шықты. Ыстық күнде бұл қонақтарға қиын болғаны анық. Тағы бір мәселе — ағылшын тілінде еркін сөйлейтін гид жоқтың қасы,  — деген Мейрамгүл туризм саласына әлі де көңіл бөліну керектігін айтты.

Димаш Құдайбергеннің концертінен кейін Ақтөбеге 25 турист келмек. Қазір олардың жартысы келіп болды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button