Мәдениет

ТОЙЛАРДЫ ӘНІҢ БАСТАР…

композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 80 жыл толады

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың:

«… Шәміл-ау!

Шәмші қайда?

Шәмші қайда?

Шәмшіге айт,

Тағы да бір таңдандырсын,

Жындандырсын жүректі, жандандырсын!

Мәңгі өлмес Махаббатым айта жүрер,

Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!» деген өлеңі бәріміздің есімізде болар. Сол Шәмшінің, «Қазақ вальсінің королі» атанған қазақ композиторы, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, ұлттың маңдайына біткен ән жұлдызы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 15 тамыз күні 80 жыл толады. 62 жыл ғұмырында ұлтына зор рухани мұра сыйлаған ән падишасының шығармаларынсыз қазақтың бірде-бір тойы өтпейді. Ал Тәуелсіз Қазақ елінің Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жатқа біледі.

Шәмші ауылында…

Депутат Қуаныш Айтаханов бастаған 19 сенатор композитордың туғанына 80 жыл толу тойын лайықты атап өту үшін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған. К.Мәсімов депутаттарға жолдаған жауабында мемлекеттік деңгейде аталатын мерейтойлар Үкімет қаулысына сәйкес бірінші 100 жылдықтан басталатынын айта келіп, композитордың ән мұрасын жүйелі және жоғары кәсіби-ұйымдастырушылық деңгейде насихаттау мақсатында «Менің Қазақстаным» атты Шәмші әндерінің халықаралық фестивалі өткізілетінін, бұл мақсатта бюджеттен 30 млн. теңге қарастырылғанын айтады. Бұған қоса Шәмші Қалдаяқовтың кітаптары мен әндер жинағы 2011 жылы мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығармалар тізіміне енгізілетіні айтылған. Жауап хатта, сондай-ақ Алматыдан композитордың атымен бір саябақ аталатыны және ән падишасының мұрасын бір орталыққа жинайтын мемориалдық музей ашу туралы мәселелер алдағы уақытта шешілетіні айтылады.

«Шәмші аға — Ән-аға» атты облыстық қордың төрағасы Бақыт Ғиззатовтың айтуынша, Шәмшінің туғанына 80 жыл толу тойына орай Ақтөбеде де бірқатар мәдени шара ұйымдастырылмақ.

— Қор 2008 жылдың 14 шілдесінде құрылды. Содан бері Шәмшінің артына қалдырған мол мұрасын ел арасында насихаттау, есімін халықтың жадында өшпестей қалдыру мақсатында көптеген шаралар өткізіліп келеді. «Шәмші аға — Ән-аға» қорының мұрындық болуымен Қарғалы ауданындағы Александровка ауылына, Ақтөбедегі бұрынғы Скулкин атындағы көшеге композитордың аты берілді. Облыстық, аудандық білім бөлімдерімен бірлесіп облыстың бірқатар мектептерінде Шәмші атындағы фестивальдар ұйымдастырып тұрамыз. Шәмші туған 15 тамызда, қайтыс болған 29 ақпанда еске алу күндерін өткізіп, ән мерекелерін ұйымдастырамыз. Осы күндері біз мақтан тұтатын ақтөбелік әншілер Шәмші ауылына ағылады, — дейді Бақыт Ғиззатов.

Б.Базарғалиұлының айтуынша, қазір ауылда халықтың қолдауымен мешіт салынып жатыр. Оның басында қалалық мәслихат депутаты Қайырғали Арыстанғалиев жүр. Мектеп ішінде Шәмшіге арналған музей жасақталып, қал-қадерінше композитордың кітаптары, әндері, басқа да мұрағаттар жинастырылмақ. Мектеп қасына ағаш отырғызылып, саябақ жасалып жатыр. Сол саябақтың ішіне Шәмшінің бюсті қойылады.

— Композитор бюсті дайын тұр. Ендігі бізді қинап тұрғаны — сол бюсті саябаққа орнатпас бұрын мал кіріп, таптамауы үшін қоршау жасау мәселесі. Бұған қоса шағын плиталардан жол салу керек секілді. Қоршау жасауға қаржы тапшы. Әзірге көмек қолын созамын деп емеурін танытып тұрған ешкім жоқ. Бірақ қашанда бізді қолдап келе жатқан кәсіпкерлер бұл жолы да көмектеседі деген үмітіміз бар, — дейді қор төрағасы.

Шәмшінің туғанына 80 жыл толу мерекесін тойлау аясында облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Шәмші әндерінің облыстық байқауы өткізілмек. Алдымен әншілер Қобда ауданы Әлия ауылындағы облыстық патриоттық тәрбие беру орталығында бақ сынасып, жеңімпаз атанғандар Шәмші ауылында Гала-концерт өткізеді.

Шәмшіні қонақ қылған едік…

Әскер қатарына шақырылғанға дейін Шәмші Қалдаяқов ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, жолдамамен Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы «Темір» кеңшарына  келіп, Ворошилов бөлімшесінде зоотехник болып жұмыс жасаған екен. Яғни алғашқы еңбек жолын біздің өлкеде бастаған. Кейін әскери борышын өтеп, әндері ел арасына тарап, танылған Шәмші өзі еңбек жолын бастаған ауылға қонақ болып кетіпті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарушы хатшылығының меңгерушісі Жамбыл Баймұханов сол жылдарды былайша еске алады:

—1976 жылы мен «Темір» кеңшарында партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып жүрген кезімде ауылға қонаққа Шәмші келді. Ұмытпасам, маусым айында болуы керек. Кезінде Шәмші ағамызбен бірге жұмыс жасаған Жұмағазы Оспанов деген ферма меңгерушісі Алматыға бір айлық курсқа барып, Шәмшіні кездестіріп, өзі қызмет еткен ауылға қонақ боп кетуге шақырып, ертіп келді. Бұл хабарды естіген біз қуанып, ағамызды вокзалдан күтіп алдық. Шәмші әскерге Темірде жүргенде шақыру алып, осы ауылдың бірнеше жігітімен бірге аттанған. Ауылға келген Шәмші бірге қызмет еткен, әскерде болған жігіттермен кездесіп, арқа-жарқа болып қалды. Тіпті сонау Ақтасты дейтін жерде тұратын танысы — Құспан деген шопанды дейін арнайы іздеп барды.

Ол кезде Шәмші баяғы ешкім білмейтін қарапайым зоотехник емес, әндері ел арасында айтылып жүрген белгілі композитор. Шәмшінің сол сапарында, жұрт гуілдеп айтып жүргеніндей, ішімдік ішкенін де байқамадық. Біраз әңгімелер айтылды, әндер шырқалды, концерттер ұйымдастырылды.

«Ворошиловта жұмыс жасап жүргенімде атқа мініп, иығыма мондалинамды іліп жүретін едім», — деген-ді бір әңгімесінде. Ауылдың өнерпаз жастары үйірмесінде ән айтатын кездерін еске түсіріп мәз болды.

Шәмші ағамыз бірге қызмет еткен достарының біразына қыдырып барды. «Ақтөбе» кеңшарының директоры болған Қостайбеков деген ағамыздың үйінен дәм татты. Ол кісінің атын қазір ұмытып қалдым. Сол үйдегі жеңгей әнді жақсы айтушы еді, кезінде «Темір» кеңшарындаында Шәмші ағамызбен бірге жүріп ән шырқаған екен. Шәмші ағамыз ауылда біраз күн жатып, осы үйлердің бәрінде қонақта болып кетті, — дейді Ж.Баймұханов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button