Мәдениет

КӨРНЕКТІ ТҰЛҒА ТАҒЫЛЫМЫ

Зерде

Тарихты түгендеу, сондай-ақ өз заманында болған тұлғаларды тану көп жағдайда кейінгі буын қолымен атқарылады. Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында Қазақстан өзгерісті кезеңдерді бастан өткерді. Сол тұста халық ортасынан топ бастаған серкелер, елдің еңселі ұлдары өсіп шықты. Солардың бірі республикадағы тұңғыш озық мәдениет революциясының жасампазы, асқан дарынды, кемеңгер мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов болатын.

Ол туралы талай зерттеу еңбектер жазылды. Дегенмен, сол біртуар көшбасшы келбетін барынша айқындап үлгердік пе? Кейінгі ұрпақ алдыңғы буындағы сол дара тұлғалардың бірі атанған Темірбек Қараұлы туралы не біледі?

Зейнеткер зерттеуші аға Әбуғали Жалдыбаев осы орайда өзінің «Темірбек Жүргенов» атты еңбегін көпшілік назарына ұсыныпты.

Бұл еңбектің ең алдымен көзге түсер ерекшелігі – кейіпкер өмірінің айшықты тұстарын барынша тұжырымды және толық қамтуға ұмтылуында. Оның ішінде бұрын оқырман назарына ұсыныла қоймаған тың деректерді қамту ұстанымы да байқалады. Темірбек Жүргеновтің шығармалары мен баяндамаларындағы, мақалалары мен сұхбаттарындағы орыс тілінде берілген тұжырымдамалары зерттеуші еңбегінде сол қалпында ұсынылған. Мұның өзі кейіпкер ой-өрісінің аясын аңғаруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның 1917-1937 жылдар аралығындағы жиырма жылдық тарихында республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуында есімі айрықша көрінетін Темірбек Жүргеновтің іскерлік ыңғайдағы жасампаздығы мен жеңімпаздығын, аса маңызды ұлттық-мемлекеттік көптеген істерді жүзеге асырудағы еңбегін автор біраз қамтыған.

Автор Темірбек Жүргеновтің «Алатауды айырып, Қаратауды қайырып жіберетіндей жігер беретін» (Ахмет Жұбанов), «аса принципшіл, табанды да іскерлік қабілетін» (Ғабит Мүсірепов), «ана тілін құрметтеуге батылдығын» (Е. Брусиловский) нақты дәлелдермен келтіреді.

Темірбек Жүргеновтің музыкалық драма театрын ашудағы, қазақ би өнерін кәсіби деңгейге көтерудегі, халық арасынан шыққан өнер таланттарын жарыққа шығарудағы, басқа да көрнекті еңбектері осы зерттеуде айқын көрсетіледі.

Н. ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button