Жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетілуде

Nur Otan партиясы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыру, олардың инклюзивті білім алуы мен жұмысқа орналасуына ықпал етіп, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысуына жол ашу жұмыстарына басымдық беріп отыр. Бұл жұмыстар Ақтөбеде де жалғасын тапты.

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында өткен қоғамдық қабылдауға  мүмкіндігі шектеулі 32 жан қатысты. Олар Nur Otan партиясының облыстық, қалалық филиалы мен әртүрлі басқарма, бөлім басшыларына толғандырған мәселелерін айтты.

  • Мен төрағалық ететін «Алаш» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде 50-ден астам мүше бар. Бүгін олардың көбі қоғамдық қабылдауға қатысып, риза болып шықты. Бірінің оқу ақысы төленсе, бірі мүгедектік арба алатын болды. Ал жұмысқа орналасуға көмек сұрағандар үшін жақында арнайы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Мұның бәрі біз үшін үлкен көмек. Осы орайда мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге бағытталған Coworking орталығын ашып, біздің шығармашылықпен айналысуымызға, өз мүмкіндіктерімізді дамытуға жағдай жасағаны үшін партияға алғысымды айтамын, — деді Әлібек Елеусіз.

Қоғамдық қабылдауда өз кәсібін ашу үшін көмек сұрағандар да болды. Оларға өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз азаматтарға арналған гранттарға ие болу талаптары түсіндірілді. Облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Алматбаеваның айтуынша, облыс бойынша осындай 149 грант қарастырылған.

Осы күні қалалық мәслихаттағы Nur Otan фракциясы мүшесі Алтынай Мұханованың қабылдауына 7 адам келді. Олардың көпшілігінің мәселесі оң шешілді. Мәселен, нұротандық депутат І топ мүгедегі Әлібек Елеусіздің жұмысына қажетті құрал-жабдықтарды алып беруге, оқуға құжаттарын тапсырған І топ мүгедегі Марат Сейтімовтің оқу ақысын төлеуге уәде берді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің көмегімен көпбалалы ананың саяжайдағы үйін кеңейтуге атсалысатын болды.

Айта кету керек, бүгінге дейін облыстағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардан партия филиалдарына келіп түскен 94 өтініштің  42-сі оң шешімін тапты.

Н.ӘБЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button