Жаңалықтар

Бизнес бастаудың жолдары үйретілді

Семинар

Ақтөбелік жастар кәсіп ашудың құпияларын білуге мүмкіндік алды. Сейсенбі күні өз кәсібін бастағысы келетін бір топ жас «Өз ісін қалай бастау керек?» атты жастарға арналған тегін бизнес семинар-тренингке қатысты.

Жастар жылы аясында ұйымдастырылған шара облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен жастар саясаты басқармасының және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтті.

— Бүгінгі шараның негізгі мақсаты — шағын және орта бизнесті жастарға қолжетімді етіп, өңір жастарын өз ісін ашуға ынталандыру. Сондай-ақ кәсіпкерлік саласында білімін жетілдіріп, нарыққа қажетті мамандықтарға оқыту. Бұл бағытта біздің басқарма мен орталық бұған дейін де бірнеше кездесулер өткізіп, түрлі жұмыстар атқарды. Бүгінгі кездесуге қаламыздағы жұмыссыз жастар мен ерікті жастар шақырылды. Ал тренингті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының білікті тренерлері мен стартаперлері өткізді, — деді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Ардақ Бекниязова.

Ашық әңгіме түрінде өткен семинар-тренинг барысында жастар кәсіп ашуды неден және қалай бастау керек, заман талабына сай қандай кәсіп ашқан жөн болатындығы туралы сауалдарына жауап алды.

— Өз кәсібін бастау заманауи тұрғыда ойлайтын кез келген жастың ойының түбінде жатқан бір арманы десем, қате айтқаным емес шығар. Дегенмен, бұл ойын көпшілігі жүзеге асыра бермейді. Өз бизнесін бастауға біреулер үшін сенімділік жетпей жатса, енді біреулерінің бұл  тұрғыда білімі аздық етіп жатады. Ал бүгінгі семинар-тренингтің сондай жастар үшін берері мол. Менің негізгі мамандығым — заңгер. Бірақ қазір еріктілер тобын құрып, қайырымдылықпен айналысып жүрмін. Болашақта өз кәсібімді бастасам деймін. Бүгін біраз тәжірибе жинақтап, көкейде жүрген сауалдарыма жауап алдым. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, — дейді семинар-тренингке қатысушылардың бірі Салтанат Мұратқызы.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button