Әлеумет

«Ақтөбе — өнеркәсіп саласындағы іргелі өңір»

НАЗАРОВ Болат Қонақбайұлы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.  Қазақ политехникалық институтында тау-кен инженері мамандығы бойынша білім алған. Осы салада ірі қызметтер атқарған. Соңғы кезде «Казахойл» ҰМК – Қарашығанақ жобасы департаментінің директоры,  «ҚазТрансГаз»  АҚ – Қарашығанақ жобасы бойынша вице-президент, «Интергаз Орталық Азия»  АҚ – Бас директордың бірінші орынбасары, «ҚазТрансГаз» ЖШС Бас директоры (басқарма төрағасы), 2009 жылдың желтоқсанынан бастап – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Газ жобалары жөніндегі басқарушы директоры лауазымын атқарады.

Ақтөбе — еліміздің өнеркәсіп саласындағы іргелі өңірлерінің бірі, қазақ елінің батыс бөлігіндегі жер қойнауы өте бай, экономикалық әлеуеті басым өңір. Әсіресе, мұнайдан түсетін табыс облыс экономикасының еңсесін биік ұстауға мүмкіндік беріп отыр. Осы мол мүмкіндікті замана үрдістеріне сай пайдалану облыстың дамуына, көркеюіне жол ашуда.

Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында мұнай-газ саласына бірқатар маңызды міндеттемелер жүктегені баршаға аян. Сондай-ақ Елбасымыз еліміздің 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасында мемлекеттің  инновациялық және индустриялдық дамуына ерекше назар аударды. Аталған  бағдарламаның аясында облыста ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл салада атқарылып жатқан істер көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз. Әсіресе, елді мекенді газдандыру мәселесі халық үшін өте өзекті мәселе. Қолжетімді «көгілдір отын» халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер етіп қана қоймай, қала инфрақұрылымының жан-жақты дамуына септігін тигізеді.  Біз осы бағытта атқарылып жатқан істер жөнінде кеңірек мағлұмат алу мақсатында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Газ жобалары жөніндегі басқарушы директоры Назаров Болат Қонақбайұлымен әңгімелескен едік.

— Болат Қонақбайұлы, соңғы жылдары Қазақстанның газ саласына айтарлықтай инвестиция құйылды.  Бұл газ өндіру көлемі ұлғаяды дегенді  білдіреді. Осы бағытта «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?

— Иә, соңғы жылдары Қазақстанның газ саласына айтарлықтай инвестиция құйылды. Соның нәтижесінде Қазақстан-Қытай газ құбырының бірінші кезегі аяқталды. Ал ағымдағы жылы Батыс Қазақстан өңірін Қытай шекарасымен жалғастыратын Қазақстан-Қытай газ құбырының екінші кезегін – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу қолға алынады. Бұдан бөлек,  үшжақты келісімдер нәтижесінде Түркіменстан-Қазақстан-Ресей арасында Каспий маңы газ құбырын салу туралы келісім жасалған. Бұның тасымалдау қуаты жылына 20 млрд. текше метр газды құрайды.

Биылғы жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы басталатындығын айттым өттім ғой. Бұл жоба еліміз үшін стратегиялық, әлеуметтік және макроэкономикалық маңызы бар жоба болып табылады. Ол ауыл халқының тұрмыс деңгейін көтеруге, өнеркәсіп нысандары мен ауыл шаруашылығын дамытуға және жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бұл газ құбырын салу Қазақстанның оңтүстігі мен батысында орналасқан магистральдық газ құбырларының бірікпеген жүйесін біріктіруге және үздіксіз газ жеткізуді қамтамасыз етіп, бір технологиялық тәртіпте Қазақстанның жалпы газ құбыры жүйесін пайдалануға мүмкіндік береді.

Газ ресурстары мұнай-газ кендерінде шоғырланған. Мұнай мен газ ұңғымадан бір уақытта шығады, әйтсе де, технологиялық тұрғыдан тек газды немесе тек мұнайды ғана алу мүмкін емес. Рас, бүгінде заң бойынша мұнай компанияларына мұнайды алған соң, газды кері айдау талабы қойылып отыр.

Ресми дерекке жүгінсек, газ қоры негізінен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында шоғырланған. Атап айтқанда, қазақ газының 34 пайызы Қашаған кен орнында болса, 23 пайызы – ірі газконденсатты кен орны Қарашығанақта, 17 пайызы – Теңіз кенішінде орналасқан.

Қай кен орнында болсын, жер қабатынан мұнаймен бірге ілеспе газ шығатыны белгілі. Жер бетіне шыққан өнім мұнай және газға айрылып бөлінеді. Мұнайдың баратын жері белгілі, ал газды кәдеге жарату қазақстандық мұнай өнеркәсібі саласының көп нысандарында әлі күнге дейін үлкен мәселе болып отырғаны жасырын емес. Өйткені бөлінген газды тез арада өңдеп, тұтынушыға жеткізу оңай шаруа емес. Оған белгілі бір дәрежеде қаржы, арнайы инфрақұрылым керек. Жасыратыны жоқ, осы уақытқа дейін халқымызға көгілдір отын қол жетпестей болып келді. Реті келгенде оны айтпай кетуге, одан айналып өтуге болмас. Шыны керек, біз «қара алтынды» жоғары бағалап, барлық күш-жігерді соған жұмсап келдік, өйткені республикамызға негізгі кіріс мұнай сатудан түсіп отырғанын барлығымыз да білеміз. Ал «көгілдір отын» керексіз, құнсыз болып келді. Сондықтан да ол екінші кезекте қалып қойды. Кезінде кейбір мұнай кәсіпорындарында ондаған жылдар бойы газ ауаға текке жағылып жатқанда, әлгіндей кен орындарынан небәрі 15-20 шақырым жерде қоныстанған ауылдар ағаш пен көмір жағып отырды емес пе? Қазақ мұнайының бірқатар кен орындарында КСРО кезінде мұнай кен орындарын игеруде ілеспе газды негізінен өндірістік мақсатқа ғана пайдаланып, қалғанын ауаға жағып жіберіп отырды. Өйткені ондай кен орындарының басында газ өңдейтін зауыттар болмады.

Еліміздегі көгілдір отынның пайда болу тарихына көз жүгіртсек, ол өткен ғасырдың 70-ші жылдары республикада энергетиканың ең жас саласы ретінде қалыптаса бастады. Қазіргі таңда ол отын өнеркәсібінің маңызды саласы болып табылады. Республикамызда газ өнеркәсібінің пайда болуы, әдетте, мұнай өндіру өнеркәсібімен тығыз байланысты екені белгілі. 1979 жылы ашылған Қарашығанақ газконденсатты кен орны игерілгеннен кейін республикамызда газ өндіру көлемі айтарлықтай артты. Газ саласының 2004-2010 жылдардағы даму бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан Республикасы табиғи газдың дәлелденген қор жағынан ең ірі елдердің біріне айналды. Соның арқасында Қазақстан ТМД елдері ауқымындағы негізгі табиғи және сұйытылған газ өндірушілер мен экспортқа шығарушылардың алғашқы үштігінің қатарына кірмек. Республикамыздың Каспий қайраңындағы табиғи газдың қоры 3,3 триллион текше метрді құрайтыны жөнінде ресми мәлімет бар. Мұның өзі біле білген кісіге үлкен байлық.

Кезінде Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов «Өріктау» газ кенішін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының қарамағына өткізуді тапсырған болатын. Осы мәселеге орай «Өріктау» кенішіндегі атқарылып жатқан істердің жергілікті халыққа, сонымен бірге жалпы еліміздің болашағы үшін әкелер пайдасына тоқталып өтсеңіз.

— «Қазақстан Республикасының Газ саласын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған бағдарламасында» атап көрсетілгендей, Ақтөбе облысын газбен жабдықтаудың тағы бір қайнар көзі «Өріктау» газконденсатты кен орнын әзірлеу еді. Өзіңізге белгілі, «Өріктау» мұнайгазконденсатты кен орны Ақтөбе қаласының оңтүстігінен  215 шақырым жерде орналасқан Мұғалжар ауданының қарамағына кіреді. Кен орнында жалпы саны 40 млрд. текше метр газ және 8 млн. тонна сұйық көмірсутегі бар. Соңғы деректерге сүйеніп айтар болсам, болжам бойынша жылына 1,5 – 2 миллиард текше метр газ өндіріледі деп күтілуде.

Өткен жылдың қазан айында ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапарында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында «Өріктау» кен орнын бірлесіп әзірлеу мен барлау жөнінде Меморандумға қол қойылды. Осы кездесу барысында СNPC өкілдерімен «Өріктау» кен орнын бірлесіп игеру, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын толтыру үшін ресурстық қормен қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді. Қазіргі кезеңде Қазақстан мен Қытай арасындағы үкіметаралық келісімге сәйкес тараптар арасында «Өріктау» кен орнын игеру жөніндегі бірлескен кәсіпорын салу мәселелері туралы жұмыстар жалғасуда.

«Өріктау» кен орнының болашағынан үлкен үміт күтеміз. Атап айтар болсам, біріншіден, кен орнының ашылуы халықты жұмыспен қамтыса, екіншіден, облыстық бюджет қоржынын салық есебінен толтырады, үшіншіден, тұрғындарды арзан газбен қамтамасыз етеді. КСРО кезінде, кейіннен 1990-2007 жылдары Ақтөбе облысы өз аймағын газбен толықтай қамтамасыз ете алмағындықтан, Өзбек мемлекетінен газ тасымалдауға мәжбүр болса, 2008 жылдың мамыр айынан бастап облыс өз аумағын «Жаңажол» кен орнының арқасында газбен толықтай өзі қамтамасыз етіп отыр. Жоғарыда айтып кеткенімдей, «Өріктау» кен орны болашақта оңтүстік аймақтарды да көгілдір отынмен қамтамасыз ететін болады.

— Қазақстанның газбен өз жерін ғана емес, сонымен бірге өзге де мемлекеттерді қамтамасыз етуге зор мүмкіндігі бар екендігін айтып кеттіңіз. Осы ретте қазақстандық газды экспорттау жайлы және еліміз арқылы өтетін газ құбырлары туралы не айтар едіңіз?

— Өздеріңіз де білетін боларсыздар, Қазақстан барланған табиғи газ қоры бойынша әлемде 15-ші және ТМД елдері арасында 4-ші орынды иеленеді. Табиғи газға деген сұраныс өз елімізде, сондай-ақ шетелдерде қарқынды түрде өсу үстінде. Біз Қарашығанақ кен орнынан шығатын табиғи газды есептегенде, оны жеткілікті мөлшерде өндіреміз. Егер Қазақстанның газ сату мүмкіндігін, яғни экспорттық әлеуетін айтар болсақ, мүмкіндігі зор деп айтуға болады. Біз газды сыртқа көп мөлшерде тасымалдамаймыз. Еліміздегі газды экспорттауды «ҚазРосГаз» ЖШС бірлескен қазақстандық-ресейлік кәсіпорны арқылы жүзеге асырамыз. «ҚазРосГаз” ЖШС-ның негізгі басым міндеттерінің бірі Қазақстанның ішкі нарығын көгілдір отынмен қамтамасыз ету болып табылады. Бұл үшін біз Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясында орналасқан газ өндіру, газ өңдеу және газ тасымалдау компанияларымен ұзақ мерзімді шарттар жасауға ұмтылудамыз. Ұзақ мерзімді келісімшарттар бізге болашақтағы өзара қарым-қатына­сымызды нығайтуға мүмкіндік береді. Осы орайда халыққа нақты дерек ретінде  «ҚазРосГаз” ЖШС-ның 2009 жылғы таза пайдасы 88,9 млрд. теңгені құрағанын айтып кеткім келеді. Елімізге миллиондаған доллар пайда әкеліп отырған газдың өзге елдерге еуропалық бағамен сатылатынын да атап өткім келеді.

Иә, Қазақстан – көптеген көрші мемлекеттердің сырт елдерге шығуына мүмкіндік беретін транзитті ел. Соның ішінде газ саласына байланысты атап айтсақ, жеріміз арқылы өзбек пен түркіменнің газы Ресей Федерациясына тасымалданады. Былтыр салынған құбырлармен газ Қытайға да барады. Таяу жылдары осы құбырмен 30 млрд. текше метр Орталық Азия газын тасымалдау жоспары бар. Республика аумағынан өтетін халықаралық транзитті «Интергаз Орталық Азия» ЖШС жүзеге асырады. 2009 жылы Қазақстан аумағы арқылы газ тасымалдау 73,2 млрд.текше метрді құрады: оның ішінде ресей газы – 48 млрд.текше метр, түркімен газы – 12 млрд.текше метр, өзбек газы – 13 млрд.текше метр. Ал 2010 жылы еліміз арқылы ресей газы – 44,7 млрд.текше метр, түркімен газы – 10,6 млрд.текше метр, өзбек газы – 15,5 млрд.текше метр. – барлығы 71,1 млрд.текше метр газ транзитін жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы алғанда «Интергаз Орталық Азия» ЖШС-ның 2009 жылғы таза пайдасы 41 млрд.теңгені құраса, 2010 жылы 50 млрд.теңге шамасында пайда алу көзделіп отыр. Шетелдік әріптестеріміз біздің транзиттік мүмкіндіктерімізді жақсы біледі. Себебі Еуропа мен Қытайға газ біздің еліміз арқылы жеткізіліп жатыр.

Ақтөбенің ең басты байлығы — еліміздің мәртебесі биіктей беруі үшін еңбек етіп, ізденіп жатқан ауызбіршілігі мықты ақтөбеліктер. Осындай бай да байтақ өңірдің болашағы жарқын болу үшін еңбек майданында аянбай  тер төгіп жүрген азаматтардың бірі өзіңізсіз. Біз сізді мұнай өнеркәсібінің қыр-сырын терең меңгерген азамат ретінде білеміз, құрметтейміз. Туған жеріңіздің болашағы жайлы не ойлайсыз?

— Ақтөбе жері – бай өлке, алтын да, хром да, мұнай да, газ да, мыс та, никель де, темір де, астық та, тары да, семіз малы да бар аймақ. Бар байлық тек жер асты байлығы емес. Иә, мен сіздермен толық келісемін, өлкенің негізгі байлығы ол аймақтың ардақты асыл азаматтары.  Ақтөбе өңірі – атышулы Әбілқайыр ханның, Әйтеке бидің, XV ғасырдың ұлы батыры Қобыландының, ұлы ойшыл Мөңке бидің, Шернияз, Ақтан, Сары, Саршолақ  сияқты ақын-жыраулардың, дана күйші Қазанғап бастаған сазгерлердің мекені. Мен осындай киелі мекенде туғанымды, ақтөбелік екенімді мақтан етемін. Мен Ақтөбеде дүниеге келіп, оқып, ер жеттім, яғни Ақтөбе – туған жерім, сүйікті елім, кіндік қаным тамған, ата-анам, туысқан бауырларым өсіп-өркендеген жер, маған әрі қасиетті, әрі ыстық мекен. Үлкен өмірге жолдаманы Қазақ геологиялық барлау ғылыми зерттеу институынан алып, қазіргі таңда туған жердің құдіретімен бойыма дарыған қуаттың арқасында елімнің игілігі үшін қызмет етудемін. Тек мен ғана емес, барлық ақтөбеліктер өз еңбектерімен елге көрініп, алда келеді. Қолдан келгенінше, Қазақстанға, Ақтөбеге қызмет ету менің ең басты азаматтық ұстанымым деп мақтанышпен айта аламын. Ақтөбе – дәулетіне сәулеті сай қала. Оның болашағы тек жарқын болуға тиіс. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Ақтөбе облысын республика экономикасының  локомотиві деп атап, Ақтөбенің 140 жылдығы мерекесінде «Өсе бер, өркендей бер, әсем қала Ақтөбе!» деп жоғары баға берген болатын. Тәуелсіз Қазақстан бүгін әлем танитын мемлекет, қазақ деген халық барлық жұрт білетін ұлт болды. Мен де осы үрдіске өз үлесімді қосып жүрген мамандардың бірімін. Алдымызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы келе жатыр. Бұл Ұлы мерекені мен де Абайша айтсақ, «еліне кірпіш болып қаланған», туған жерінің отансүйгіш азаматтарының бірі ретінде лайықты қарсы аламын деп ойлаймын.

Аймақтардың дамуы, оларға көп көңіл бөлу де қазіргі таңда осы жобаларды іске асыруда негізгі бағыт болып отырғаны белгілі. Осы бағытта атқарылып жатқан қандай жобалар бар?

— «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы қызметінің басым бағыттарының бірі – бұл әлеуметтік жобалар, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту. Ардагерлерге, мәдени, білім беру және спорттық іс-шараларға қайырымдылық және демеушілік көмек үзбей көрсетіліп тұрады.

Салауатты өмір салтын қалыптастыруға да біздің компания көп көңіл бөлетіні спортсүйер қауымға белгілі. Бірнеше жылдан бері мемлекеттік әуеской бокс федерациясына, көркем гимнастикаға, велосипед спортына демеушілік көмек көрсетіліп келе жатыр. Қызметкерлер арасында да спорт жарыстары өткізіліп тұрады.

Биылғы жылы 2-7 наурыз аралығында «ҚазТрансГаз» АҚ компаниясында бірінші рет топ бөлімшелерінің арасында Орал қаласының Мұз сарайында қысқы жарыс ойындары өткенін білетін боларсыздар. Жарысқа 180 қызметкер қатысты.  Нәтижесінде «ҚазТрансГаздың» «Аймақ» хоккей командасы «ҚазТрансГаз» Акционерлік қоғамының құрметті кубогына ие болды.

Еліміздің гүлденуі оның азаматтарының білімі мен әлеуметтік  болмысына тікелей байланысты екені белгілі. Сондықтан, біздің компания, әсіресе, білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Сафи Өтебаев атындағы студенттерге арналған жылдық шәкіртақы мен ұстаздарға арналған гранттың ұйымдастырылып тұруы – соның айғағы. Грант алғашқы рет былтыр Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында орналасқан арнайы орта оқу орындарында (колледждер, кәсіби-техникалық лицейлер) бағдарлы мұнай-газ және техникалық пәндердің ұстаздарына ұйымдастырылған. Атап айтар болсам, экология, автоматтандыру және басқару, геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау, мұнайгаз ісі, теңіз техникасы мен технологиясы, органикалық заттардың химиялық технологиясы, қызмет  қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау мамандықтары бойынша берілген болатын. Айта кету керек, бұл мамандықтар тізімі өндіріс мүддесіне сай өзгертіліп отыратын болады. Яғни қандай мамандарға сұраныс көп болса, байқау сол мамандық бойынша ұйымдастырылады. Көпшіліктің қолдауына ие болған бұл байқау енді жыл сайын өткізіліп тұратын болды. Сонымен қатар 2010-2011 жылдары шәкіртақылар мен гранттар саны 15-ке дейін көбейтіледі. Оның ішінде оқытушыларға арналған 5 грант бар.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы Елбасының Жолдауына сәйкес бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту аясында бірыңғай әмбебап спорт алаңдарының бағдарламасын әзірлеп, оны қазір іске асыруда. 2012 жылға дейін елімізде елу спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Спорт алаңдарын тиімді және ұтымды пайдалану үшін оларды жазда футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорттың жаздық түрлеріне, қыста хоккей, мәнерлеп сырғанау сияқты спорттың қысқы түрлеріне – арнап көпқызметті  етіп жасау қарастырылған. Спорт алаңдары сапа, қауіпсіздік параметрлері сақталып , сапасы жоғары арнайы жамылғы мен жабдықтардан, аймақтың климаттық жағдайы мен басқа да факторлары ескеріле отырып жасалады. Біздің Компанияның көздеген мақсаты – спортты жұртшылықтың жасына, тұратын жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлығына бірдей қолжетімді ету. Уимблдонда қолданылатын синтетикалық жабын пайдаланылған теннис және «ФИФА» мен «УЕФА» сертификаттаған футбол алаңы ең кемі 5 жыл мерзімге дейін мүлтіксіз қызмет етеді. Осындай игі істерді басқа да компаниялар қолдайды деп үміттенеміз.

Жалпы алғанда 2010 жылы еліміздегі әлеуметтік және қайырымдылық жобаларына 23,2 млрд. теңгеден астам қаржы аударылады.

Мұнай-газ өндіру саласындағы экология мәселесі, әсіресе, өндіріс маңайындағы жергілікті халықты қатты алаңдатады. Экологияны қорғау бойынша дәл қазір қандай іс-шаралар қолға алынды?

— Иә, экология – біздің саланың ажырамас бір бөлігі.  Оның үстіне, мұнай-газ өндірісі қауіпті өндіріс екені жасырын емес. Табиғат қорғау, соның ішінде газды кәдеге жарату мәселелерін шешуге деген жүйелік көзқарасты қамтамасыз ету мақсатында компанияда 2006-2015 жылдарға арналған Кешенді экологиялық бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылуда. Геоақпараттық технологиялардың негізінде ғарыштық мониторинг жүйесі құрылды, Ұлттық компанияның шаруашылық қызметі аймағының электрондық- экологиялық картасы әзірленді.

Ғарыштық мониторинг жүйесі табиғи орта параметрлерінің өзгерістерін жедел түрде қадағалап отыруға, сонымен бірге кеніштердегі жанып жатқан шырақтардың мониторингін жүргізуге және тиісті әрекет ету шараларын қабылдап отыруға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес еншілес компания «ТеңізСервис» Agip KCO-мен бірлесіп, Атырау облысындағы мұнайдың төгілуіне ден қою базасын салу жөніндегі жобаны іске асырып жатыр. Жоба Қашаған кен орнында және Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі басқа да нысандарда мұнай өндіру кезеңінде мұнайдың төгілуіне ден қою қызметтерін қамтамасыз етуге, персоналды жеткізуге, материалдарды сақтауға және т.б. бағытталған. База мұнайдың төгілуіне ден қою орталығын, экологиялық және метеорологиялық байқау қызметін қамтиды.

Сондай-ақ канцерогендердің шығарындылары ауаға тараған жағдайда халықтың денсаулығына әсер ететіні белгілі. 2003-2006 жылдары өткізілген зауыттарды жаңғырту бензин құрамындағы күкіртті 30 есе, дизельдік отында 40 есе азайтуға  мүмкіндік берді. Бүкіләлемдік қоғамдастық сыртқа шығарылатын зиянды қалдықтарды шектеу үшін евростандарттар енгізу жөніндегі бір шешімге келді. Біздің Үкімет те республикадағы экологиядық ахуалды жақсарту үшін осы жолды таңдап отыр. Біз үшін негізгі мәселе – мотор отынын экологиялық нормаларға сәйкестендіру. Алла жазса, 2015  жылы біздің барлық зауыттар евро-4 деңгейіндегі сапалы өнім өндіретін болады.

Бұл саладағы біздің Компания қызметінің маңызды бағыты – еншілес кәсіпорындарға табиғатты қорғау қызметін ұйымдастыруға әдістемелік және практикалық көмек көрсету болып табылады. Эколог мамандарды оқыту мәселелеріне көп көңіл бөлініп, еңбек және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі семинар-кеңес жыл сайын өткізіліп тұрады.

— Болат Қонақбайұлы, компания қызметі туралы берген тұшымды сұхбатыңызға үлкен рақмет. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге табыс тілейміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button