Әлеумет

ӨТІНІШТЕРДІҢ 70 ПАЙЫЗЫ ОҢ ШЕШІЛЕДІ

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімі өз жұмысын 2000 жылдан бастады. Әу баста бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір мақсатында құрылған бөлім сол үдеден шығып үлгерді. Бұған дәлел — партия жұмысына халықтың ризашылығы. Партияға зор сенім артып келген тұрғындардың талап-тілегі, өтініш-арызы заң тұрғысында орындалып келеді. Мәселенің оң шешілуіне ықпал еткен «нұротандықтар» жұмысына алғыс айтушылардың көптігі сондықтан.

Бізге түскен өтініштердің, шамамен, 70 пайызының мәселесі шешіледі. 2006-2007 жылдары арызданушылар көп болды. Былтыр талап-тілектер салыстырмалы түрде азайды. Ал биылғы жартыжылдықта жазбаша арыз жазушылар саны әлдеқайда азайғаны байқалады. Бұл —  оң өзгерістің нышаны.

Биылдың өзінде бізге өтініш айтқан бірнеше адам пәтер алды. Әрине, баспана проблемасын тек қана «нұротандықтар» шешті деп кесіп айта алмаймыз. Ақтөбе қаласы әкімі Архимед Мұхамбетов пен қалалық пәтерлерді тіркеу бөлімінің бастығы Гүлнұр Аяғанованың көп көмегі тиді, — дейді «Нұр Отан» ХДП АОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мектепбаев.

Ол жыл сайын арыздар мазмұны да өзгеріп тұратындығын айтады. Мысалы, 2008 жылы негізінен зейнетақы, жәрдемақы мөлшері туралы сұраушылар мен тұрғын үй проблемасы көтерілсе, былтыр заңнамалық кеңес сұраушылар мен жұмыссыздыққа байланысты арыздар көбірек болыпты.

ҚАБЫЛДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ

Қоғамдық қабылдаудың рөлі артқан сайын оның әдістері мен формалары да жетілдіріле түсіпті. Бұл жөнінде Амангелді Мектепбайұлы былай дейді:

Бұрын қоғамдық қабылдауды тек аталған бөлімнің меңгерушісі ғана жүргізетін-ді. 2007 жылдың күзінен бері облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары күн сайын сағат 16.00 -18.00-де тұрғындарды  қабылдауда. Парламент Мәжілісі депутаттары жылына екі рет келіп, қабылдау өткізуді дәстүрге айналдырып отыр. Ал 2009 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары айына үш рет қабылдау жүргізіп жатыр. Сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП мен министрліктер арасындағы меморандумға байланысты «Жылжымалы-көшпелі қабылдау» ұйымдастырылуда. Өткен жылдан бастап мемлекеттік автоинспекция қызметкерлерімен бірігіп «Жолдағы қабылдау» өткізу қолға алынды. «Сенім купесі» де —  халықпен байланыс орнатуда соңғы жылдары енгізілген тәсіл. Мамандар Ақтөбе мен Қандыағаш қалаларындағы темір жол вокзалдарында тұрғындарды қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар сенім телефоны (54-51-95) арқылы да көп мәселе шешіледі. Көбіне облыс орталығынан шалғайдағы ауылдардың тұрғындары  байланыстың осы әдісін қол көреді, — дейді қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі.

«Нұротандықтар» «Қазақстан темір жолы» ААҚ-мен бірлесіп, биыл Алға, Мұғалжар, Ембі, Мәртөк, Жайсаңға барып қабылдау жүргізіпті. Қабылдауға барлығы 215 адам қатысыпты, солардың 40 пайызы Мәртөк пен Жайсаң темір жол стансалар, жанындағы шойын жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің жоқ екендігі туралы болған. Әсіресе, Жайсаң ауылындағы жағдай өте күрделі: мектеп пен балабақша темір жолдың екінші бетінде орналасқан. Оқушылар мен кішкентай бүлдіршіндер көпір бомағандықтан қосарланып жатқан бірнеше темір жолды кесіп өтуге мәжбүр. Бұл мәселеге байланысты «Жылжымалы-көшпелі қабылдау» өкілдері «Қазақстан темір жолы» ААҚ-ның тиісті департаменттеріне хаттар жіберген. Соңғы мәлімет бойынша көпір құрылысына 2011 жылы қаржы бөлу қарастырылған.

ҚОЛДАУ МЕН КӨМЕК

Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мектепбаев азаматтардың арыз-шағымдарына, әсіресе, облыстық денсаулық сақтау, білім басқармалары, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және Мұғалжар, Ырғыз, Шалқар, Хромтау аудандары әкімдіктері түсіністікпен қарап, уақытылы жауап бергендігін, мүмкіндіктерінше, мәселені оң шешуге ұмтылғандығын айтады.

«Жаңа үй» ЖШС-іне арыз жазған С. Исмайлова, Е.Өтешовтердің арыздары қанағаттанарлық шешілген. Г.Наурызбаева, Ү.Тілеумағанбетова, Г.Нұрахметовтер жұмысқа орналастырылды. Ал ауыз су проблемасын көтерген Р.Асқаровтың арызы дереу шешілді. Сондай-ақ бірнеше жұмысшыларға жалақылары қайтарылып, 4 адамға емделулері үшін квота бөлінді.

Амангелді Мектепбайұлының айтуынша, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары М.Итеғұлов, Ғ.Нұрышев, Т.Талаева, М.Тұяқова, Д.Довматенко, Қ.Бекенов, Д.Еспаева, Ө.Өтепбергенов, А.Самойленко, Т.Хамитов, Т.Таңатаров, А.Симоновтар азаматтарды қабылдау кезінде өз мүмкіндіктеріне қарай түрлі көмек көрсеткен. Мысалы, Ғ.Нұрышев Ақкемер ауылының ақсақалдарына теледидар алып берді. А.Симонов Ақтөбе мұнай және газ колледжінің оқушысының оқу ақысын төлеген. А.Гооге қамқоршысы жоқ қарияның коммуналдық төлемдерін былтыр жыл бойы өтепті. Д.Еспаева №9 мектеп-гимназияға 2 компьютер сыйлады.

Аудандарда да қоғамдық қабылдау жұмыс жасайды. Онда да біраз проблема шешіліп жатыр. Мысалы, Мәртөк ауданындағы Веренка ауылының тұрғыны Ж.Иманалин жалақысын ала алмай жүргендігі туралы шағымданып, оған еңбекақысы төленді. Алға ауданының тұрғыны А.Бордюганың үйі өртеніп кеткен. «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының араласуымен оған 1 бөлмелі пәтер берілді. Мұғалжар ауданы Ащысай ауылының тұрғыны Г.Нәбиқызы 3 баласы бар, баспанасы жоқ екендігін айтып шағымданған болатын. Мұғалжар аудандық филиалының төрағасы Серік Шаңғұтовтың тікелей ықпалымен оған Қандыағаш қаласынан 2 бөлмелі пәтер бөлінді. Қандыағаш қаласындағы №2 орта мектептің оқушысы О.Домницкий бірнеше рет әншілер байқауына қатысып, жүлдегер болыпты. Бірақ Украинада өтетін халықаралық сайысқа қатысуға қаржы таба алмаған. «Нұр Отан» партиясының араласуымен, аудан әкімдігінің қолдауымен 400 мың теңге берілді.

Былтыр жазда Әйтеке би ауданына қарасты Әйке ауылының тұрғындары өтініш жазды. Онда соңғы кезде тұрғындар арасында көз ауруы күрт көбейгендігі көрсетілген. Біз іле мамандарды жұмылдырып, аталған елді мекенге бардық. Зерттеу нәтижесінде, көз ауруының өршуіне Әйке көлінің тартылуы, соңғы жылдардағы қуаңшылық пен шаң-тозаңның салдары себеп болғандығы анықталды.

Тұрғындар:

«НҰР ОТАНҒА» АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ

Жұматай АЯЗБАЕВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—  «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының облыстық филиалына шексіз ризашылығымды білдіремін. Аталған партияның араласуымен жерге, тұрғын үйге қатысты мәселем шешілді.

Мен — көп балалы анамын, «Күміс алқа» иегерімін. Ақтөбеге Қарғалы ауданынан көшіп келгеніме он шақты жыл болды. Бір баламнан басқасы пәтер жалдап тұрады. Балаларым бұдан 4-5 жыл бұрын жер телімін алуға арыз жазып қойған. Құзырлы мекемеден келген қатынас қағазда жер 2012 жылы берілетіндігі көрсетілген. Пәтер жалдау бағасы қымбат. Жер алып, үй салғанша әлі біраз уақыт күтуге тура келеді. Сөйтіп жүргенде, сәті түсіп, «Геофизик-2» саяжайынан жер алдық. Жердің тиісті құжаттарының бәрін дайындадым. Тек қана үй салу үшін шешім шықпаған болатын. Қалалық сәулет-құрылыс бөлімінің сол кездегі бастығы Шымыр Қарманов: «Үй салуды бастай беріңіз. Сосын шешім шығарамын» деген. Бұдан соң біз алаңсыз іске кірісіп кеттік.  Мүмкіндігіміздің жеткенінше, қолда бар құрылыс материалдарымен үй тұрғыздық. Дегенмен, құзырлы мекеме өкілдері тексеруге келгенде, қолдан соққан кірпіштен үй салу талапқа сай еместігін, соған байланысты 10 күннің ішінде үйді бұзу керектігін айтты. Әрине, баспанамыздың қымбат материалдан тұрғызылғанын біз де қалаймыз. Бірақ оған жағдайымыз жоқ. Сол салынған үйге аз шығындалған жоқпыз. Енді оны бұзу, біз үшін, ақылға сыймайтын әрекет. Содан «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына арыздандым. Сондағы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Аманкелді Мектепбаевқа мән-жайды түсіндіріп айттым. Сенімім ақталды. «Нұротандықтардың» мұрындық болуының арқасында мәселе шешілді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облыс әкімінің орынбасары Александр Дубовенкоға, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен қалалық сәулет-құрылыс бөлімінің бастығы Бөкей Бақытжанұлына зор алғыс айтамын.

Света ЛЕПЕСОВА, қала тұрғыны:

— «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына айтар алғысым зор. Осыдан екі жыл бұрын ипотекалық несие алып, көршімнің үйін сатып алдым. Мақсатым екі үйді қосып, кеңейту еді. Ол кезде өзім де, жолдасым да, анам да, інім де жұмыс істейтін. Дүкенімнен де әжептәуір пайда түсетін. Кіріс көзіне сеніп, несиені 5 жылға алғанмын. Банк бекіткен кесте бойынша ай сайын 167 мың теңге төлейтінбіз. Доллар қымбаттағандықтан 210 мың теңге төлейтін болдым. Оның үстіне, інім жұмыстан қысқартылып қалды. Мен кішкентай баламмен үйде отырмын. Тек қана анам жұмыс жасап жатыр. Несиені уақытында қайтару мүмкін болмады. Қарыз дер кезінде төленбесе, өсімі артатыны белгілі. Содан «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына өтініш айттым. Бүгін, міне, «нұротандықтардың» қолдауымен, «БТА Банкі» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Дания Еспаеваның түсіністігінің арқасында бұрын есептелген өсімақыны төлемейтін болдым. Мұның өзі көп қуаныш.

Сонымен, «нұротандықтар» бар мүмкіндіктерінше, бұқараның талап-тілегін орындап жатыр. Сенімді ақтаған партия өкілдеріне елдің де алғысы шексіз.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button