Әлеумет

Шарапаты көпке тиіп отырған компания

Еліміздің аумағындағы мұнай-газ өндіруші компаниялардың бірегейі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы біздің облысымыздың экономикасында жетекші орын алады. Аймақтың экономикалық көрсеткіштерінің жоғары және  әлеуметтік жағдайлардың тұрақты болуы осы компанияның өндірістік-шаруашылық қызметінің нәтижелеріне де байланысты. Қытайдың ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы ауқымды инвестициялық қызметінің жобаларымен де белгілі. Ол әлемнің осы бағыттағы жетекші корпорацияларының ондығына кіреді. Өзінің жобаларын 30-дан астам елдерде жүзеге асыруда.

Біздің аймақтағы жетекші компания өткен жылы жылдық мұнай өндіруге байланысты 6 миллиондық шепті бағындырды және алда бұл табысын ұлғайта бермек.

Жылдың басында компанияда жұмыс істейтіндердің саны 7,67 мың адамға жетті. Оның ішінде қытай мамандары жалпы жұмыс істейтіндердің 1,4 пайызын құрайды.

Аймақтағы бюджетке бірден-бір қаржы құюшы компания да осы. Тек өткен жылы салықтар мен бюджеттік басқа да төлемдерге салған ақшасы 150 млрд. теңгеге жетті. Ал акционерлік қоғамның компанияда және облыста әлеуметтік мәселелерді шешудегі алатын орны бір бөлек. Ендігі әңгіме осы жөнінде болмақ.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы әлеуметтік мәселелерді уақыттың талабына сай шешіп келеді. Ал бұл — компания қызметкерлерінің және олардың отбасыларына ғана емес, облыстың көптеген тұрғындарының тұрмыстарына да оң әсер етуде. Аталған кәсіпорынның әлеуметтік қызметі еліміздің басшылығы тарапынан лайықты бағаланды. Өткен жылдың қорытындысымен акционерлік қоғам «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік бизнесінің республикалық байқауында «Таңдаулы әлеуметтік жоба» номинациясы бойынша лауреат атанды.

Жыл сайын облыс әкімдігі мен акционерлік қоғам арасында әріптестік және өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылады.

Тек өткен жылы компания  демеушілік-қайрымдылық шараларға 783 млн. теңге жұмсады. Ал үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында салықтар мен бюджеттік басқа да төлемдер 61 млрд. теңгеден асты. Осы кезеңде демеушілік-қайрымдылық мақсаттарға  компания 38,5 млн. теңге бағыттады.

Компания 2010  жылғы Меморандум аясында бірқатар әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асыратын болады. Оның ішінде мәдениет, білім ,бұқаралық және кәсіптік спорт, денсаулық сақтау салаларын және ауылдық аймақтардың инфрақұрлымдарын дамытуға , ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға, облыстағы балалар үйлері мен мүгедектер ұйымдарын қайрымдылық қаржыландыруға 350 млн. теңге бөлді.

Аймақта энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету аясында акционерлік қоғам  мұнайға ілеспе тауарлы газды жылына 1093,1 млн. текше метр көлемде ең төмен бағамен береді. Бұл шарада облыстың тұрғындары мен әлеуметтік нысандарына басымдылық көрсетіледі.

«Жаңажол-КС13» участкесінің іске қосылуымен компанияның өнеркәсіп қуаты артып қана қойған жоқ, мұнымен бірге, ең бастысы, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндіктер туды. Газ құбыры бойындағы Ембі, Жем қалаларына, Юбилейный кентіне, Бірлік, Құмжарған, басқа да ауылдарға көгілдір отын барды. Бұл бір жағынан компанияның газ саудасы бизнесінің қуатты құралы, мұнай-газ өнеркәсібіне енгізілген жаңа қадамдардың мысалы да болды.

Акционерлік қоғам Қазақстанның жаңа астанасы құрылыстарына да өз үлестерін қосты. 2008 жылдың аяғында Астана қаласының Есіл өзенінің сол жағалауындағы «Пекин-Палас» аталған бизнес орталығының құрылысын аяқтады. Бұл қымбат нысан өзінің келбетімен, халықтарды бірлік пен жақындасуға шақыратын мән-мағынасымен  қазақстандық астананың сәулеттік үйлесімінің маржанына айналды. Ғимараттың ашылу салтанатына Елбасы қатысты.

Дағдарысты кезеңде акционерлік қоғам да үлкен қиындықтарға килікті. Әсіресе, өткен жылы орын алған қаржылық ауыртпалықтардың кезінде де, акционерлік қоғам, ағымдағы қажеттерге банкілік несиелер ала отырып, қызметкерлердің жалақысын төлеуді кешіктіріп көрген жоқ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсініп, дағдарыс кезінде компанияда жұмыс жасайтындарды қысқартпады, жалақысын да азайтпады. Қызметкерлердің әлеуметтік жеңілдіктерін сақтады. Өткен жылдың аяғында және осы жылдың басында инфляция деңгейі ескеріліп, қызметкерлердің еңбекақысы арттырылды. Зиянды мамандықтарды атқаратын арнайы тізімдегі қызметкерлерге қосымшалар төленді.

Осы жылдың 1 маусымынан жұмысшылардың еңбекақысын арттырудың бірінші кезеңі жүргізілді. Белгіленген тарифтік  ставка көлемі 20 пайыз ұлғайтылды. Осы жылдың 1 қазанынан жұмысшы қызметкерлердің еңбекақысы 15 пайыз өседі. Осы кезеңде басшылардың, мамандардың және қызметкерлердің жалақысын 10 пайыз көтеру белгіленіп отыр.

Акционерлік қоғамның қолданыстағы ережелеріне сәйкес компанияның қызметкерлеріне сыйлықтар төленеді. Тоқсан сайын ынталандыру шаралары жүргізіледі. «Өдіріс озаты», «Өндіріс екпіндісі» атағымен марапатталған қызметкерлерге, мерейтой иелеріне  ынталандыру ақылары төленеді.

Акционерлік қоғамның ұжымдық шартында кәсіпорындардың қызметкерлерін, еңбек ардагерлерін әлеуметтік қолдау, жеңілдіктер төлеу қарастырылған және бұл шаралар жыл сайын ұлғайып келеді. Ұжымдық шарт-әлеуметтік кепілдік береді. Онда жыл сайын еңбек демалысына шыққанда сауықтыруға материалдық жәрдем көрсету, қоғамның зейнеткерлеріне ай сайын материалдық төлем төлеу, зейнеткерлік жасқа жеткендерге, қайғылы жағдайларға тап болғандарға біржолғы материалдық көмек беру жеңілдіктері қарастырылған. Жаңажолда, Кеңқияқта вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге тегін тамақ беріледі. Төрт және одан да көп балалы отбасыларына, мүгедек балалары барларға, жаңа сәбилі болғандарға материалдық жәрдем беріледі. Құнының 10 пайызын ғана төлеу есебімен қызметкерлердің балаларына «Мұнайшы» балалар лагеріне жеңілдікпен жолдама беріледі. Басқа да жеңілдіктер қарастырылған.

Компания жоғарыда аталғаннан басқа да, қызметкерлерге қызмет көрсетудің шығындарын өтейді. Мәселен, вахталық жұмыс орнына бару-келу барлық жағдай жасалған темір жол көлігі арқылы жүзеге асырылады. Жұмыс кезінде қолайлы жағдайы бар жатақханаларда жатады. Қызметкерлер минералды сумен, сүтпен, жуыну-шайыну құралдарымен қамтамсыз етілген.

2005 жылдың желтоқсанынан қоғам қызметкерлерге тегін тамақ беруді ұйымдастырды. Қазіргі күнде 5100 қызметкер тегін тамақтанады.

Қызметкерлер бұл төлемдерді тікелей табыс ретінде ала алмайды. Алайда компания әлеуметтік шығындарды көтере отырып, әр қызметкердің әл-ауқатының артуын қамтамасыз етеді. Осындай шығындар және Ұжымдық шартта қарастырылған жеңілдік төлемдері әр қызметкерге шаққанда айына 50 мың теңге шамасында құрайды екен.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлердің   әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға байланысты да көптеген жұмыстар жүргізілуде. Вахталық Жаңажол кенті соңғы жылдары қазіргі заманғы, инфрақұрылымы жоғары дәрежеде дамыған кешенге айналды. Мұнда жұмысшы қызметкердің жақсы тұруына барлық жағдай бар.

Акционерлік қоғамның қарамағында «Мұнайшы» санаторийлік сауықтыру кешені 20 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Оған Жұмыс беруші  қаржы бөледі. Жыл сайын жаздық маусымда балалар лагерінде 1350 бала демалады. Ал қысқа қарай «Мұнайшы»—мұнайшылар мен қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны. «Мұнайшы» балалар лагері балалар мен жасөспірімдердің демалысын жазғы маусымда үлгілі ұйымдастырғаны үшін екі мәрте еліміздің Кәсіподақтары федерациясының дипломымен марапатталды.

Еңбек ұжымдарында мәдени-бұқаралық және спорттық-сауықтыру шаралары, жаңа жылдық кеш, өзге де корпоративтік мерекелеулер, балалардың салтанаттары өткізіледі. Жұмыс беруші бұл шараларға да жеткілікті қаржы бөледі.

Әрбір қызметкер үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы жайлы, тұрақты жұмыс орны. Мұнда еңбекақы төлеудің, әлеуметтік жеңілдіктер көрсетудің кепілдігі бар. Сондай-ақ бұл –біліміңді толықтыра түсудің, кәсібіңді жетілдірудің және жұмыс бабында өсудің, қоғамдық өмірде өзіңді көрсетудің де мүмкіндігі. Мұндай жағдай бүгінде облыстың, еліміздің барлық компанияларында бірдей кездесе бермейді. Сондықтан да адамдар осындай әлеуметтік саясат ұстанып отырған акционерлік қоғамға қызметке кіргісі келіп құлшынады.

А.ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button