Жаңалықтар

Сағадат Нұрмағамбетовке мемориалдық тақта орнатылды

Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылы мен С.Нұрмағамбетов көшесінің қиылысында Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі, Қазақстан Республикасының армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған мемориалдық тақта орнатылды.  

С.Нұрмағамбетовке арналған мемориалдық тақтаның орнатылуы батырдың туғанына 95 жыл толуына арналып отыр. Салтанатты рәсімге қатысқан Ақтөбе  қаласының әкімі Ілияс Испанов, әскерилер, қоғамдық бірлестік өкілдері, белсенді жастар мен қала тұрғындары гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.

Қала әкімі І.Испановтың айтуынша, Ақтөбе үшін мерейлі жылда еліміздің қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосқан тұлғаларды ұлықтау мақсатында қаламызда бірқатар шаралар атқарылып келеді. Бұл — сол істердің жалғасы.

Сағадат Қожахметұлы соғыстан оралғаннан кейін түрлі штабтық және командалық лауазымдарда қызмет атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ҚР  Қорғаныс министрі болып  еңбек етті. ҚР Қарулы Күштерінде оған генерал-полковник әскери атағы берілді. Ал 1994 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен оған №1 «Алтын жұлдыз» тапсырылып, Халық қаһарманы атағы берілді.

Мемориалдық тақтаның ашылуында «Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Серік Сейітбай, «Ер-Бақыт» ауған соғысы ардагерлерінің спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаевтар да сөз сөйлеп, Сағадат Нұрмағамбетовтің істерін жалғастыруда бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі мен патриоттық тәрбиесі туралы пкірлерін білдірді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button