Жаңалықтар

Ардагерді отбасында құттықтады

Бақыт Бірлепесов — қаржы саласының ардагері. Ол өзінің саналы ғұмырын банк ісіне арнап, осы саланың білгірі атанып, жиырма жылдан астам Ақтөбе облыстық жинақ банк басқармасы бастығы қызметін абыроймен атқарды. Осындай құрметті азаматтың сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жасын жақында әріптестері, жора-жолдастары, ағайын-туыстары, жекжат-жұрағаттары, әулеті зор қуанышпен атап өтті.

Той үстінде белгілі қаржыгерге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хаты, «Халықтық банктің» облыстық банк басқарушысының құттықтауы тапсырылды.

Облыстық банк саласын басқарып қызмет істеген кезде Бақыт аға жалпы баспасөзбен, журналистер қауымымен де тығыз байланыста қызмет істеді. Сол сыйластық осы кезге дейін жалғасып келеді. Жұма күні «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Республикасы Журналистер одағы Ақтөбе филиалының төрағасы Раукен Отыншин ақсақалдың отбасында болып мерейлі жасымен құттықтады. Биыл шыға бастағанына 95 жыл толғалы отырған «Ақтөбе» газетінің ұзақ жылғы оқырманы, жанашыры ретіндегі еңбегін айрықша атап өтті.

Өз кезегінде мерейтой иесі басынан кешкен өмір деректерін, облыстық баспасөзбен ұзақ жыл тығыз байланыста болғанын әңгімелеп берді. Мәселен, тоқсаныншы жылдары қазақ басылымдарының, соның ішінде облыстық газеттің де таралымы құлдырап, қиыншылыққа киліккенде, ұлтжанды азамат банк саласы тарапынан демеуші болып, қамқорлық көрсеткен болатын.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button