Рухани жаңғыру

Қазақтың қолөнерін аман сақтап қалғандардың бірі

Ұлы даланың жеті қыры

 

Темір ауданының №1 Шұбарқұдық мектеп-гимназиясының технология  пәнінің мұғалімі, қолөнер шебері Нұрлан Жақыбаев ұлтымыздың арғыдан жалғасып, кешегі кеңестік заманда үзілуге айналған қолданбалы қолөнерін ұзақ жылдар бойы қайта түлетіп, шәкірттеріне үйретіп, бүгінге жеткізген  азамат. Ол — ҚР Білім беру  ісінің үздігі, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, әр жылдарда ұйымдастырылған инновациялық-педагогикалық идеялар жөніндегі республикалық фестивальдардың жүлдегері.

Оның жетекшілігімен 120 оқушы түрлі ғылыми іс-шараларда өз жобаларын сәтті қорғап шықты. Оның ішінде 11 оқушы республикалық ғылыми жарыстарда алтын, күміс медаль иегерлері атанып, мемлекеттік білім грантына қол жеткізді, 8 оқушы Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми сайыста алдыңғы үш орынды иемденді, 35 оқушы республикалық және халықаралық шығармашылық конкурстарда жүлделі орындарды жеңіп алды. Н.Жақыбаев — ұлттық өнерді дамытуымен халықаралық ұйымдардың да назарын аударып, марапаттарын иеленген. Олардың ішінде АҚШ, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей сынды елдер бар. Абу-Дабиде өткен халықаралық қолөнер шеберлері фестивалінің лауреаты.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, Н.Жақыбаевтың шығармашылығы қазақтың дәстүрлі қолөнерін сақтауға, дамытып жетілдіруге, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруға бағытталған. Ұлы дала шеберлерінің ұлы мұрасын өз қолымен жасап, сол өнерге шәкірттерін үйретіп жүрген белгілі педагогпен  әңгімеміз қазақ халқының қолөнер құндылықтары туралы болды.

— Қазақтың қолданбалы қолөнері ұзақ жылдар бойы сүйікті хоббиіңізге айналды. Ұлтымыздың ұмытыла бастаған құнды бұйымдарын жасауға машықтана жүріп, осы жолда жүздеген шәкірттер баулыдыңыз. Сіздің осы жолда ұстанған мақсатыңыз қандай — шеберлігіңізді ұштау ма, әлде шәкірттер шығару ма?

— Мен қазақтың қолөнері арқылы жас ұрпақты тәрбиелеймін. Бүкіл ойым— сол жас ұрпақтың ұлттық дәстүрді меңгеруі, тануы, сақтауы, дамытуы. Мақтанғаным емес, мен өзімді қазақтың байырғы дәстүрлі қолөнерін аман сақтап қалған адамның бірімін деп есептеймін.  Соны жалғастырып бүгінгі ұрпаққа жеткіздім, менен көрген шәкірттер оны одан әрмен қарай дамытуға мүмкіндік алды. Яғни менің қазақтың қолөнер бұйымдарын жасаудағы әдістерімді бүгінде шәкірттерім меңгеріп отыр.

— Қолөнер болғанда, қандай бұйымдар жасайсыздар?

— Біздер көбіне қазақтың теріден дайындалатын бұйымдарын жасаймыз. Неге тері? Себебі біз ауылдық жерде тұрамыз, ауылдық мектепте жұмыс жасаймыз. Тері материалдары біз үшін қолжетімді шикізат. Біз оны сатып алмаймыз, қолымызға тегін түседі, ауылда бар нәрсе. Ол терілерді табиғи бояулармен бояймыз. Табиғи бояу — қына, ол да ауылда бар. Ең мықты бояу — қына өсімдігінен алынады. Біздің жеріміздегі қына өсімдігінен алынатын бояуға алматылық шеберлердің өзі қызығады. Өз жерімізде өсетін қынаның  бояулық ерекше қасиеті бар. Мұндай қына өзге жерде өспейді, тек Ақтөбе облысында, жусанның арасында, тастақты қатты жерлерге шығады. Қызыл күрең бояу аламыз. Мұны теріге сіңірген кезде, оны қандай химиялық ертіндіге салса да, өңін жоғалтпайды. Теріден жасалатын бұйымдарға қажетті өзге де материалдар ауылда бар. Мысалы, тобылғы, оны біз қамшының сабына пайдаланамыз. Теріні ыстауға пайдаланылатын жусан даламызда мол өседі. Ыстайтын пешті де қолдан жасаймыз. Өсімдіктен бояу алу үшін кәдімгі қазан-ошақты пайдаланамыз.

— Мұның бәрі өзінше бір цех сияқты ғой?

— Цехтан гөрі, даладағы ғылыми зертхана десе, дұрысырақ болатын шығар. Бұл іспен біз тоқсаныншы жылдардан бері айналысып келеміз, биыл, міне, 30 жыл болады. Тұрақты түрде білім беру саласында, мектептің жағдайында қолөнердің дәстүрлі әдістерін дамытып келемін.

— Теріден қандай бұйымдар жасайсыздар?

— Ыдыстар. Ең алғаш үлкен саба, мес, көнек, басқа да бұйымдар жасадық. Бұл бұйымдарды жасаудың өзіндік технологиясы бар. Ыдыстар жасауды  толық меңгергесін көне жиһаздар жасауға көштік. Мысалы, жағылан сандықтарды, қобдишаларды өмірге әкелдік. Бұл ағаш сандыққа былғары шаптырып жасалады. Бұдан соң теріден үлкен қоржындар жасауды қолға алдық. Қазір біз жаңа бұйымдардың үлгісін жасап жатырмыз. Мысалы, былғары түскілемдер. Қазақта бұрын былғары түскілемдер болған. Қазір оны музейлерден де таба алмайсыз. Теріден жасалатын сондай қазақы бұйымдардың ертедегі жасау әдістерін меңгеріп, соны ғылыми негізде эксперимент жасап, теориясын, практикасын белгілеп, үлкен деңгейде насихат жұмыстары жүріп жатыр. Ол насихат жұмыстары тек облыс, республика көлемінде ғана емес, қазір халықаралық деңгейде көрініс тауып отыр. Мәселен, мен Абу-Дабиде өткен халықаралық шеберлердің фестиваліне қатыстым. Оған бес құрлықтан адамдар келді. Алдымыздан күніге жүздеген адамдар өтеді. Қазақстанның павильонында біз бір ай тұрдық. Сонда, есептеңіз, бір айда қанша мың турист алдымыздан өтті. Бес құрлықтың өкілдері бұйымдарымызды қарап, көріп, ұстап, қызықтап, сатып алды. Сөйтіп біздің қолымыздан шыққан ұлттық бұйымдар әлемнің қаншама  еліне тарады. Шетелдік туристер біздің көне дәстүрлі қолөнерлік бұйымдарымызды, оны жасаудың дәстүрлі әдістерін сақтап қалғанымызға таңданады, үлкен құндылық деп бағалайды. Әлемнің талай елдері мұндай құндылықтарын сақтай алмай, жоғалтып алған, бабадан атаға, атадан балаға жалғаспай үзіліп қалған. Арғыда қолөнері мықтап дамыған көне дәстүрі бар елдердің өзі өндіріске, экономикаға мейлінше ауаланып, мәдениет, өнер саласын ұмыт қалдырған.

— Тек теріден жасалатын ұлттық бұйымдармен шұғылданасыз ба? Өзге ағаштан, темірден жасалатын бұйымдар қызықтырмай ма?

— Ағаштан бұйымдар жасаймыз. Ал темір біз үшін қолжетімсіз. Өзіңіз білесіз, металл қымбат. Ал түсті металдарды, оның ішінде алтынды айтпай-ақ қояйын, күмісті сатып алуға мүмкіншілік жоқ. Оның үстіне металды өңдейтін құрал-саймандардың өзі де арзан емес қой. Тері бұйымдарына қажетті құрал-саймандардай өзіміз қолдан жасай алмаймыз. Ағаштан бұйымдар жасауға да дағдыландық. Металға қарағанда оған мүмкіндік мол. Көбіне бесік, сандық, терезе, ағаш астаулар, ағаш тостаған сынды үй жиһаздарын жасаймыз. Ағашты ойып балаларға өзім үйретемін.

— Сонда бұл бұйымдарға ел ішінде сұраныс бар ма?

— Бұл жерде мәселе сұраныста емес, оқушыларға көрсетуге, насихаттау үшін көрініске қажет. Шатастырмаған жөн, мен кәсіпкер емеспін. Егер кәсіпкер болсам, ешкімнің басын қатырмай, менің шаруам өндіріс болады деп айтар едім. Бұл жердегі мәселе — білім саласы, жас ұрпақ тәрбиесі  болуында. Өзім білетін, меңгерген ұлттымыздың дәстүрлі қолөнерін балаларға үйрету, оқыту — менің бірінші кезектегі міндетім. Шеберліктің ұстаздық, тәлімгерлік жолын ұстанғанмын мен. Қолөнеріне бейімділігі бар әр бала көру арқылы білім алсын деймін.

— Сіздердің қолдарыңыздан шыққан бұйымдар қайда сақталады?

— Шұбарқұдықтағы №1 мектеп-гимназиясында жақында қазақтану кабинеті ашылды. Сол кабинетте менің шәкірттерім жасаған бірсыпыра бұйымдар қойылған.

— Өзіңіз осы мектепте жұмыс істейсіз?

— Өзімнің мектебім. Осында оқыдым, орта білім алдым. Жалпы менің арнаулы орта, жоғарғы, сосын бейнелеу өнері бойынша білімім бар. Ақтөбе индустриялық техникумын, Ақтөбенің Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетін, одан кейін Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының толық курсын бітіріп шықтым. Соңғы аталған оқу орнында қазақтың белгілі ғалымдарынан ғылыми дәріс алдым. Оның ішінде Дәркембай Шоқпарұлы, Ақселеу Сейдімбеков, Әбдуәли Қайдари бар. Сондай этнопедагогика саласындағы көрнекті ғалымдардың шәкірті болдым, солардың бірінің алдынан өттім.  Әсіресе, Сақыпжамал Ұзақбаевадан жақсы білім алдым. Алматыда Дәркембай Шоқпарұлының қасында 10 жыл жүрдім. Қолөнер саласындағы құндылықтарды сол кісіден үйрендім. Ол маған өнерді қалай дамыту керек екенін шегелеп тұрып үйретті.

— Мектептерде қазақтың ұлттық қолөнері арнайы сабақ болып жүре ме?

— Технология пәні арқылы арнайы сабақ болып өтеді. Сосын үйірме бар менде. Менің тобымда әр сыныптан жалпы саны 30-ға жуық  оқушы жұмыс істейді. Үйірмеге 5-сыныптан бастап, 11-сыныпқа дейінгі қолөнерге, ғылымға бейімі бар оқушыларды аламыз.  Мен қазақтың ұлттық дәстүрлі қолөнерін жасаудың шеберімін, сан жылдар іздене жүріп үйрендім, меңгердім. Енді соны жастарға үйретуім керек. Өйткені, ұстазым Дәркембай Шоқпарұлы айтқандай: «Өнер —халықтікі, сондықтан оны жамбасқа баспай,  халыққа таратып қайтару керек. Біздің міндетіміз сол». Оны қайтарудың жолы — практикалық тұрғыдан жасау, екіншісі — ғылыми құндылықтарын ашып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялау.

— Қолөнер бұйымдарын жасаумен әуестеніп, мектепте сол сала бойынша сабақ бере бастағаныңызға отыз жыл болған екен. Содан бері өнерлі қолыңыздан қанша дүние шықты?! Олардың бірсыпырасы  талай музейлер мен көрмелерде тұрған болар?

— Халықаралық деңгейде алғанда, Араб Әмірлігі Абу-Дабиде қалды. Біраз жұмыстар АҚШ-қа кетті. Батыс Еуропа елдеріне тарады. Түркияда да тұр. Ал өзіміздің елде менің және шәкірттерімнің қолынан шыққан бұйымдар Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық мұражайда жәдігер ретінде сақтаулы. Одан кейін өзіміздің облыстық, аудандық мұражайлардың барлығында бар.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button