Әлеумет

Бейнет түбі — зейнет!..

Ақтөбеде 67 781 зейнеткер өмір сүріп жатыр

Әлемде қартайған адамдарды «егде адамдар» деп атайды, ал Қазақстанда қарияларды «зейнеткерлер» деген әлеуметтік санатқа жатқызады. Зейнеткер — қартайғанша еңбек етіп, қартайған соң маңдайының терін төгіп, бейнеттеніп жасаған еңбегінің зейнетін көретін адам.

2009 жылғы деректер бойынша, Қазақстанда 1 662 877 зейнеткер бар екен. Адамдардың бұл санаты, сарапшылардың болжамынша, жылдан-жылға көбейетін сыңайлы. «Қазақстан халықтың қартаюына аяқ басты, жақын арада бұл процесс неғұрлым жеделдейді», — деседі сарапшылар. Дерек бойынша, 1999 жылдың басында халықтың жалпы санының 65 жастағы және одан да үлкендерінің үлесі 6,7 пайыз болса, 2004 жылдың басында 7,4 пайыз болған, болжамға сәйкес, 2030 жылы бұл сан 11,5 пайыз болуы мүмкін.

Басы аман болса, қартаймайтын, әлбетте зейнеткерлік жасқа жетпейтін адам жоқ. Сол кезде зейнетақы рәсімдеу жұмыстарымен айналысуға тура келеді, яғни қарттық немесе зейнеткерлік —  алдымызда күтіп тұрған, айналып өтуге болмайтын көпір. Бұл «көпірдің» ар жағында сандаған сұрақ тұр. «Зейнеткерлікті қалай рәсімдеймін?», «Мен қанша зейнетақы аламын?», «Маған қанша жәрдемақы тиесілі?»…

Бұл сұрақтардың барлығына 1997 жылдың 20 маусымында шыққан, 1998 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңынан жауап алуға болады. Дегенмен, зейнеткерлерден редакцияға түсетін сауалдарда есеп жоқ.

Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының Ақтөбе облыстық филиалының бөлім бастығы Райса Иманқұлова аталған заңға сүйене отырып, оқырмандар сұрағына жауап береді:

— Зейнеткерлікке құжат рәсімдеу қалай жүргізіледі?

— Заңға сәйкес, ер адамдар 63 жастан, әйел адамдар 58 жастан, 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеп өсірген көп балалы аналар 53 жастан бастап зейнеткерлікке шығуға құқылы. Зейнеткерлікке құжат рәсімдеу үшін қолыңызда мынадай құжаттарыңыз болуы керек:

  1. Бекітілген үлгі бойынша арыз.
  2. Жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға рұқсаты, оралман куәлігі).
  3. Алушының жеке әлеуметтік коды.
  4. Салық төлеушінің тіркеу нөмірі.
  5. Банктен есепшот ашу керек.
  6. Мекен-жайы туралы анықтама.
  7. Еңбек кітапшасы.
  8. Еңбекақысы жөнінде анықтама (1995 жылдан бастап қатарынан кез келген 3 жылғы орташа айлық).
  9. Білімі туралы құжат.

10. Әскери билет.

11. Балалардың туу туралы куәліктері (көп балалы аналар үшін).

Заң бойынша, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін ер адамдар үшін 25 жыл, әйел адамдар үшін 20 жыл, көп балалы аналар үшін 20 жыл еңбек өтілі болуға тиіс.

Зейнетақы мөлшері қалай есептеледі?

— Зейнетақы мөлшері әрбір зейнеткердің орташа айлық табысына және жалпы еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Зейнетақы мөлшері орташа айлық табыстың 60 пайызы көлемінде есептеледі және қажетті еңбек өтілінен артық еңбек еткен әрбір толық жыл үшін табыстың 1 пайызына ұлғайтылады. Ең жоғарғы орташа айлық табыс 32 еселенген айлық есептік көрсеткішке тең, бұл 45 216 теңге. Қазір ең төменгі зейнетақы мөлшері — 12 344 теңге. Сонымен қатар қосымша 5981 теңге базалық зейнетақы тағайындалады. 2010 жылдан бастап базалық зейнетақымен қоса алғанда 39 893 теңге болып отыр.

—    Облыста ең жоғарғы зейнетақы алатын қанша адам бар?

—    23 адам бар. Олар 33 912 теңгеден жоғары зейнетақы алады. Бұған 5981 теңге базалық зейнетақыны қосыңыз.

—    Неге аз?

—    Себебі заң бойынша 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі ғана есептеледі.  Бұл жиырма үш қария 1998 жылға дейін 35-40 жыл жұмыс жасағандар. Зейнетақы жүйесінің екі түрі бар — жинақтық және ынтымақтық. Ынтымақтық жүйесі — бізге Кеңес Одағынан қалған «мұра». Ал жинақтық зейнетақы жүйесі бойынша әр азамат айлық жалақысының он пайызын міндетті зейнетақы жарналары үшін төлейді. 1998 жылға дейін кемінде 6 ай жұмыс өтілі барларға осы екі жүйе бойынша зейнетақы беріледі.

—    Мәселен, мен 1998 жылы тек қана мектеп бітірсем,  зейнетақыны қалай аламын?

—    Онда сізге тек жинақтық қордан зейнетақы төленеді. Ынтымақтық жүйе бойынша ештеңе тиесілі емес. Өйткені сіздің 1998 жылға дейінгі еңбек өтіліңіз жоқ.

—    Қазір жасы зейнет жасына жақындаған адамдардың жұмысқа орналасуы өте қиын екендігі белгілі. Зейнетке шыққанға дейін бірнеше жыл, мысалы, 10 шақты жыл жұмыс жасамаған азаматтарға зейнетақы қалай есептеледі?

—    1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап қатарынан кез келген 3 айдың орташа айлығы бойынша есептеледі.

—    «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған зейнеткерлерге коммуналдық төлемдерге қатысты қандай жеңілдіктер бар?

—    Бұл бізге қойылатын сұрақ емес. Десек те, елімізде ана мен баланы әлеуметтік қорғауға айрықша мән беріліп келеді. 2010 жылдан бастап «Алтын алқа» он бала емес, жеті бала тәрбиелеп отырған аналарға, «Күміс алқа» алты бала тәрбиелеп отырған аналарға беріліп жатқаны белгілі. Бұл наградаларға ие болатын көп балалы аналар 8478 теңге мөлшерінде ай сайынғы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.

—    Үш немесе төрт бала асырап отырған жалғызбасты аналарға қандай жәрдемақы беріледі?

— Демографиялық жағдайды жақсарту, халық санының артуына ықпал ету мақсатында төртінші және одан да көп бала туған аналарға 70 650 теңге көлемінде біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ республикалық бюджеттен сәбидің бір жасқа дейін күтіміне байланысты бірінші балаға 7 772 теңге, екіншісіне 9 185 теңге, үшінші балаға 10 598 теңге, төртінші және одан да көп балаға 12 011 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалады.

Ал жұмыс жасайтын аналар босанған жағдайда оларға бала 1 жасқа толғанға дейін төленетін жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы төленеді. Әлеуметтік төлем мөлшері қорға аударылған қаржы көлеміне тікелей байланысты болады, бірақ ол жаңағы айтқан республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақыдан кем болмайды. Әлеуметтік төлем соңғы 24 айдағы орташа айлық табысының 40 пайызы есебінде тағайындалады. Мысалы, орташа айлық табысы 40 000 теңге болса, әлеуметтік төлем мөлшері 16 000 теңге болады.

—    Баланы операциямен босанған әйелдерге қандай да бір жәрдемақылар төлене ме немесе баланың тууына байланысты берілетін жәрдемақыға үстеме қосылмай ма?

—    Заң бойынша жұмыс жасайтын барлық босанған әйелдерге  ортша айлық табысының 4,2 пайызы деңгейінде әлеуметтік төлем берілетін болса, ауыр босанған, операциялық жолмен өмірге бала әкелген немесе егіз бала туған әйелдерге 4,7 пайыз деңгейінде әлеуметтік төлем беріледі.

Жұмыс жасайтын әйелдердің жүктілігіне және босануына байланысты әлеуметтік төлем, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінеді де, ол зейнетақы төлеу орталығы арқылы төленеді. Жұмыс жасайтын әйелдердің бір жасқа толғанға дейінгі сәби күтімі демалысында жүрген кезінде жоғарыда айтқан 10 пайыздық жарна зейнетақылық жинақтаулары жүргізіле береді. Әлеуметтік төлем мөлшері, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған әлеуметтік аударымдарға байланысты екендігін айта кетуіміз керек. Сондықтан жұмыс беруші оны уақытында және дұрыс мөлшерде аударуға тиіс.

—    Мүгедектердің күтушілеріне қандай жәрдемақы беріледі?

—    Оларға ешқандай жәрдемақы берілмейді. Ал барлық мүгедектерге республикалық бюджеттен және әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер төленеді. Биылдан бастап мүгедек баланы туған, асырап алған, сондай-ақ қарауға алған асыраушының, қамқоршының, тәрбиеленушінің кірісіне қарамастан, ол балаға 18 жасқа толғанша ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни 14 952 теңге жәрдемақы төленеді.

—    Ол үшін қандай құжаттар әзірлеу қажет?

—    Белгіленген нысандағы өтініш, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, отбасының мекен-жайын растайтын құжаттың көшірмесі (азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі немесе мекен-жай бюросынан анықтама, ауыл округі әкімінің анықтамасы) мен баланың мүгедектігі туралы анықтама көшірмелері қажет.

—    2015 жылдан бастап ер адамдар зейнетке 68 жастан бастап шығады деген әңгіме бар. Сол қаншалықты рас?

—    Бұл, мүмкін, халық арасында айтылып жүрген бос әңгіме болар. Бірақ бізге оның растығын дәлелдейтін ешбір құжат, ешбір заң жобасы келген жоқ. Сондықтан бұл әңгімеге қатысты алаңдаудың да реті жоқ.

—    Әрбір зейнеткерге зейнетақы төленетін күн белгіленген бе? Ол бұзылған жағдайда кім жауап береді? Мысалы, бізге хабарласқан зейнеткерлер кейде «Қазпоштаның»: «Ақша жоқ», — деп зейнетақы бермей жіберетіндіктерін айтады.

—    Әрбір зейнеткердің зейнетақы алатын күні белгіленген. Зейнетақы ай сайын белгілі бір уақытта республикалық зейнетақы төлеу орталығынан банктерге, «Қазпоштаға» аударылады, ал одан кейін жаңағыдай жағдайлар орын алатын болса, оған екінші деңгейдегі банктер жауап береді.

Дерек:

Ақтөбе облысында жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан 67 781 адам бар. Ал жалпы 233 592 адам әлеуметтік жәрдемақы алады.

Салыстырмалы түрде алғанда Мұғалжар (13 915), Алға (10 505) аудандарында зейнеткерлер көп тұрады. Облыста 23 адам ең жоғарғы зейнетақы алса, 2647 адам төменгі деңгейдегі зейнетақы алады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

4 Comments

  1. Мен өзімнің 3 балам бар тағы 2 бала қамқорлығымда,Мен 53 жасымда зейнеке шға аламба,және зейнетке шыға алатын болсам канша зейнет ақы ала аламын?Мен 1962 ж 1994 жылга дейын кызыл орда обл арал ауданында турдым,экология зейнет акыга косылама?

  2. Саламатсыздарма.Мен Жанаева Камка 10.11.1957ж.Медбике болып жумыс жасаймын .Зейнетке шыкканан бастап ,ари карай неше ай жумыс жасауга болады.Мен жумыс жасагым келеди.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button