Мәдениет

Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді…

«Едіге» жырын зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асановпен сұхбат

— Алдымен Едіге кім және жырдың тарихилығы деген мәселеге тоқталсаңыз?

— «Едіге» жырының басты кейіпкері Едіге — өмірде болған адам. Оның өмірбаянын Еуропа тарихшылары, араб тарихшылары жазып қалдырған. Орыс жылнамаларында бар. Тарихшылардың айтуынша, ол 1352 жылы туып, 1420 жылы өлген. Едіге Тоқтамыс ханның, Ақсақ Темірдің тұсында өмір сүрген. Тоқтамыс, Ақсақ Темір жөнінде көп жазылған. Бұл үшеуі де «Едіге» жырының кейіпкері. Тоқтамыс Алтын Орданы 18 жыл басқарған. Ақ Орда, Көк Орда болып екіге бөлініп тұрғанда, біріктірген, бұрынғы жерлерді қайтып алу үшін күрескен. Ақсақ Темір туралы жырдың қазақ нұсқасында аз айтылады, ал қарақалпақ, татар нұсқаларында көп орын берілген. Еуропалықтар, орыстар Ақсақ Темірді мақтайды, өйткені ол Алтын Орданы қиратты ғой. Соның арқасында орыстардың бостандық алуына мүмкіндік туған.

Ер Едігенің үлкен еңбегі сол — іргесі сөгіле бастаған Алтын Орданы қалпына келтірген. 1398 жылы Литваның, Польшаның, Батыс Ресейдің біріккен армиясы Алтын Орда аумағын бөліп алмақ болған. Алтын Орданың ханы Темір Борсықты деген жерде, қазіргі Қазақстанның батысының Ресеймен шектес аумағында кездескен. Еділ мен Жайық арасында ұлысты басқарып отырған Едіге осы соғыста керемет ерлік көрсеткен. Үш жыл бойы дайындалып келген еуропалық әскерді тас-талқан етіп, Киевке дейін қуып барады. Мұны тарихшы Карамзин «Мұндай жеңісті Бату да, Шыңғыс хан да көрген жоқ» деп жазады. Бұл түркілер үшін шешуші майдан болған еді. Тоқтамыс ханның тұсында әскердің сол қанатын басқарған Едіге Мәскеу княздығы Алтын Ордаға шарт бойынша төленетін салықты төлемей қойғанда, әскер басқарып барып төлеткен. Жалпы тарихта орыс патшасына екі рет салық төлеткен.

Өкінішке қарай, бізге Алтын Орда тарихын кері түсіндіріп келді, моңғолдарға қатысты деп. Алтын Орданың аумағы, жері осы біздің жер — Ресейдің шығысы мен Қазақстанның батысы.

Міне, осындай қаһарман адам кейін аңызға айналып, содан «Едіге» жыры туған.

— «Едіге» жырының зерттелуі қалай?

— Жалпы жыр — түркілердің жыры. Қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек, түрікмен және басқа түркі халықтарына ортақ жыр. Кешегі кеңестік дәуірде тыйым салғанға дейін осы халықтардың бәрі жырлаған. Тек қазақтың өзінде 14 нұсқасы бар. Негізінен Шоқан, Нұрым, Нұртуған нұсқалары кең тараған. Шоқан нұсқасы 1400 жол ғана. Ең көлемдісі қарақалпақта — 16328 жол. Мұны Қияс нұсқасы деп атайды. Олардағы Өтенияз нұсқасы 14 мың жолға жақын. Нұсқаның көлемі ғана емес, саны жөнінен де «Едіге» жыры бірінші орында тұр. 50-ге тарта нұсқасы бар екен түркі халықтарында.

Алғаш рет 1820 жылы зерттеуші Григорий Спасский «Сибирский вестник» деген журналда жариялаған. Атақты Жирмунский тереңірек зерттеп, «Сказание об Едиге» деген еңбек жазған. 160 беттік көлемді туынды, бірақ оның 30 шақты беті ғана Едігеге арналған. Ол кісі көп білген ғой, бірақ саясаттың ыңғайына қарай тереңдей алмаған. Тек жырдың нұсқалары мен басылымдарын, жырдың әртүрлі типтологиялық ұқсастықтарын қараған.

Платон Мелиоранский, Александр Самойлович, Петр Фалев, Виктор Жирмунский, қазақ ғалымдарынан Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев. Мұхтар Әуезов, Рахманқұл Бердібай, Сейіт Қасқабасов, Сұлтанғали Садырбаев, Шәкір Ыбыраевтар жыр туралы әр заманда құнды пікірлер айтқан. Осы секілді жарияланымдар болды, бірақ нақты зерттеуге ешкім бара қоймады. Әрбір нұсқасы шыққан сайын тек кіріспе сөздер жазылып отырған. Татар нұсқасына кіріспені академик Самойлович, қарақалпақ нұсқасына Фалев жазған. Бізде Шоқан Уәлиханов жыр нұсқасын қағазға түсіріп, баспаға дайындаған. Соған кіріспе жазған. Үлкен зерттеу болмағанмен, мықтылар назар аударған. Кезінде Мұхамбетжан Тынышбаев та аздап атап өткен. Сәтпаев 1927 жылы «Едіге» жырын Мәскеуде бастырған. Кіріспе сөзінде тіл мамандарына, әдебиетшілерге пайдалы ғылыми із қалдырған. Әлкей Марғұлан мен Қажым Жұмалиев 8-сыныпқа арналған әдебиет оқулығына енгізген. Осының өзі үлкен батылдық еді. Жыр осылайша зерттеле берген уақытта тыйым салды, кедергілер болды. Үлкен монографиялық зерттеулер жазылмады.

— «Едіге» жырын халықтан не үшін алшақтатты?

— Түрлі-түрлі себептері бар. Біріншіден, Кеңес үкіметі кезінде Алтын Орданы жамандады. Ал Едіге — Алтын Орданың батыры. Екіншіден, Едіге екі рет Мәскеуге жорық жасады. Осыны халықтар достығына зияны тиеді деп сылтауратты. 1947 жылы Коммунистік Партияның Орталық Комитеті «Татарстан партия ұйымы бұқаралық-саяси және идеологиялық жұмысының жайы мен оны жақсартудың шаралары туралы» қаулы алып, сонда «Едіге» эпосын қатты сынады. Қаулыда эпосқа өткен заманды дәріптеушілік, басқыншылықты ақтау бар деген күйе жағылды. Бірте-бірте Едігенің ерлігін айтуға басқа республикаларда да тыйым салынды.

Бұрынғы кеңестік республикалар ғалымдары тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін «Едіге» жырын қайта қолға алды. Татарлар тәуелсіздікке дейін-ақ 1988 жылы «Идәгә» атты кітап шығарған. 1999 жылы татар ғалымы Фатых Урманче Қазандағы «Фән» баспасынан «Народный эпос Идегей» деп аталатын көлемі 12 баспа табақ монографиясын жариялады. Қарақалпақтар, өзбектер бірнеше рет жырды кітап етіп бастырып, аз да болса зерттеулер жасады.

1994 жылы Едіге Мағауин жырдың Шоқан нұсқасы бойынша «Едіге» жырының тарихилығы және көркемдік ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1995 жылы Шәкір Ыбыраевтың «Эпос әлемі» деген іргелі еңбегі баспадан шықты, онда Едіге және оның ұрпақтарына байланысты ой-пікірлер айтылған. 1996 жылы «Ғылым» баспасынан филология ғылымдарының докторы Оразгүл Нұрмағамбетованың құрастыруымен «Едіге батыр» деген жинақ жарық көрді. Рахманқұл Бердібаев жырдың нұсқаларын қарастырып, қысқаша мазмұндарын салыстырды, кімдер зерттеді деген мәселені көтерді.

2006 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Бабалар сөзі» сериясының 39-томына «Едіге» жырының бірнеше нұсқасын енгізді. Аталмыш институт 2008 жылы шығарған «Қазақ әдебиетінің тарихында» «Едіге» атты мақала беріліп, жырдың нұсқалары, жанры туралы татымды пікірлер айтылған.

Зерттеу барысында қиын мәселе оның жанры болды. Мұхтар Әуезов жырды батырлар жыры, оның ішінде аға батырлар жырына жатқызған. Бірақ аса дәлелдер келтірмеген. Басқа ғалымдар өзгеше пікірлер айтқан. Сондықтан жырдың жанры негізінен ұзақ қаралды.

— Сіз қай жанрға жатқыздыңыз?

— Мен қаһармандық эпос дедім. Ғылым академиясында талқыланды, айтыс болды. Бірқатар ғалымдар қаһармандыққа жатпайды, мұнда ел қорғау жоқ дегенді айтты. Әдетте қаһармандық эпостарда басты кейіпкер бай болып, барша мұратына жету керек қой. Ал жырда Едіге өліп қалады. Осыған байланысты біреулер жанры туралы қарсы пікірлер білдірді. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында талқылау болды. Ақыры таза қаһармандық емес, тарихи-қаһармандық эпосқа жатқызу керек деген түйінге келді. Осылай қабылданды. Осыны дәлелдеп шықтым.

— «Едіге» жыры түркі халықтарының әрқайсысында бар дейсіз. Оларда айырмашылықтар бар ма?

— Әрине, айырмашылықтар бар. Мәселен, қазақ нұсқасындағы 14 варианттың әрқайсысы әртүрлі. Сол секілді түркі тектес халықтардың «Едіге» жырлары да ерекшеліктерімен көрінеді. Бірақ негізгі ұстын сақталаған. Бәрінде де айналып келгенде, «Едіге деген ер еді, елдің қамын жер еді. Ел шетіне жау келсе, мен барайын дер еді» болып келеді.  «Еділ тоңса кім өтпес, Едіге өлсе кім келмес» дейді. Халықтың жоқтауы ғой. Едіге өлгесін Алтын Орда ыдырады, жау қаптады. Ал Едігенің тұсында сыртқы жаулардың ешқайсысы бата алмаған.

— Бізге қатысты жер-су аттары бар ма?

— Бар. Жырда «Қарғалы, Елек бойында» деп келетін өлең жолдары кездеседі.

— Зерттеу барысында қандай ғылыми көздерді қарастырдыңыз?

— Уфаға бардым. Қорларды қарадым. Қазанға бардым, сондағы нұсқаларды салыстырдым. Қарақалпақ, өзбек кітапханалары мен архивтерін араладым. Жергілікті тұрғындардан сұрадым. Үргеніш қаласында болғанымда өзбекше екі нұсқасын алдым. Бір қызығы, Қарашай-Черкес республикасында Тоқтамыс ханға қатысты жер-су аттары бар. Черкесск қаласынан 20 шақырымдай жерде Тоқтамыс ауылы деген елді мекен бар. Кубань өзенінің бір тармағы «Тоқтамыс суы» деп аталады.

— Өзге елдер ұлт зиялыларының ықыласы қалай болды?

— Әртүрлі. Ноғайларға барғанда Едігені қызғанды, алып кететіндей. Қазтуған, Доспамбетті алып кеттіңдер деген сияқты сөздер айтты. Негізі «Едіге» барлық түркіге ортақ жыр ғой. Алтын Орда ыдырағасын хандықтарға бөлініп кеттік. Сондықтан әрбір түркі халқы өзіне тартады. Жалпы бір ұлттың, халықтың ауқымында қалып қоюға болмайды. Башқұрттардың жәрдемі көп болды.

Ұлттық мәдениет, әдебиет дегенде татарлардың рухы биік екені көрініп тұрды. «Едіге» жырын жинақтап, қайта-қайта бастырып жатыр. Орысшаға аударған. Орыс тіліне аударған адамға бірден «Татарстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» деген атақ беріпті. Олар ұлы жырдың бағасын біледі. Едігеге көзқарастары бөлек. Маған жырдың әртүрлі нұсқаларын тауып берді, архивтеріне жол ашты. Қарақалпақтарда да күні кешеге дейін көп жырланған. Оларда фольклор күшті дамыған. Ғалымдарының өзі айтады, Едігені жырлағанда жаңбыр жауатын еді деп.

— Едігенің ұрпақтары бар ма?

— Неге болмасын? Едігенің ұрпағы Нұраддин, одан бері Орқаш, одан бері Мұса хан. Мұсаның отыз баласы болған. Содан тараған ұрпақ жоғалып кетті дейсің бе? Ал оның өмір сүру уақытымен қарағандағы тікелей, ең жақын ұрпақтары Орақ, Мамай, Қарасай, Қазидан тараған ұрпақтары да жүр ғой арамызда. Оны кім зерттеп жатыр?  Ресейдегі князь Урусов, князь Шайзаков, князь Юсуфовтар —Едігенің ұрпақтары. Князь Юсуфов өзінің нешінші ұрпағы екеніне дейін жазып кеткен, фотосуреттерін қалдырған. Ноғайлар арасында да бар. Тек Ресейде ғана емес, қазақтардың арасында да ұрпақтары жоқ деп кім айтады. Шежіре бойынша арғы атасы Мұса хан болып келетін Қалудан тараған Айт пен Бұжырдың балалары осы өлкеде жүр. Сарыдан өрбіген ұрпақтар арамызда бар. Ал осы Қалу мен Сары есімдері «Телағыс» деген жырда 4-5 жерде аталады. Ноғайлы нұсқасында да Қалу мен Сары жүр. Татарлардың шежіресін қарадым, онда да бар.

— «Едіге» жырына келуге не себеп болды? Тақырып ауыр ғой. Докторлықты қорғай алмай қалуыңыз да мүмкін еді ғой…

— Жыр зерттеусіз, ғылымда қаралмай келді. «Едіге» жырына дейін менде Мұқтар Мағауиннің шығармашылығы бойынша тақырып та, материалдар да дайын еді. Бірақ Мағауинді зерттеушілер табылар деп шештім. Ал Едігеден диссертациямды қорғай алмай қалсам да монография, зерттеулерім қалар деп ойладым. Едіге қалып қоймаса деген ой ғой менікі. Бала кезден шежіреден Едіге туралы естіп, жырды жаттап өстік. Әлгіндегі Қалуды естіп өстік. Осының бәрі әсер етті. Сосын Едіге Мағауиннің кандидаттық диссертациясы да себеп болды. Тәуекел еттім.

— «Едіге» жырының маңызын айтсаңыз. Едіге бізге не үшін керек?

— «Едіге» жыры — түркілердің басын қосатын, бірлігін нығайтатын, өткен тарихын білдіретін жыр. Түркі халықтарының бірлігі болса, экономика дамиды, мәдениеті жақындасады, өзара байланыс күшейеді.

Үргенішке барғанда қызық болды. Ғылым академиясының өзбек әдебиеті кафедрасын Гафхар Ұщанова деген әйел басқарады екен. Бірде ол: «Әй, біз екеуміз бірге туғанбыз. Мен — қыпшақпын. Ақтөбеде де қыпшақтар бар. Сол қан менде де бар. Бізде қоңырат көп. Шымкенттегі қоңыратпен бірге туғанбыз. Аты-жөнімді қазақшаға аударсақ,  Гауһар Есжановамын» — деп мені өзіне тартты. Бауырластық, туыстық деген осы. «Едіге» жыры да осыған жетелейді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button