Жаңалықтар

Еңбек қауіпсіздігі қатаң қорғалады

Брифинг

Биыл «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялануына орай   еңбек қауіпсіздігі саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылау күшейтілетін болады.

Соңғы жылдары облысымыздағы жұмыс орындарында жазатайым оқиғалар көбейіп кеткен.

Осы мәселе бойынша жұмыс беруші тарап  өкілдерімен кездесу өткізген Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаев жазатайым оқиғалар болған жағдайда жұмысшылардың   еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы  кемшіліктерді атап, еңбек қорғау ережелерін ескермеген жауапты тұлғаларды сынға алды.

Өткен жылы облыс бойынша  97 жазатайым оқиға тіркеліп, 103 адам жарақат алса, оның 14-і қаза болды. Мұның өзі өндірістік жарақат алған, өлімге әкелетін жазатайым оқиғалар азаймағанын көрсетеді.  Бұл — статистика. Бірақ статистиканың артында адам өлімі тұр. Ұзақ жыл бір мекемеде жұмыс істеп, жазатайым оқиғадан мүгедек болып қалса, алатын жалақылары да азайып қалады. Басқа жеңіл жұмыспен қамтамасыз еткеннің өзінде, отбасын асырайтын табысы төмендейді. Заң халық үшін қабылданады. Осындай жағдайларда заңгерлер жұмысшылардың құқықтарын қорғап, жұмыстар жүргізу керек. Егер бір адам жазатайым оқиғаға ұшырап мүгедек болып қалса жұмыстан шығарып жібереді. Мұндай жағдайға тап болған байырғы жұмысшыға ұжым болып көмектесуіміз керек. Оның тұрмысы, жағдайы туралы басшыға айтып отыру қажет, — деген басқарма басшысы әр жұмысшыға жанашырлықпен қарау керектігін айтты.

Оның айтуынша, биылғы жылдың өзінде 16 жазатайым оқиға орын алып, 2 адам қайтыс болды. 12 адам ауыр жарақат алды. Олардың ішінде әйел адам да бар. Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті ҚР Қылмыстық Кодексінің 156-бабына сәйкес («Еңбек қауіпсіздігі ережесін бұзу») 13 қылмыстық іс қозғаған.

Кездесуде жұмыс берушілерге өндірістік жарақаттардың алдын алу және оларды болдырмау үшін шұғыл жүйелік шаралар қабылдауды және «нөлдік жарақаттануды» қалыптастыру жөнінде ұсыныстар айтылып, оларды орындау шараларын жүргізу тапсырылды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button