Рухани жаңғыру

Жылтырда көкпар командасы бар

Ұлы даланың жеті қыры

Жылтыр ауылының жігіттері ат спорты бойынша жылдың әр мезгілінде түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырды. Жақында көкпар командасына ат қою рәсіміне орай ауыл маңында үлкен дүбірлі жиын өтті. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, меймандарға арналып қонақасы берілді.

— Бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мен Жастар жылына орайластырылып отыр. Ауылымыздың ауызбіршілігі осындай ортақ істерде көрінеді. Осы тұста Жылтырда туып-өсіп, бүгінде жырақта жүрген азаматтардың да көмегін айта кетуіміз керек, — деп барша ауылдастарына алғысын білдірді Шалқар ауылдық округінің әкімі Қаржаубай Қалжан.

Осы мерейлі сәттің мейманы болған ҚР Аударыспақ федерациясының президенті, жылтырлық көкпаршылардың жанашыры, жерлесіміз Данияр Қобыландин: «Үлкен қалалар мен кейбір облыс орталықтарында ат спортынан болмаған шаралар өзіміздің туған жеріміз Шалқардың шағын ауылында жүзеге асып жататынын көріп, марқайып қаламыз. Бүгінгі басқосудың мәні зор, мақсаты ұлттық болмысымызбен үндеседі», — деп ақжарма тілегін білдірді. Бұл пікірді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Жұманов та қуаттап, ұлттық спортқа ден қойып жатқан ауыл жігіттеріне ризашылығын білдірді.

Далалықта өткен салтанатқа жиналған қауым жылтырлық көкпар командасының жаңа есімін естуге асықты. Көп ұзамай сахнадан көкпар командасы енді  «Әлім ата» болып аталатындығы ресми түрде жарияланды. Осы ауылдың ардагерлер ұйымының төрағасы Орынбасар Жұбаев, ауыл үлкені Уайс Ахмет: «Әлім ата — қазақ халқын құраған белді тайпалардың бірі. Шежіре бойынша Кіші жүз құрамына енеді. Енді күллі қазақ еліне ортақ бабамыздың есімін алып жүру көкпаршыларымызға үлкен жауапкершілік жүктейді», — деп оларға зор сенім артып, баталарын берді.

Жаңа есімді иеленген көкпар командасының құрметіне орай  көкпар, аударыспақ, жамбы ату, аламан, құнан бәйгелері, қошқар көтеруден сайыстар өтті. Аламан бәйгеден бірінші орынды Мөңке би ауылдық округінен келген Нұрбек Берімбетовтің тұлпары иеленді, жылтырлық Жолдымұрат Жұбаев қосқан сәйгүлік құнан бәйгеден бірінші келді. Қошқар көтеруден осы ауылдың жігіті Мағжан Исағали алғашқы орынға шықты. Жүлдегерлердің барлығы ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпаттар  алды.

— Біздің ауылдың жігіттері ұлттық ат спортын дамытып, болашақта республикалық додаларда бақ сынауды көздеп отыр. Қазірдің өзінде облыс атынан шығып, аталған спорт түрлерінен еліміздің түкпір-түкпірінде өтетін додаларға қатысып жүрген жігіттер бар. Ауылдасымыз Данияр Мейрамбек жақында көкпардан республикалық ашық біріншілікке қатысатын команданың іріктеу құрамында болып, Тараз қаласында 20 күн әзірліктен өтіп қайтты. Бүгінде ол аталған команданың резервінде тұр. Сондай-ақ, Алтай Сүйеубай аударыспақтан спорт шебері атанды.  Қаныбек Жансүгіров, Данияр Мейрамбектер аударыспақтан спорт шеберлігіне үміткерлер.

1968 және 1997 жылдар аралығында туған жылтырлық азаматтар бүгінгі шараға демеушілік жасады. Алда ауылымызда  ат спортынан аудандық, облыстық деңгейде өтетін додаларды ұйымдастыру жоспарда бар, — дейді Жылтыр ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Мұратбек Үбіниязов.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button