Жаңалықтар

Кеңес мүшелерімен кездесті

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамымен кездесті.

Қоғамдық кеңес облыстық мәслихаттың 1 наурыздағы шешіміне сәйкес құрылған болатын. Кеңес құрамы 38 мүшеден тұрады. Құрамына саяси партия филиалдарының төрағалары, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері мен ғалымдар енді. Кеңес мүшелері  түрлі бағыттар бойынша 6 тұрақты комиссия негізінде жұмыс жасайды.

Бұл — біздің алғашқы кездесуіміз. Сіздерді өздеріңіздің азаматтық ұстанымдарыңызбен қоғамдағы үлкен мәселелерге жанашырлықпен қарайды деп есептеймін. Сол үшін де сіздерді қоғамдық кеңеске мүше ретінде сайлады. Сондықтан алдағы уақытта  көп мәселелерді өз іштеріңізде талқылап, шешетін мүмкіншіліктеріңіз де бар. Былтыр жыл соңында елімізде қоғамдық кеңестердің үш жылдық тәжірибесі қорытындыланып, біраз ұсыныстар енгізілген болатын. Сондықтан да біз кеңес мүшелерімен жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек.

Жақында облыстық басылымдарда өңірді дамыту жоспарына қатысты мақалам жарияланды. Бұл жоспар тұрғындардың ұсыныстары мен әлеуметтік зерттеулер нәтижелеріне негізделген. Мен осы құжатта қарастырылған облысты дамыту шараларына қатысты ұсыныстарыңыз бен ойларыңызды естігім келеді, — деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин қоғамдық кеңес құру мәселесі Елбасының «Ұлт жоспары — 100 нақты қадам» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылғанын, соның нәтижесінде әр деңгейдегі әкімдердің халықпен тығыз байланыста болып әрі кері байланыс жасауына негізделгенін атап өтті.

Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Бағлан Баймағамбетов облыс әкіміне кеңестің жаңа құрамымен кездесуге бастамашылық еткені үшін алғыс білдірді. «Біз ынтымақтас болып, яғни билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың тиімді арнасы болуға дайынбыз», — деді ол.

Кездесуде кеңес мүшелері облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында өздерінің ой-пікірлерімен бөлісіп, биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспарын талқылады. Атап айтқанда, олар ауылдарды газдандыру, бюджет қаражатын үнемдеу, жол құрылысы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарды алға тартты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button