Жаңалықтар

Үлгі жолын ұсынған

МЕРЕЙ

Өмірде ешкімге міндет артпайтын, өз ісін жетік біліп, жұмысын жоғары деңгейде атқаратын сырбаз жандар болады. Мен солардың қатарында өзімнің замандас жолдасым Жолдыбай Түменовті атар едім. Оның байланыс саласындағы жарты ғасырлық еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болғандай.

Мен оны сонау балалық шағынан бері білемін десем, еш қателеспеймін. Ол Шалқар қаласының іргесіндегі жетінші ауылда дүниеге келіп, кішкентайынан шаһар көріп өсті. Мен ар жағындағы алпыс шақырымдай ауылда туып-өскеніммен қалаға жиі келетінмін. Осында тұратын інім Еламанмен жолдастығы бар екен. Сол қарым-қатынас бізді жақындата түсті.

Жолдыбай Шалқар қаласындағы №1 мектепті 1956 жылы бітірді. Талапты жас сол кезде арман құшағында алыс жолға аттанды. Ташкенттегі байланыс институтына оқуға түсті.

Мен әуелі Ақтөбедегі теміржол техникумын бітіріп, сосын Ташкенттегі теміржол институтында білім алуды жалғастырдым.

Ташкент біздің жастық шағымыздың қаласына айналды. Әсем қаланың көрікті жерлерін бірге аралап, кинотеатрларға бірге баратынбыз.

Дипломды байланысшы маманды елде құшақ жая қарсы алды. Сол тұстарда Байланыс министрінің пәрменімен Шалқар, Ырғыз және Мұғалжар аудандарының еншісіндегі байланыс жүйелерін бақылайтын техникалық пайдалану торабы пайдалануға беріліп, Жолдыбай Аққожаұлы сол мекемеге басшы болып тағайындалды. Ол қалтарысы көп саланың сан алуан қырларын игере жүріп, өзінің іскер маман екенін таныта білді. Ізденіс жасай жүріп, 1966 жылы Шалқар қаласында көгілдір экранның халық игілігіне берілуіне тікелей ұйытқы болды. Сол уақыттарда ел тегіс қуанып, Жолдыбайға алғыстарын айтқаны күні бүгінгідей жадымда. Міне, оның өзіне де елу жылдан асыпты.

Бұл шаруаны жүзеге асыруда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Төлеу Алдияровтың қолдауы болғанын да айта кеткен жөн.

Бір айта кететін жайт, ол кезде Қазақстанның 19 облысының онында ғана телевизия хабарлары көрсетілетін.

Ал бір жылдан соң Шалқар қаласында 500 нөмірлік автоматты телефон стансасының орнатылуы да ерекше жағдай болды. Осы істің де басы-қасында Жолдыбай жүрді. Қазір айтуға оңай болғанымен, соның бәрі уақытында ертегі сияқты қабылданды.

Сол жылдары Шалқардан Ырғызға телебейне хабарын беру қадамы жасалды. Ол үшін Талдысай бекетінде биіктігі 50 метрлік мұнара көтеріліп, сол төңіректегі елді мекендердің барлығы қуанышқа бөленді.

Жолдыбай Түменовтің өміріндегі тағы бір айтулы жаңалық — оның 1978 жылы КСРО Байланыс министрінің жарлығымен Ақтөбе электробайланыс техникумының алғашқы директоры болып тағайындалуы еді. Осы тізгінді жиырма екі жыл бойы тапжылмай ұстаған ол арнаулы оқу орнын қалыптастырып, алдыңғы қатарға шығарды. Техникум ғимараты, жатақхана аумағы мұнтаздай таза ұсталды. Аула ішіне ақ қайың, қарағаш, терек, шырша егілді.

Осы кезеңде Жолдыбай жетекшілік ететін техникум республикадағы салалас оқу орындары арасынан жастарға кәсіби білім мен рухани бағдар беруде жаңа бағыттарға қол жеткізді. Осында байланыс саласының көптеген білікті мамандары даярланып шықты. Оқу мен тәрбие жұмыстары сабақтастырыла жүргізіліп, білім сапасын көтеруге ұдайы көңіл бөлінді.

Оның еңбегі жоғары басшылық тарапынан бағаланып отырғанын жақсы білемін. Сан түрлі марапаттауларға ие болды. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты. «Құрметті байланысшы» атағы және бар.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де өзі басқарған ұжымда еңбек етті. Техникум да, өзі де үлкен абыройға бөленді. Бұрындары бұл оқу орнын көпшілік «Жолдыбайдың техникумы» деп атайтын. Соның өзі неге тұрады?!

Еңбектің еленуі — кім-кім үшін де үлкен абырой. Өзі зейнет демалысында болса да, ұзақ жыл қызмет істеген, басшылық жасаған ұжымы ұмытпайды. Әлі күнге дейін түрлі шараларға, салтанатты жиындарға шақырып тұрады. Тіпті былтыр ғана сексен жылдық мерейтойы колледжде атап өтілді.

Жолдасымның осындай қуанышты да мәртебелі сәтінің куәсі болғаным менің көкірегімде мақтаныш сезімін оятты. Колледждің қазіргі басшысы ол туралы үлкен баяндама жасап, атқарған еңбектерін жан-жақты талдап айтты. Ұжымның атынан қомақты сыйлықтар ұсынды, арнайы марапаттарын жасады.

Колледждің алғашқы директоры Жолдыбай Түменовтің атында кабинет-музейі ашылуы бәрімізді тебірентті. Сол бөлмеде техникумнан колледжге дейінгі жүріп өткен жолдар, қол жеткен жетістіктер, бірінші басшының тұсында алынған марапаттар, басқа да әр түрлі маңызды құжаттар, басылымдар материалдары жинақталған. Кабинеттің кілті ардагер азаматқа тапсырылуын көпшілік қол соғып қарсы алды. Дәл мұндай марапатты мен бұрын-соңды көрген емеспін.

Негізі адамның бақыты — отбасында. Жолдыбай Аққожаұлы қызметінде беделді басшы, ал шаңырақта тірек бола білді. Болашақ жары жайсаң Жақанды өзінің Шалқарынан тапты. Белгілі үй болды, перзент сүйді, екеуі бес балаға ата-ана атанды.

Беріректе сүйікті жар Жақан сырқатқа шалдыққанда Жолдыбай қызметінен қалмай жүріп, оны аялады, басына жастық, аузына сусын бола білді.

Бүгінде Жолдыбай он бір немере мен жеті шөберенің атасы. Үлгілі істері көпшілік аузында жүрген, сөзі пәтуалы ақсақал. Біз қатарлас жолдас, дос ретінде әдемі әзіл-қалжыңымызды айтамыз, өзі отырған жерін шуақтандырып, айналасын жанына жақын ұстауға бейім жан. Қолы ашық, біреуге көмектескісі келіп тұрады.

Өткен күзде Мөңке би ескерткішінің ашылу жиынына Шалқар жаққа бірге бардық. Ауылдың бүлдіршін балалары бірінен кейін бірі жиналғандар алдына шығып ән шырқады, өлең оқыды, домбыра тартты. Солардың барлығына бірдей Жолдыбай жолдасым ақшалай сыйлық ұсынды. Аз ба, көп пе, мәселе онда емес, ықыласта. Жақсы атаулыға ықылас-пейіл білдіріп отыру — оның ерекше қасиеті. Басты мұраты — адалдық, тазалық, ешкімге қиянат жасамау.

Бүгінде ұрпағын адами биіктерге бастап келе жатқан жақсы жолдасым, байланыс саласының ардагері, сексеннің сеңгіріне көтерілсе де сергектік қалпынан айнымаған Жолдыбай Түменов туралы бұл жазбам жақсыға жан сүйсінумен бірге, жас буынға үлгі жолын ұсыну мақсатынан да туындағанын айта кеткім келеді.

Жоламан ҚҰРМАНАЛИН,

зейнеткер.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button