Жаңалықтар

Салтанаттың қуанышы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің басты басымдығымыз — азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық», — деген еді Nur Otan  партиясының XVIII съезінде.

Жыл басынан бері облыста демеушілердің көмегімен 782 отбасыға жалпы мөлшері 44,7 миллион теңгеге түрлі көмектер көрсетіліпті.

Демеушілердің осындай шарапатын сезінгендердің бірі —  8 баланың анасы Салтанат Сәдуова. Жақында Салтанатқа ақтөбелік кәсіпкер, «АқтөбеСтройЭксперт» ЖШС директоры Жасталап Жанбауов «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады.

Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы Құлымбетов көшесі бойындағы зәулім үйдің ауласындағы аядай ғана бөлмелері бар уақытша баспанада күнелтіп отырған Сәдуовтер отбасы күтпеген жерден қуанышқа тап болды. Сегіз баланы өмірге әкелген Салтанат Сәдуова — бүгінде  үш мүгедек жанды бағып отырған ана. Басында баспанасы жоқ ана осыдан төрт жыл бұрын Әйтеке би ауданының Сарат ауылынан қоныс аударған. Ондағы мақсаты — отбасындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды қаладағы медициналық оңалту орталықтарына жиі-жиі апарып, балаларын арнайы мектепте оқыту.

Салтанаттың баспана кезегінде тұрғанына 4 жыл болыпты.

Жасым 47-де. Бір отбасында  мүмкіндігі шектеулі 3 жан баққан адамның қасіретін ешбір адамның басына бермесін. Сегіз балам бар. Жолдасым — екінші топ мүгедегі, жұмысқа жарамсыз. Екі балам да мүгедек, арнайы мектепте оқиды. Мен үшін басты проблема — баспана болатын.  Осы мәселемен талай жерге бардым, Астанаға да хат жолдаған едім. Енді отбасыммен жаңа баспанада тұрып жатқан жайым бар,— деді «Алтын алқа» иегері.   

Жаңа пәтерлі болған Салтанат қуаныштан көз жасына ерік беріп,  қиын жағдайда  отбасына көмек қолын созған кәсіпкерге алғысын жаудырды.

Бұл отбасының тұрмыстық жағдайының ауыр екенін түсініп, өз тарапымыздан қолдау көрсетуге тырыстық. Өзім де көп баланың әкесімін, оның үстіне көпбалалы отбасынан шыққанмын. Ата-бабамыз тарихта қуғынға ұшыраған өзге ұлт өкілдерін де өз бауырына тартып, аш отырса да бір тілім нанын үзіп берген емес пе?! Бүгінгідей ел аман, жұрт тыныш заманда өзіміз сияқты кәсіпкерлер, ер-азаматтар осындай мұқтаж жандарға неге көмектеспеске?! Мұны өзімді жарнама ретінде емес, қалыптасқан жағдайға байланысты іскер азаматтарға ой салу  ретінде жасалып отырған шара деп түсініңіздер, — деді Жасталап Жанбауов.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button