Жаңалықтар

Тоқсан деген бір тау бар

Қай кезде де сергектігімен айналасын тәнті ететін Хакім ақсақал жыл сайынғы Наурыз мерекесінде бір жасарып қалады. Нақ осы тұста оны құттықтаушылар қатары көбейеді, тума-туыс, жора-жолдастарды айтпағанда, немере-шөберелеріне дейін құшақтарына алып, жылы лебіздерін білдіріп жатады. Өйткені көктемнің көрікті мерекесімен бірге оның туған күні де келіп жетеді.

Биыл табалдырықтан аттағалы тұрған доңыз жылы оған тоқсан атты толағай жасты сыйламақшы.

Өнегелі жолдар

Баяғыда бір дана қариядан тіршілік туралы сұрағанда «Өмір дегенің — есіктен кіріп төрге шыққандай ғана» деген екен.

Қадірлі қария Хакім Бекмұхамедтің тоқсан жылдық ғұмырында өнегелі тұстар аз емес. Ең бастысы — ол қандай қиын-қысталаң сәттерде өзінің азаматтық биігінен түсіп көрген емес. Ал басты ұстанымы — алға ұмтылу, өзі таңдаған мамандық бойынша адал еңбек ету болыпты.

Егер кейінгі жылдарға шегініс жасайтын болсақ, Хакім Мұхамедғалымұлы Қостанай өңіріндегі Меңдіғара ауданында дүниеге келген. Сол аймақтағы Босағаш жетіжылдық мектебін бітірген жас ұлан соғыстың соңғы жылдарында жергілікті педагогикалық училищеде білім алады. Он жеті жасында мектепке мұғалімдік қызметке орналасады. Екі жылдай ұстаздық еткен ол жоғары білім алуды армандайды.

Сол мақсатпен Алматыға жол тартады. Қазақ ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, инженер-гидротехник мамандығын алып шығады. Үздік дипломды қолына алған жас маманды жолдамамен Ақтөбеге жібереді.

Осында облыстық су шаруашылығы мекемесінде бас инженер болып жаңа еңбек жолын бастайды. Содан зейнет демалысына шыққанша осы саладан басқа жаққа мойын бұрмайды. Қазіргі Атырау, содан кейін Ақтөбеде облыстық мекеме басшысы қызметін атқарады. Он алты жылдай «Қазгипроводхоз» ғылыми-зерттеу және жобалау институтында техникалық бөлімді басқарады. Арасында аспирантурада білім алып, техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғайды. Еңбек ете жүріп отыздан астам ғылыми еңбектер жазады. 1972 жылы Алматыдағы «Қайнар» баспасынан жарыққа шыққан «Ақтөбе облысының су ресурстары және пайдалану» атты еңбегі танымдық, зерттеушілік тұрғыдан көпке пайдасын тигізді.

Оның ғылыми-өндірістік еңбегі, су шаруашылығын дамытудағы жетістіктері елеусіз қалған жоқ. Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мұның сыртында кеудесіне және жеті медаль тақты. «Қазақ КСР ауыл шаруашылығының үздігі» құрметті атағын да алды.

Төлеухан әже де өз мамандығы бойынша аянбай еңбек етті. Адамдардың денсаулығы, амандығы үшін күресті. Оның еңбегі «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен атап өтілді.

Хакім атаны замандастары өнегелі отбасы иесі деп білді. Өмірлік серігі Төлеухан әжемен бірге Асқар есімді ұл, Гүлшат атты қыз өсірді. Олардан немере-шөбере сүйді. Бір кезде ару қала Алматыда қатар оқыған, сонда тілектері біріккен жастар қол ұстасып жүріп бүгінде абыз жасына жетті. Сонда да болса Хакім ата сонау елуінші жылдардың басында Алматы медицина институты ғимараты алдында қыз күткен сәттерін әлі күнге дейін ерекше бір жымиыспен еске алып отырады.

Табиғатқа тартылыс

Адам баласы әманда туған табиғаттан тыс кете алмайды. Бұл кісі мамандығына сай қалыптасқан ба, әйтеуір даланы аңсайды да тұрады.

Сол тұрғыдан әңгіме қозғалғанда Ақтөбеге келіп, қызметке орналасқан алғашқы сәттерін көбірек еске алады.

Көктемгі су тасқыны басталар қарсаңда Ойыл ауданына жол шегеді. Тапсырма — Тамдыкөл бөгеті басында болып, жағдайды бақылауда ұстау. Ол кезде көлік қатынасы жоқ, ол жаққа қалай жетесің — өзің шешуге тиіссің.

Үлкендермен ақылдаса келе жас маман Атырауға бағыт ұстаған пойызға мінеді. Содан Сағыз станциясынан түсіп, Ойылдан келген салт атты жолаушыға ілеседі. Жолсерігі көпті көрген ақсақал адам бұған қамқорлық көрсете отырып, Ойылдың шетіне, ел қарасына іліктіреді. Онда да далаға тастамайды, бір ферма бригадиріне мұқияттап тапсырып, барар жеріне жеткізуді өтінеді.

Тамдыкөлде алдынан шыққан Демьян атты прорабпен су тасығанша осында болады. Бір қызығы, сәуір айының соңғы күндеріне дейін Ойыл өзені сыр бермейді. Бұл кезде даланың шаңы шығып, үміт үзіле бастайды. Сондай бір тұста аяқ астынан табиғат мінез танытып, айналаны топан су басады да кетеді. «Тіпті шалқыған көк теңіздің ортасында қалғандай болдық», — деп сол күндерді еске алады ол.

Содан су қайтып, шаруа ыңғайланған соң ғана Ойылға жетіп, Ақтөбеге самолетпен жетеді. Табиғат аясында өткен сәуір айындағы сол күндерді Хакім ата өзгеше бір мектеп ретінде қабылдапты.

Одан беріректе Шалқар, Ырғыз, Байғанин өңірлерінде көлтабандар салып, дамбы тұрғызу ісінің басы-қасында жүрді. Бүгінде Ақтөбе қаласы аумағына қарайтын Сазды су қоймасы да сол жылдарда іске қосылды.

— Табиғат аясында жүріп, адамдармен тілдесу бір-біріңді ерекше жақындастыра түседі. Ашық көңілден жылы әңгімелер айтылады. Табиғаттың тазалығы, ашық аспан, кең дала көңіліңді көтереді. Сондықтан да мен сыртқа шыққан кезде бір жасап қаламын. Бүгінде тірлік қамымен жүріп қаладан шықпайтындар көп. Сол дұрыс емес, — деп қария әңгіме арасында өз өмір тәжірибесінен бір сабақ бергендей болды.

Табиғатқа тартылыс Хакім атаның бойында өзгеше бір өнердің көзін ашты. Ендігі әңгіме сол туралы болмақшы.

Ағаштан түйін түйген…

Бұл шаңыраққа кірген адам ең алдымен басқалай әлемнің есігін ашқандай сезінеді өзін. Өйткені көзіңіз ең алдымен қолөнер туындылары іспетті қатар-қатар қойылған дүниелерге түседі. Мұның сырын ақсақал тыңдаушысының санасына жеткізіп отырып айтып бергенді ұнатады.

— Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары айналасында саңырауқұлақ теретін маусымда Қарғалы өзенін жағалап жүргенбіз. Қолыма кездейсоқ іліккен талдың жұмсақ тамырын үйге алып келдім. Сосын құрал-жабдықтарымды алып, өзімше өңдей бастадым. Бұл туындым ақырында кәдімгі жыланнан аумай қалды. Ұқсастығы соншалықты — кенет көрген адам шошынып, ыршып түсетін болды, — деп ол алғашқы еңбегінің тарихы туралы баяндап берді.

Содан кейін-ақ үйдің ауласына түрлі ағаш томарлары, тал-теректер жинала бастапты. Қолы бос кезінде қарап отырып, көзіне түскен бір ағашты алады да, өзінің ойына оралған бір кескінді бейнелеуге кіріседі.

Осы өнерге қызыққаны соншалық — енді қазақтың ұлттық ағаш оюлары, түрлі өрнектері, ағаш шеберлері туралы жазылған мақалаларды іздеп жүріп тауып алып, індетіп оқитынды шығарды. Осылайша ағаштан жасалған кескіндеме-мүсіншелер үй жиһаздарын ығыстырып, төрден орын ала бастайды.

Хакім ата бізге өзі қолдан жасаған бұйымдардың тізімін көрсетті. Осыған қарап-ақ, шебердің еңбектерінің ауқымын біле беріңіз.

Қарай беріңіз: «Жылан», «Жылан биі», «Ит», «Тырна», «Айдаһар», «Самұрық», «Қызыл қаз»… осылай жалғаса береді. Оны аз десеңіз, өмір ғажайыптарын, тіршілік тылсымдарын бейнелейтін «Әсем бейне», «Алқа», «Өмір сазы», «Тағдыр», «Мәңгілік көзі», «Өмір күші» деп аталатын туындылар және бар. Солардың әрқайсысы бір әсем хикая іспетті, тек көңіл көзімен көріп, сезіне біліңіз.

Осы еңбектерінің бірсыпырасы көрмелерге де қойылды, соған байланысты алған алғыс хаттары мен марапаттаулары да жеткілікті. Кейде туындыларын сатып алғысы келетіндер де болады. Хакім ата оларға оңайлықпен беріле қоймайды. «Жасалған еңбектің қадірін біле ме, білмей ме» деп қауіптенеді. Сондықтан да туындыларын қолынан шығарғысы келмейді.

* * *

Өмір-өзен ағысы Хакім атаны тоқсанның ауылына алып келді бүгінде. Айтпақшы, сонау Қостанай өңіріндегі Тобыл өзені жағасында туып-өсіп, жетілген ол өзінің кейінгі саналы ғұмыры Қарғалы, Елек өзендерімен сабақтас екенін мақтан тұтады. Сарқырап ағып жатқан мөлдір су оның жанын жадыратады, тіршілік тынысын сездіреді. Тоқсан атты биік тауға алқынбай шығуының бір сыры да табиғатқа жақындағынан болса керек.

    Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button