Жаңалықтар

Орталық стадионның жағдайы сын көтермейді (Видео)

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин кеше Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның жағдайын жеке өзі тексерді. Мұндағы көрініс облыс басшысының әділетті наразылығын тудырды.

Стадион басшылығы облыс әкімін спорттық аренада қандай да бір елеулі проблемалар жоқ екендігіне сендіруге тырысты. Алайда мұндағы кемшіліктер сырт көзге бірден байқалып тұр еді. Мысалы, алаңды қыздыру бұдан бір ай бұрын дерлік іске қосылса да, мұндағы көгал әлі өсіп үлгермеген. Бұл футбол алаңын қыздыру жүйесінің толық мәнінде жұмыс істемеуімен және күрделі жөндеуді қажет етуімен байланысты. Бұдан басқа жанкүйерлер трибунасы мен стадионның ғимаратына да күрделі жөндеу жүргізу қажет.

Қаланың басты спорттық аренасының нашар жағдайы туралы стадионға иелік етіп отырған футбол жөніндегі облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Гүлназ Қартанова да, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов те айқын түсінік бере алмады.

https://www.instagram.com/p/BvbvWLTl1fZ/

«Жауапты адамдардың бойында жауапты ұстаным жоқ. Егер турасын айтсақ, мына жағдай іс басындағы адамдардың кәсіби деңгейі туралы ойлануға мәжбүрлейді. Сіздер барлығы да жақсы, проблема жоқ, маусымға дайынбыз деп алдағыларыңыз келеді. Жаппай жауапсыздық орын алған. Нәтижесінде алаң да, секторлар да дайын емес. Мен ұзақ жылдар ішінде стадионның осындай күйге ұшырағанын бірінші рет көріп тұрмын», — деді Оңдасын Оразалин.

«Стадионның және тұтастай алғанда қала тіршілігі үшін футболдың қоғамдық мәнін ескере отырып, мен ұйымдық, кадрлық және қаржы мәселелеріне қатысты шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүрмін, кейбір адамдар бұл жерде енді жұмыс істемейтін болар», — деп жалғастырды сөзін облыс әкімі.

Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес содан кейін стадионға күрделі жөндеу жүргізу мәселесі бойынша сарапшылардың қатысуымен кеңес шақырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button