Жаңалықтар

Жұлдыз — жыл тәрбиешісі

Байқау

Ақтөбе қаласында алғаш рет жеке балабақшалар арасында «Жыл тәрбиешісі» байқауы өтті.

Аталған байқауды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және «Қазақстандағы мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығы» Ақтөбе филиалы ұйымдастырды. Шараға қаладағы жеке мектепке дейінгі ұйымдардан 15 тәрбиеші қатысты. Олар таныстыру, көрнекі сабақ және өнер көрсету сайыстары бойынша бақ сынасты.

Жеке балабақшалар облыста өткізілетін байқаулардан тыс қалып жатады. Мұндай балабақшаларда да білікті мамандар қызмет ететінін көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар, осындай шаралар мектепке дейінгі білім сапасын арттыруға және өзара тәжірибе алмасуға көмектеседі, — дейді облыстағы жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығының төрайымы Наталья Каюдина.

Сайысқа қатысушылар ән айтып, би биледі, ұсынылған тапсырмаларды орындауда белсенділігімен ерекшеленді. Сонымен қатар олар оқу-әдістемелік бағдарламалар туралы сұрақтарға жауап берді.  Тәрбиешілеріне балалар да көмектесіп, өз өнерлерін ортаға салды. Байқау шартына сай үміткерлердің тәрбиеленушілермен қарым-қатынас орната білу шеберліктері де есепке алынды. Байқау қорытындысы бойынша «Ақ еркеш» жеке балабақшасының тәрбиешісі

Жұлдыз Қартбаева бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын  «Дони» жекеменшік бақшасының тәрбиешісі Айнұр Тышымоваға берілсе, «Кен и барби» балабақшасының тәрбиешісі Александра Рейх үшінші орынға қол жеткізді.

Мұндай байқаулар шығармашылықты шыңдауға, кәсібіңді құрметтеуге және алға ұмтылуға ынталандыру үшін өте қажет. Бала тәрбиесі  ортақ жұмыс болғандықтан, тәрбиешілердің еңбегіне осындай жолмен болса да назар аудару — құптарлық іс. Алдағы уақытта мұндай байқауды облыс деңгейінде өткізуді ұсынамын, — деді байқауға қазылық еткен өңірлік кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрлан Махамбетов.

Қазір Ақтөбе қаласында барлығы 86 жеке мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды.  Олардың отызы Қазақстандағы мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығына мүше. Қауымдастық балабақшаларды қаржыландыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту, тәрбие саласындағы жаңа бағдарламалар бойынша дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, сайыстар ұйымдастырады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button