Жаңалықтар

Делегаттар бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті

Жуырда Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумының делегаттары «Трансэнерго» акционерлік қоғамы бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесу өткізді.

Басқосуды «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов жүргізіп, жиналғандарға партия өз қызметін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жасап жатқанын, осыған орай бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру тұжырымдамасын талқылау мақсатында өткізілген республикалық форумның маңызына тоқталып өтті.

Шарада облыстық мәслихаттың депутаты Хайдар Ілиясов, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Ерлан Тәтімов, Ақтөбе қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Абай Сақтағанов бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандырудың тиімді жолдарын талқылауға арналған республикалық форумның маңыздылығына тоқталып, шара барысында талқыланған басты міндеттер туралы айтып берді.

Сондай-ақ басқосуда депутаттар Елбасының биылғы Жолдауы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған негізгі міндеттер мен тұжырымдамалар туралы кеңінен әңгімелеп, бастауыш партия ұйымы мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Айта кету керек, «Трансэнерго АҚ» бастауыш партия ұйымы аталған республикалық форум аясында «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының «Өрлеу» номинациясын иеленді. Бүгінгі күні бұл кәсіпорында 712 адам жұмыс жасаса, олардың 564-і — «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Ал жалпы облыста 257 бастауыш партия ұйымы бар.

Д.ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button