Жаңалықтар

Оңтүстіккореялық компания басшылығына жұмысшылардың айлығын көтеруді ұсынды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Кореяға жұмыс барысындағы сапары кезінде KNOC оңтүстіккореялық мемлекеттік компаниясының вице-президенті Шим Джоехунмен кездесті. Корея Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшісі Бақыт Дүйсенбаевтың қатысуымен өткен кездесудің негізгі тақырыбы KNOC-тың қатысуымен құрылған ақтөбелік компаниялар — «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» компаниясының Ақтөбе филиалы мен «Фирма Ада Ойл» ЖШС-ның келісімшарттық міндеттемелерді орындауы жайы болды.

— «Алтиес» және «Ада Ойл» компаниялары біздің облысымыздың аумағында 12 жыл шамасында жұмыс істейді. Жыл сайын 400 мың тоннаға дейін мұнай өндіреді. Олар жалпы жаман жұмыс істемейді, алайда инвестиция көлемі, жергілікті кадрларды оқыту, тауарларды сатып алудағы қазақстандық үлес және әлеуметтік жауапкершілікке қатысты келісімшарттық міндеттемелерді орындауға байланысты мәселелер бар, — деп атап көрсетті облыс әкімі.

Ол сонымен бірге басшылық буын мен қатардағы жұмысшылардың еңбекақысындағы айырмашылықты қысқарту мәселесін де көтерді.

— Аз еңбекақы алатындардың айлығын көтеру қажет. Осыған байланысты біздің еліміздің Президентінің тапсырмасы бар. Біз еңбекақыны көтеру туралы барлық кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізудеміз. KNOC басшылығының осы ұсынысты қолдап, Ақтөбе облысы аумағында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың басшыларына тапсырма беруін өтінемін, — деді Бердібек Сапарбаев әңгімелесу кезінде.

Облыс басшысы кәсіпорындардың мұнай және газ өндіру көлемін азайтуға жол бермеуінің маңыздылығын атап көрсетті.

KNOC вице-президенті Шим Джоехун Бердібек Сапарбаевты компанияның жергілікті билікпен диалогты жолға қоюға және практикалық өзара іс-әрекетті атқаруға мүдделі екенінен сендірді.

— Біз өзіміздің барлық келісімшарттық міндеттемелерімізді орындауға ұмтыламыз, — деді вице-президент.

2017 жылдың мамыр айында облыс әкімі «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В.» компаниясының Ақтөбе филиалы мен «Фирма Ада Ойл» ЖШС-на қатысты KNOC президенті Ким Джунг Рэ мырзамен жағдайды талқылаған еді. Сол келіссөз нәтижесінде бұрын Алматы облысында тіркелген кәсіпорындар өздерінің өндірістік қызметін тікелей жүргізетін біздің облыстың аумағында тіркеуден өтті.

Түгел ДАУЫЛТАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button