Жаңалықтар

Нақтыланған жобалар, ауқымды істер

Мәслихат

Облыстық мәслихаттың депутаттық жұмыс тобының, сондай-ақ құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік-мәдени даму мәселелері бойынша тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысында «Облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттік шығыстарының жобасы туралы» мәселе қаралды.

Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов қатысты.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев алдағы жылы облыста жол құрылысы қызу жүргізілуі тиіс екенін хабарлады. Ол бұл қатарда Қобда-Мәртөк, Шалқар-Бозой, Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық, Қобда-Жиренқопа бағытындағы жолдардың бірқатарын аяқтау, қалғандарының жұмысын жалғастыру қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жолдарды ағымдағы жөндеудің де күн тәртібінен түспейтінін айтты.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин жергілікті бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері бағдарламасы бойынша 757,153 мың теңге көлемінде шығындар қарастырылғанын айтты. Бұл қаражат бес жобаны жалғастыруға бағытталады. Осы ауқымда Ақтөбе қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы саябақ учаскелерін кеңейту жұмыстары атқарылмақшы. Сондай-ақ, Мәртөк ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені, Қобда ауданының Егіндібұлақ ауылындағы оқу-сауықтыру кешені құрылысы жүргізіледі.

Денсаулық сақтау нысандарын салу және қайта құрылымдау жұмыстарына да елеулі қаржы қарастырылып отыр. Облыстық перинаталды орталық ғимаратын пайдалануға беру осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі болып отыр. «Басты мақсатымыз — халыққа медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру», — деп атап көрсетті баяндамашы.

Алдағы жылы спорттық нысандар салуға да көңіл бөлінбекші. Мәселен, Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол селосында, Қарғалы ауданының орталығы Бадамша селосында, сондай-ақ Ырғыз селосында  дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу жоспарлануда.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров маңызды жобалар қатарында он алты жасқа дейінгі сырқат балаларды иппотерапиямен емдеуге көңіл бөлініп отырғанын айтты. Сонымен бірге, мүгедек жандар үшін оңалту орталығын ашу да бүгінгі қажеттіліктің бірі болып отырғанын депутаттар назарына салды. Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында «Жасыл ел», мамандық беру үшін қысқа мерзімді оқуыту курстарын пайдалану жобалары ұйымдастырылмақшы.

Облыстық мәслихаттың депутаттары мәселелерді талқылау барысында сауалдар қойып, өздерінің ұсыныстарын айтып, ескертулерін жасады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button