Жаңалықтар

«Бір терезе»  — инвесторлар үшін тиімді қызмет

Семинар

Ақтөбеде инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты шеңберінде әдістемелік семинар өті.

«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ аймақтық өкілдігінің директоры Марат Балмұхановтың айтуынша, 21-23 қараша аралығында Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында «One Stop Shop», яғни инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты шеңберінде алты әдістемелік семинар өткізіледі. Соның бірі «Ақтөбе» қонақ үйінің конференция залында өткізілді. Семинардың ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі,  «Реформатикс» халықаралық компаниясы және «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ.

Әдістемелік семинарды өткізудегі мақсат — инвесторлармен жұмыс тиімділігін арттыру әрі орталықтарды ұйымдастыру бойынша білім алу, мемлекеттік органдармен, ұлттық компаниялармен, еліміздің даму институттарымен, сондай-ақ басқа да ұйымдармен өзара әрекеттесуінде инвесторлар үшін кедергілерді жою, — деді М.Балмұханов.

Семинарға жергілікті атқарушы органдардың, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» компаниясының Ақтөбедегі  өкілдері қатысты.

«Реформатикс» халықаралық компаниясының өкілі Лали Гогебелдзе: «Біздің компания әртүрлі бағытта жұмыс жасайды. Бүгінде біз «KAZAKH INVEST» компаниясымен бірлескен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Соның бірі — «бір терезе» қағидаты. Жалпы «бір терезе» қағидаты инвесторлар үшін тиімді қызмет түрі саналады. Себебі әрбір мемлекет үшін инвесторлар қызығушылығын туғызу —  өте маңызды. Ең бастысы — «бір терезе» қызметі инвесторлар үшін бір жерде жұмысты жедел бітіру үшін тиімді. Оның үстіне, инвесторлар барлық ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік туады», — деді.

Грузияның «Реформатикс» халықаралық компаниясы 2014 жылдан бері Қазақстанда бизнес климатты жақсарту мақсатында жұмыс жасайды.

Әдістемелік семинар кезінде инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты шеңберінде уәкілетті орган тарапынан инвесторларға мемлекеттік қызметтер, орталықтандырылған қолдау көрсету формасы түсіндірілді. Бұл қызметтер құжаттарды жинау және дайындау кезінде мемлекеттік органдармен тікелей байланысты шектеп, инвесторлардың қатысуын азайтуды көздейді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button