Жаңалықтар

Теміржолдағы заңсыздықтар: себеп пен салдар

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ еншілес ұйымдарымен бірге «Адал жол» жобалық кеңсесінің жиынын  өткізді. Оған арнайы мониторингтік топ мүшелері, көлік прокуратурасының, көліктік бақылау инспекциясының, Ақтөбе бөлімшелік көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының, желілік полиция бөлімінің басшылары, пойыз басшылары, кәсіподақ өкілдері де қатысты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисеновтің айтуынша, тиісті органдар арасындағы теміржол жолаушылар көлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес «Адал жол» жобалық кеңсесі құрылды. Осы жоба аясында 3 қазан-10 қараша аралығында көліктік бақылау саласындағы өкілетті органның және арнайы мониторингтік топ өкілдерінің қатысуымен республика бойынша рейдтер жүргізілді. Рейд нәтижесіндеәртүрлі бағыттар бойынша 70 пойыз тексеріліп,  билетсіз жол жүруге қатысты  91 дерек анықталды. Билетсіз азаматтар Шымкент (29) қаласында және Қызылорда (24), Алматы (15), Солтүстік Қазақстан (13) облыстарында көп анықталған.

— Ақтөбе облысында пойыздарда билетсіз жүргендерге қатысты 19 дерек тіркелді. Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі азаматтардың пойызға мінуіне ыңғайлы болуы үшін арнайы қондырғылар жоқ екендігі анықталды, — деді агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықты алдын алу басқармасының басшысы Ербол Тұрлыбаев.

Бұған қоса жеке кассаларда билет алатын адамның аты-жөнінің жазылмауы, электронды түрде билет рәсімдеу кезінде бір адамның бірнеше билет алуы, кейін бұл билеттерді алыпсатарлық жолмен қымбатқа өткізуі секілді мәселелер де бар.

— Билетті электронды түрде сатып алған кезде бір адамның бірнеше билет алуы дұрыс емес. Себебі бұл алыпсатарларға ыңғайлы. Қазір агенттік бұл мәселеге қатысты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Тағы бір мәселе — жеке кассаларда адамдардың фамилиялары жазылмайды. Бұл — «Транском» деген мекемеге қатысты тіркелген жайт. Бұл да дұрыс емес. Пойыздардағы тазалық мәселесі, гигиеналық құралдардың болмауы, фирмалық пойыздарда ілулі тұрған теледидарлардың жұмыс істемеуі, жолаушыларды билетсіз мінгізіп алу сынды деректер де баршылық. Алматы жақта бір жүк көтеруші тиісті адамдармен келісіп, 10-15 ауыр сөмкесі бар адамды билетсіз халықаралық пойызға отырғызып жіберген. Сол үшін 16 мың теңге алған. Бұл не сұмдық? Егер қарапайым жүк көтеруші адам осындай жасай алса, басқалардан не күтеміз? Неге біз сол жүк көтеруші алған 16 мың теңге үшін пойызда кетіп бара жатқан сонша адамның басын қауіпке тігуіміз керек? Ол 10-15 сөмкенің ішінде не болуы мүмкін? Осы жағын қатаң қадағалау керек, — деді Р.Бисенов.

«Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиал директоры Дархан Скендірұлы айтылған кейбір мәселелерге қатысты уәж келтірді. Соның бірі — пойыздардағы теледидарлардың жұмыс істемеуі.

— Пойыздарда теледидарлардың жұмыс істемеуінің жөні бар. Себебі музыка қосу үшін біз авторларынан лицензия алуымыз керек екен. Ал бұл лицензиялар өте қымбат, миллиондаған, миллиардтаған ақша кетеді. Кейбір әншілер өздерінің әндерін естіп қалса, 5-6 миллион теңгеге айыппұл талап етеді. Біздің компания —  шығынды компания. Сондықтан әзірге бұл мүмкін болмай тұр. Есесіне «Тұлпар-Тальго» пойыздарында оның баламасы ретінде vputi.kz порталы жұмыс істейді, кез келген адам смартфон арқылы интернетке кіріп, осы сайттан тегін кинолар көріп, музыка тыңдай алады, — дейді ол.

Жиында «Адал жол» жобасы шеңберінде халықтың теміржол көлігіндегі қызметтерге қол жеткізуіне кедергі келтіретін мәселелерді жоюға қатысты басқа да мәселелер талқыланды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button