Жаңалықтар

13 жер телімі сатылды

Аукцион

Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында жер телімдерін жалға алу бойынша аукцион өтті.

Аукционда бастапқы бағасы 2,2 миллион теңге болатын жалпы аумағы 6,4 гектарды құрайтын 13 жер телімі саудаға шығарылды.

Жер телімдері кемпинг, тамақтану павильондары, аяқ киім жөндейтін шеберхана, сауда дүкендері, таунхаус, өндірістік база, «Сити борд» форматындағы жарнама конструкциясы және құрылыс алаңдарына арналған.

— Бүгінгі аукционға қатысуға 35 өтінім келіп түсті. Саудаға шығарылған 13 жер телімі Заречный-3, 41-разъезд, сондай-ақ Ақжар-2, «Нұр Ақтөбе» шағын аудандарында, қаланың басқа да әр бөлігінде орналасқан. Бұл жер телімдері 1 жылға жалға беріледі. Жердің арендалық құны — 1 шаршы метрі 10 теңге, — дейді Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Жанбек Қабылов.

Аукцион ағылшын әдісі бойынша өтті. Ұсынылған жер телімдері бойынша ақпарат беріліп, бастапқы бағасы айтылып отырды. Мәселен, Ақжар-2 ауданында дүкен салуға арналған жер телімі 3 миллион 650 мың теңгеге сатылды.

Бұл аукцион жыл басынан бері 17-рет өткізіліп отыр.

Айта кетейік, өткен жылы 381,4 миллион теңгеге жалпы аумағы 60,4 гектар болатын 99 жер телімі сатылған. Биыл 280,4 миллион теңге болатын жалпы аумағы 105,8 гектар жер телімі сатылды. Жыл соңына дейін тағы 10 жер учаскесін сату жоспарланған.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button