Жаңалықтар

Бас штабтың өкілімен кездесті

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің  рөлін күшейткен жөн» деген жолдар бар. Бұл балалар мен жасөспірімдер арасында тәрбие жұмысын жүргізетін мекемелердің қызметкерлеріне берілген айқын бағыт, нақты мақсат деуге болады. Президенттің осы саясатын  жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар қазір барлық жерде өрістей түсті. Жақында әскер жасына дейінгі жасөспірімдер арасында ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР Қарулы Күштері Бас штабының тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы Қайсар Мұғалов Әйтеке би ауданының Басқұдық ауылына келді. Полковник осы өлкеде туып-өскен. Сондықтан ол бір жағынан туған жерге тағзым етуді өз борышы санады.

Әскери басшы бірінші кезекте балалығы өткен ауылда жастармен жүздесті.

Олармен әңгіме барысында  ел өміріндегі әскери қызметтің алатын орнына тоқталып, оның аса  маңыздылығын атап көрсетті. Болашағымызды жалғайтын жас толқынға Отан қорғаудың қасиетті борыш екендігін түсіндіруді көздеген кездесуде жауынгерлердің Отан қорғаудағы, бейбіт елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы қалтқысыз қызметі жөнінде әдемі әңгіме өрбіді. Оқушыларға патриотизм, ұлтжандылық, ерлік пен батылдық, Отан қорғау, найзасын қолдарынан тастамаған батыр бабаларымыздың жеңісті жолын жалғау жөнінде қызықты әңгімелер айтты.

— Жастармен кездесудегі мақсатым — еліміздің ертеңін жалғайтын өскін ұрпақты патриотизмге баулу, әскери қызметтің қоғамдық қауіпсіздікке қосқан үлкен үлесін кеңінен насихаттау. Ерлердің ерлігін егемен еліміз мақтан тұтады. Әскери қызметтегі ерлердің ерліктерін үлгі-өнеге ретінде көрсету арқылы жас ұландарымызды ұлтжандылыққа тәрбиелеуге болады. Отандық патриотизм —елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Сонымен бірге бұған кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуын, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауын, өз Отанның мүддесін ойлауын, туған жеріне деген адалдығы мен азаматтық сезімдерін, Отанының бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауын, ата-бабалары мен Отанының тарихына құрметпен қарауын, сондай-ақ, өзіңнің табанақы — маңдай терін туған еліңнің гүлденуіне арнауын да қосуға болады, — деді өз сөзінде тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі департамент бастығы Қайсар Мұғалов.

Сондай-ақ, кездесу аясында оқушыларға  әскери қызметтің қыр-сыры, әскерилердің күнделікті тыныс-тіршілігі, олардың қызмет барысындағы ерлік әрекеттері жайында салиқалы да салмақты сөз қозғалды. Оқушылар алаш азаматтарының ерлік ісін естіп, тәнті болды.

Мұндай кездесулер жас толқынның жүрегінде Отан алдындағы азаматтық парызын өтеуге қызығушылығын оятуға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз. Еңселі ерлердің ерлігін ту еткен бұл жылы жүздесуде полковник егемен еліміздің қасиетті қорғаны болу — қазақ халқының барша ер-азаматтарының ұлы борышы екендігін жас буынға жан-жақты түсіндірді.

Президент  Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуына қатысты бағдарламалық  мақаласында: «Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды» — деген болатын. Осы ұстанымды басшылыққа алатын болсақ, жастарды азаматтық, патриотизм, еліміздің қарқынды сатылап дамуы идеяларының рухында тәрбиелеуге деген үлкен бетбұрыс жасалды.

Кеш соңында жастарға патриоттық тәрбиенің өзектілігін насихаттап жүрген полковник Қайсар Қайырбайұлы алғашқы әскери дайындық пәнінен үздік шығып, жетістігімен көрініп жүрген жастарға жекелеп сыйлықтар таратты. Шараға қатысқан Басқұдық ауылының әкімі Берік Спандиярұлы, мектеп директоры Лайық Ыбырайұлы ауыл жастарымен кездесуге арнайы келген жерлестеріне алғысын білдіріп, аталмыш шаралардың жастарға жаңа серпін беретінін жеткізді.

 Әсет ЖОМАРТ,

облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметкері. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button