Қос қуанышқа арналған салтанат
Кеше Ақтөбеде алдағы жылы құрылғанына 90 жыл толатын облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді және осы музейде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Жиынға ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыс басшылары, ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері, ардагерлер, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдындағы алаңда өткен салтанатты шара ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің әншілері — Асылхан Шалқаров, Гүлнұр Әділбекова, т.б. орындауындағы әндермен басталды. Оларды «Айбын» Президенттік полкі Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері салтанатты шерумен сүйемелдеді. Әскери қызметшілердің өнеріне взвод командирі Қайрат Молдабеков басшылық етті.
«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен ашылып отыр. Көрмеге түрлі жәдігерлер, құжаттар, фото және бейнематериалдар, кітаптар қойылған. ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков өзінің құттықтау сөзінде бұл көрменің бұған дейін Алматыда, Шымкентте және Атырауда өткенін, ал Ақтөбеде ұйымдастырылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалы зор болғанын атап өтті.
— Алматы, Шымкент және Атырау өңірлерінде көрмені 350 мың адам тамашалады. Міне, бүгін біз көрмені барынша толықтырып, сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Жақында Ақтөбеде болған сапарында Елбасы осындағы үлкен істерге, оң өзгерістерге өз бағасын берген еді. Елбасы музейі — ел тәуелсіздігінің шұғылалы шежіресі. Қазақстан, Елбасы, Тәуелсіздік, Астана ұғымдарын бір-бірінен ажыратуға болмайтынын сіздер жақсы білесіздер. Бүгінгі көрмеге қойылған жәдігерлер, құнды құжаттар еліміздің Тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен даңқты жолдарын паш етеді, — деді Махмұд Қасымбеков.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиында сөйлеген сөзінде Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі — Алматыдан бастау алған бұл көрменің маңызы зор екенін айрықша атап өтті.
— Көрмедегі жәдігерлер біздің жерлестеріміз бен Ақтөбенің қонақтарына мемлекетіміздің қалай қалыптасқаны, қандай ауыр сындардан өткені, 27 жыл уақыттың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде дүниежүзілік қауымдастықта шүбәсіз беделге ие болғаны жөнінде сыр шертеді. Бұл — айрықша елеулі оқиға. Сондықтан көрмені ұйымдастырушыларға алғысымды жеткіземін, — деді облыс басшысы.
ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов және музей ісінің ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясқызы музейдің жаңа ғимараты мен көрменің лентасын салтанатты түрде қиды.
Бұдан кейін жиналғандар музейдің екінші қабатындағы үш залда орналасқан «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі қор көрмесін тамашалады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің қызметкері Гүлім Ідірісова жүргізген экскурсия жоғары мемлекеттік наградалар коллекциясынан басталды. Аталмыш коллекцияда әлемнің 40-тан астам елінің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа табыстаған жоғары марапаттары топтастырылған.
Көшпелі көрменің мақсаты жөнінде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева бізге:
— Осы жобаны өткен жылдың қараша айында қолға алып, өңірлерді аралап жүрміз. Көрмеге 800-ден астам бірлік — жәдігерлер, Елбасының жеке қорынан алынған құжаттар, фото және бейнематериалдар мен Елбасының жеке кітапханасынан алынған кітаптар қойылған. Біз осы көрме арқылы Тәуелсіздік дәуіріндегі өзгерістерді, айтулы оқиғаларды, еліміздің жетістіктерін көрсетуді көздедік. Әр өңірдегі түрлі салалардағы жетістіктер — Елбасы саясаты мен халқымыздың ересен еңбегінің, еліміздегі тұрақтылық пен ынтымақтың жемісі. Негізгі мақсатымыз осыны жүйелі түрде кеңінен көрсету болды, — деп жеткізді.
Көрме төрт бөлімнен тұрады: «Елбасы жолы» атты бөлімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір кезеңдерін баяндайтын құжаттар, хаттар, баспасөз бетінде жарияланған естеліктер, т.б. жәдігерлер қойылған. Мұнда Елбасының бабасы — Қарасай батыр заманына тән көне жәдігерлер де бар. Мысалы, Аңырақай шайқасы батырларының бірі — Бөлек батырдың дулығасы тұр. Ал Ресейдің Кабардин-Балкар республикасының Нальчик қаласынан Социалистік Еңбек Ері Шарафутдин Муллаев жолдаған хатта Елбасының туған ауылы, ата-анасы жайлы естелік айтылады.
«Елбасы феномені» атты бөлімде Көшбасшы феномені Семей ядролық полигонының жабылуы туралы Жарлықтан бастап, мемлекет астанасын ауыстыру идеясын жүзеге асыруға дейінгі аралықтағы тарихи маңызы бар шешімдер арқылы көрініс табады. Еске сала кетелік, 1949 жылдан 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу туралы Жарлығы шыққанға дейін Семей жерінде 500-ге тарта ядролық жарылыс жасалған. Зерттеушілердің есептеуі бойынша, бұл жарылыстар 1,5 миллион адамның өмірін жалмаған. Көрмеде полигонға қатысты осы және басқа да деректер жазылып қойылған.
«Әлем таныған Елбасы» бөлімі Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саясатын паш етуге арналған. Елбасы — әлемдік деңгейде зор беделге ие саясаткер. Оның кез келген қауіп-қатер мен түсініспеушіліктерден азат әлем қалыптастырудағы ерен еңбегіне деген құрмет шет мемлекеттер басшыларының жеке ілтипаты, айтылған пікірлері арқылы көрсетілген.
«Елбасы мәртебесі — ел мәртебесі» атты бөлімде көпшілік назарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа табыс етілген жоғары мемлекеттік марапаттар ұсынылады.
Көрмені аралап шыққаннан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз әсерін БАҚ өкілдерімен бөлісті:
— Тәуелсіздік алғалы бергі жетістіктеріміз, жас мемлекет — Қазақстанның әлемге қалай танылғаны, тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен қазақ тілінде баяндама жасалғаны — осының бәрі біздің тарихымыздың үлкен бір тарауы, бүгінгі және болашақ ұрпақтың мақтанышы. Бұл — болашаққа деген сеніміміздің бастауы, іргетасы. Мұның бәрі Елбасы еңбегінің, саясатының жемісі екенін жас ұрпақ біліп, түсініп өсуі керек. Сондықтан мен Ақтөбедебұл көрменің ұйымдастырылып отырғанына қуанамын. Оның үстіне, бұл оқиға тағы бір үлкен қуаныш — музейдің жаңа ғимаратының ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр.Біздің жастарымыз, соның ішінде алыс ауылдар жастары да көрмеге көбірек келсе деймін. Көрмедегі жәдігерлердің бәрі де өте құнды. Елбасымыздың ел тәуелсіздігін баянды ету жолындағы тынымсыз еңбегі, атқарған істері баршаңызға аян. 1991 жылғы 29 тамыздағы Семей полигонын жабу туралы Жарлығы да — қазақ халқы бейбіт елде өмір сүріп, аспаны ашық болса екен деген үлкен тілектен туған қадам еді. Мұның тарихи оқиға екенін бүкіл әлем мойындады. 29 тамызды қазір әлем жұрты Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні ретінде атап өтеді, — деді ол.
Ал музей ісінің ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясқызы:
— Ел және Елбасы — егіз ұғымдар. Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі абырой-беделі — елдің мәртебесі, халықтың мерейі. Бүгінгі көрме өте мазмұнды, құнды жәдігерлерге бай, әсіресе, жастарға берері көп, ерекше көрме екен. Мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратқа ие болуын арман еткен жан едім, енді, міне, сол оқиғаның осы көрмемен тұспа-тұс келуін үлкен жақсылыққа жорып отырмын. Өйткені біздің музейдің қызметкерлерінің бұл көрмеден үйренері көп, — дейді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратының ашылуы — ақтөбеліктер үшін аса зор қуанышты оқиға. Музейдің көне ғимараты 2014 жылы апаттық жағдайда деп танылып, жабылған еді. Ал жаңа ғимарат құрылысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басталды. Жалпы, құрылысқа 650 миллион теңге қаржы жұмсалған. Құрылыстың бір бөлігін белгілі кәсіпкер, Ақтөбе топырағының перзенті Исламбек Салжанов қаржыландырды.
Ғимараттың жалпы алаңы — 4,3 мың шаршы метр. Мұнда келушілер үшін 10 зал қарастырылған. Әзірге соның бірнешеуі ғана жасақталып отыр. Жалпы, музей қорында 110 мыңнан астам жәдігер бар. Бұлар — минерология, палеонтология, ботаника, археология, сәндік-қолданбалы өнер, архив құжаттары, нумизматика, сирек кітаптар, т.б. бойынша құнды топтамалар.
«Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Ақтөбеліктер мен қала қонақтары көрмені тегін тамашалай алады.
Индира ӨТЕМІС.