Жаңалықтар

Кәсіпкерлердің көкейіндегісін дөп басты

«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен палата мамандары, жергілікті бизнес, қаржы саласының өкілдері Президенттің кезекті Жолдауын бірге отырып тыңдады.

Жолдауды қабырғаға ілінген үлкен теледидардан тамашалаған тыңдаушылар шарадан соң өз ой-пікірлерімен бөлісті.  Ақтөбе қаласындағы «Семейный врач и Ко» клиникасының басшысы Людмила Покотило Елбасы кезекті Жолдауында  экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнестің бүгінгі дамуына ерекше тоқталып өткенін, бұл саланы әрі қарай жандандырудың негізгі жолдарын айқындап бергенін атап өтті.

Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында біраз түйткілді мәселелер көтерілді деп ойлаймын. Біз медицина саласының жүгін көтеріп жүрген бизнес өкілдері ретінде барлық мемлекеттік қолдауларға қатысамыз. Сондықтан Елбасының кәсіпкерлерге және әлеуметтік сала қызметкерлеріне назар аударуы біз үшін қуанарлық жайт. Енді осы айтылған мәселелерді белсенді жүзеге асыруымыз керек, — деді ол.

«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерді қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Нұрлан Махамбетов Елбасының Жолдауда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту турасындағы ұсынысын қолдай отыра: «Жекелеген кәсіпкерлердің, әсіресе, ауылдағы шаруалардың бизнесі үшін банктер несие бере бермейді. Бұл ретте мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алу шаруаларға айтарлықтай көмек болып тұр. Ал салық амнистиясы туралы айтар болсам, айыппұлды төлей алмаған бизнес субъектілерінің жұмысы тоқтап қалған жағдайлар кездеседі. Бұл Жолдау бизнестегі осындай істердің қайта жандануына мүмкіндік бермек. Бүгінгі күні  тауарларын экспортқа шығаратын, сапалы, бәсекеге қабілетті тауар өндірушілер біздің өңірімізде көптеп саналады. Сапаны қадағалау ісі, әсіресе құрылыс саласына қажет-ақ. Осы мәселелерге орай, Жолдау кәсіпкерлердің көкейіндегісін дөп басты деуге әбден болады», — деді.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова мен «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановтар бұл Жолдаудың да еліміздің әлеуметтік, экономикалық салаларын дамытуға серпін беретінін атап өтті. Жиналғандар Жолдауда айтылған жайттарды бірауыздан мақұлдап, өз қызметтерінің барлық бағытында пайдаланатындықтарын жеткізді.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button