Жаңалықтар

Еңбекақы өсетіні — елеулі қамқорлық

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  халыққа арнаған кезекті Жолдауын Ақтөбе гуманитарлық колледжінің ұжымы мен оқушылары да онлайн трансляция арқылы тыңдады.

Аталған оқу орнында мыңнан аса оқушы білім алады. Жыл сайын төрт жүзге жуық түлек бітіреді. Олардың 70 пайыздан астамы жұмысқа орналасады. Оқушылар ел дамуындағы маңызды құжат — Елбасының Жолдауын ұстаздарымен бірге отырып тыңдады. Жолдау аяқталған соң тыңдаушылар өз ойларын ортаға салды. Колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Қалиева Елбасының мұғалім мәртебесін көтеруге қатысты пікірін қуана құптайтынын айтты.

— Жолдауды мұқият тыңдадық. Барлық мәселе көтерілді. Кейбір проблемалардың шешу жолдары айтылды. Әсіресе Елбасының  «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау туралы айтқаны қуантып тастады. Расында, көп жағдайда ұстаздың еңбегі еленбей жатады.

Мемлекет басшысы мектепке дейінгі білім беру сапасы туралы айтып, тәрбиешілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарауды да тапсырды. Бұл — өте құптарлық іс. Мәселен, колледжді биылғы жылы мектепке дейінгі ұйым мамандығы бойынша  барлығы 66 түлек бітірді. Оның 46-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алды. Бірақ түлектердің басым бөлігі балабақшаға барғысы жоқ. Себебі еңбекақылары өте төмен, яғни айына 40-43 мың теңге алады. Бұдан сауда орнында сатушы болып жұмыс істеген тиімді. Айлығы — 50-80 мың теңге арасында. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған жастарды балабақшада жұмыс істеуге үгіттейміз, бірақ мәжбүрлей алмаймыз. Міне, енді сол мәселе шешілгелі отыр, — деді  Ардақ Қалиева.

Ал колледждің 3-курсында оқитын Әмина Оңайбергеноваға Елбасының мектеп оқушылары мен жастардың спорт залдарға кіруі тегін немесе төмен бағада болуы керектігі туралы айтқаны көңілінен шығыпты. Облыстық жастар ресурстық орталығынан келген Динара Әбілқайырова да өз ойын білдірді.

— Елбасы келер жылды Жастар жылы деп жариялайтынын айтты. Бұл — біз үшін қуанышты жаңалық. Себебі бүгінгі жасалып жатқан жаңашылдықтардың  барлығы — жастардың болашағы үшін. Сондықтан бұндай игі шаралар біздің еңбекке деген құлшынысымызды арттырып, болашаққа деген сенімімізді нығайтады, — деді ол.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button