Жаңалықтар

Жиын-терін жемісті ме?

Брифинг

Сонымен, күз де келді. Диқан қауымы ала жаздайғы еңбегінің жемісін көру үшін әр қолайлы күнді тиімді пайдалануға ұмтылуда.

Алғашқы нәтижелер қалай? Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай осы жөнінде баяндап берді.

Оның айтуынша, биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егістік алқабы 758,4 мың га жерді құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 102 мың гектарға артық. Нақтылап айтар болсақ, дәнді дақылдар — 443,7 мың га, майлы дақылдар — 50 мың га, мал азығы — 253 мың га, картоп — 6,2 мың га, көкөніс  пен бақша дақылдары 5,5 мың га құрайды.

Ауыл шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әртараптандыру жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен, жалпы көрсеткіш бойынша дәнді дақылдар үлесі бұрынғыдан азайып, ал жемшөп дайындау, майлы дақылдар көлемі көбейе түсті.

— Қазіргі уақытта дәнді дақылдардың 89 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 10,3 центнерден құрайды, жалпы өнім 404 мың тоннаға жетті. Бидай 261 мың гектар жерден, дәнді дақылдар — 6 мың гектар, арпа 115,2 мың гектардан жиналды. Ақтөбе қаласы мен Темір, Ойыл, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар аудандарында егін жинау жұмыстары аяқталды. Жоғары өнімділік Темір, Мұғалжар, Мәртөк және Хромтау өңірлерінде байқалады. Қыркүйек айының соңына дейін барлық жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз, — деді басқарма басшысы.

Алдағы мал қыстату науқанына 2,4 миллион тонна көлемінде шөп қоры дайындалды.

Облыста жаңа өнім астығын қабылдау үшін сыйымдылығы 368 мың тонна болатын 6 лицензияланған элеватор жұмыс істейді, сонымен қатар қуаттылығы 123,4 мың тонна болатын 184 астық қоймасы бар. Науқанды табысты өткізу үшін 1181 комбайн, 1454 жүк көлігі жұмылдырылды және 118 механикаландырылған қырман жұмыс істеуде.

Биылғы жылы дизельдік отынға деген қажеттілік 8,5 мың тоннаны құрайды, оның ішінде 3,6 мың тоннасы арзандатылған  отын түрінде тасымалданды. Жанар-жағармайдың 1 литрінің бағасы 162,6 теңгені құрады, бұл нарықтағы деңгейден 25-30 теңгеге арзан.

Облыстық басқарма басшысы биылғы егіс науқанында технологияны сақтауға айрықша көңіл бөлінгендігін атап көрсетті. Соның нәтижесінде 3,3 мың тонна минералды тыңайтқыштар пайдаланылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары арамшөптерге қарсы өңдеу жұмыстарымен шұғылданды.

Басқарма басшысы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын жасақтауға байланысты да мәліметтерді ұсынды. Биылғы жылы облыста тұрақтандыру қорын құруға жергілікті бюджеттен 309 миллион теңге бөлінді. Қордың операторы «Базарларды басқару» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік кәсіпорын негізіндегі «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ.

— Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 247 тонна қант, 100,5 тонна өсімдік майы, 27 тонна күріш, 111 тонна ұн сақталуда. Сонымен қатар, 2018-2019 жылғы маусымаралық кезеңде 1 880 тонна картоп пен көкөніс сатып алу үшін фьючерстік келісімшарттар жасалды. «Пригородное» ЖШС 500 тонна картоп, 100 тонна сәбіз, 200 тонна пияз, 80 тонна қырыққабат, ал «АкТеп» ЖШС 1000 тонна картоп жеткізеді, — деп толықтырды басқарма басшысы.

Тұрақтандыру қорының өнімдері Ақтөбедегі 10 әлеуметтік павильонда, 2 әлеуметтік дүкен мен 10 шағын-базарда, сондай-ақ  «Табыс» базарында сатылады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button