Жаңалықтар

Қыдырбайдың қымызы

Алға ауданының Қарсақбай елді мекеніне барсаңыз, қымыз ішпей қайтпайсыз. Біз де сөйттік. Жер жолмен адасып келе жатып, шаруашылықтың шарбағына келіп тірелдік. Жол сұрай жүріп, жөн сұрастық. Астымыздағы темір тұлпарымызды «суытып», сабадар ұсынған сағаннан қымыз ауыз тидік. Шаруашылық басында жүрген кәсіпкер Қыдырбай Ксуповпен сұхбаттастық. Бақсақ, Ақтөбедегі сауда орындарының сөрелерінде самсап тұрған «Абылай» қымызы осы жерден шығады екен. Кәсіпкер шаруа қожалығының атауын кенже баласы Абылайдың  атына қойған екен.

Сауын саусаң, бие сау…

Алға ауданындағы ең алғашқы шаруа қожалығы ретінде тіркелген қымыз өндірісі кәсібін Қыдырбай Ксупов 1997 жылы қолға алыпты. Бастапқыда 6-7 жылқы, 20 шақты қой, 10 шақты ірі қара баққан шаруаның ауласында бүгінде 300-ден астам жылқы, 500-дей ақбас сиыр, отар-отар қойы бар. Шаруашылықтың бір ғана ескі «Беларусь» тракторынан басталған техника паркі де толыққан.

— Бұл жерді менің әке-шешем жайлаған. Бастапқыда осы жерде совхоз болған, кейін кішірейе-кішірейе шопандардың отыратын жеріне айналған. Мал шаруашылығы үшін де, егін шаруашылығы үшін де өте қолайлы, шұрайлы жер. Сонау тоқсаныншы жылдары шағын ауылдар тарап, мүліктері талан-таражға түскенде қайтсек те осы жерді сақтап қаламыз деген мақсат болды. Рас, біраз адам көшіп кетті. Қазір бұл жерде тек негізінен осы шаруашылықта жұмыс істейтін адамдар тұрады. 1997 жылы мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен 15 миллион теңгеге жуық қаражат алып, мал басын арттырдық.  2011 жылы «Жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында шаруашылыққа 5 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан Бұлақ елді мекенінен электр энергиясы тегін тартылды. Бұл да шаруалар үшін үлкен көмек. Бүгінде мал басын арттыру үшін алынған 15 миллион теңгеге жуық несиеден толық құтылдым. Былтыр жылқы бағытымен қоса, сиыр бағу ісін де одан әрі кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 300 бас ақбас сиыр алдым. Ет бағытындағы қазақтың ақбас малы. Өсім жақсы, — дейді Қыдырбай Ксупов.

Шаруашылық Ақтөбе қаласынан 73 шақырым, Алға ауданы орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан. Алыс та болса, жақын: Ақтөбе-Қобда тасжолынан бар болғаны 7-8 шақырым ғана жерде тұр. Қазір мұнда алты адам жұмыс істеп жатыр.

— Жұмысшыларға мүмкіндігінше жағдай жасауға тырысамыз. Шаруашылық басында барлығының да тұрып жатқан үйлері бар. Алдында малы бар. Кейбір жұмысшыларымыз облыс орталығынан үй астып алып жатыр. Мәселен технологымыз Қанымзия Нұрашева өзінің туған жері Орал қаласынан баспана сатып алды, — дейді кәсіп иесі.

Қыдырбай Ксуповтың айтуынша, 300-ден астам жылқының 60-ы сауын бие. Күніге сұранысқа қарай 180-200 литрдей қымыз ашытылады. Кәсіпкер бүгінде кәнігі қымызшыға айналған. Қымыздың пайдасы көп дейді:

— Қазақта «Сауын саусаң, бие сау, Боз қырау түспей суалмас. Түйткіл тартсаң, түйе сау, Ауру, бәле, жын алмас» деген сөз бар. Осы сөз бекерге айтылмаған. Қазақ ежелден қымыздың пайдасын жақсы білген, оны текті сусын санаған. Бүгінде қымыздың пайдасын әлем түгел біліп болды, Азия түгілі, Еуропа елдерінің бірқатарында қымыз өндірісімен кәсіби түрде айналысу жолға қойылған. Қымыз — денсаулыққа аса пайдалы, шипалы сусын. Оның құрамында адам денсаулығына қажетті барлық дәрумен бар. А, С және В тобындағы дәрумендерге бай. Қан құрамындағы гемоглобинді арттырып, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жақсаруына септігін тигізеді. Оған қоса жүйке, құрт ауруларымен ауыратын адамдар үшін де өте пайдалы. Осында келіп, бірнеше күн жатып, саумал ішкісі келетіндер бар. Алайда дәл қазір оған мүмкіндік жоқ. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыруды жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз жолдан көрген боларсыздар, қазір осы жаққа қарай газ құбыры тартылып жатыр. Біздің шаруашылыққа да жетіп қалды. Енді сәтін салса, келген адамдарға ыңғайлы болу үшін демалуға, саумал ішуге келгісі келетін адамдарға тұрғынжай салу ойымызда бар, — дейді кәсіпкер.

Қымызды кім ішпейді?!.

Шаруашылықта қымызды арнайы ағаш күбіге салып ашытады. Бұл істің басы-қасында технолог Қанымзия Нұрашева жүр. Орал қаласының тумасы. Осы шаруашылықта он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Жаз мезгілінде, бие сауатын кезде ғана, яғни мамырдан бастап қарашаға дейін осында болады.

— Биені арнайы аппаратпен сауады. Сауыншылар маған саумалды әкеліп бергеннен кейін оны ыдысқа сүзіп құйып аламын да, тұндырамын. Қымызды ашыту үшін үстіне қораба құямыз. Қораба дегеніміз — қымыздың ашытқысы.

Күбіге құйып, кемінде 4-5 сағат бойы соқтырамын. Дайын болған қымызды арнайы құтыларға құйып, сауда орындарына жөнелтеміз. Бастапқы кезде қымызды шұбатпенен ашыттық. Қазір қымыз қорын, яғни қораба ашытқысын жасап алдық. Соны үзбейміз. Қыста 40-50 литрдей қораба алып қаламыз. Келесі жылға дейін молынан жетеді, — дейді технолог.

Қанымзия Нұрашеваның айтуынша, күбіні киікотымен, тобылғымен жиі-жиі ыстап тұру қажет. Әйтпесе, сирек ысталған ыдыс өңезденіп, қымыздың дәмі бүлінеді.

Ертеректе ата-бабамыз қымыз ашытатын ыдыстың жиі ысталуымен қатар, сапалы болуына да қатты мән берген. Себебі қымыздың дәмді болуы да соған байланысты. Бұрында семіз жылқының терісінен тігіліп, өңделіп, ысталған, торсықта немесе қарағайдан, басқа да ағаштан жасалған күбіде ашытылатын болған.  Қазіргі кезде қымызшылар көбіне емен ағашынан жасалған күбілерде піседі.

— Арнайы күбі іздеп, Ақтөбені аралап шықтым. Таппаған соң ағаш шеберлеріне қолқа салдым. Бірақ олардан да оңды жауап болмады. Сөйтіп, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында арнайы осындай ағаш күбілер жасайтын шеберлерге тапсырыс беріп, бірнешеуін алдырдым. Әр күбіге 20-25 литр қымыз кетеді, — дейді Қ.Ксупов.

Кәсіпкердің айтуынша,  шаруашылыққа келіп, емдік мақсатта арнайы тапсырыспен келіп, қымыз алып кететіндер бар. Той-томалаққа да 50-100 литрлеп сатып алып кетеді. Ақтөбедегі ірі сауда орындарына да шығарылады. Тек Ақтөбе ғана емес, Оралдан да сұраныс бар. Дегенмен қымыздың өте пайдалы екендігін, оны жиі қолдану қажеттігін біздің қоғам әлі де толық түсіне қоймағанға ұқсайды. «Күніге 180-200 литр шығарылады, бұл аса көп емес. Қымыздың пайдалылығын ескерсек, сұраныс бұдан да жоғары болуы тиіс еді», — дейді қымызшы.

Кәсіпкердің мемлекеттік бағдарламаларға қатысты да айтары бар:

— Қазір ауыл шаруашылығы саласында мемлекет тарапынан берілетін субсидия азайды. Есесіне төмен пайызбен несие беру жолға қойылып келеді. Десек те, шаруалар үшін субсидия алу әлдеқайда тиімді. Қазір ауылдық жердегі шаруалардың көбінің несие алу үшін бастапқы кепілдігі жоқ. Осы күрделі мәселе. Меніңше, төмен пайызбен несие бергеннен гөрі субсидия берген әлдеқайда тиімді.  Ресей, Беларусь елдерінде субсидияның көлемі жоғары. Бізде де сондай болса, әлдеқайда жеңілірек болар еді, — дейді Қ.Ксупов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button