Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметші — мемлекеттің айнасы

Әдеп кодексі

Мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында 2015 жылы Елбасының Жарлығымен Әдеп кодексі қабылданып, әдеп жөніндегі уәкіл қызметі тағайындалған болатын. Соған сай өткен жылы облыстық деңгейдегі барлық әкімдіктерде әдеп жөніндегі уәкіл өз жұмысын бастап кетті. Әдеп жөніндегі уәкіл деген кім, оның мақсаты қандай, ол немен айналысады? Осы және басқа да сұрақтарға 2017 жылдың шілде айынан бері әдеп жөніндегі уәкіл қызметін атқарып келе жатқан Ризагүл Омарова жауап берді. 

Әдеп жөніндегі уәкіл деген кім?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге байланысты. Осы бағытта мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке бағытталған іргелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекеттік менеджменттің сапалы моделіне көшу ең алдымен мемлекеттік қызметшілерге үлкен жауапкершілік артып отыр. Ал бұл жауапкершілікке мемлекеттік қызметшілер қаншалықты дайын?

Ризагүл Омарованың айтуынша, мемлекеттік қызмет істері агенттігі жүргізген сараптамаға сәйкес, соңғы жылдары басқа салаға, соның ішінде жеке бизнесін жүргізуге, басқа да салалар бойынша жұмысын ауыстырған мемлекеттік қызметшілер саны артқан. «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар». Агенттік те бұл көрсеткіштің артуының артында тұрған себепті анықтады: мемлекеттік қызметшілер лайықты деңгейде қорғалмаған, қоғамда олардың мүдделері көп жағдайда аяқасты болатыны анықталған.

  • Мемлекеттік қызметшілер да адам баласы. Кейде шаршайды, алайда, шаршадым екен деп қатты сөйлеуге, дөрекі сөйлеуге болмайды. Егер сондайға жол беріп алсаң, оны ешкім кешірмейді, ол ешқашан кешірілмейді. Тіпті ешқандай дөрекілікке жол бермесең де, қоғамда жазықсыздан жазықсыз үстіңнен шағым айтатын адамдар кездесіп қалады. Ал мемлекеттік қызметші не істейді? Ондай іске бармағанын айтып, ақ бола тұра, ақталады. Өзінің ақтығын дәлелдеп, сотқа жүгінетіндер өте сирек. Ал сотқа бару ұзақ уақытты, жүрісті талап етеді. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілердің дені осындай жағдайға тап болса, қызметін тастап, басқа салаға ауысып кетіп жатады. Сондықтан осындай істердің ақ-қарасын анықтап, аражігін ашу үшін, мемлекеттік қызметшілердің абыройын, мүддесін қорғау үшін әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілді, — дейді Р.Омарова.

Бұл туралы арнайы ереже бекітіліп, уәкілдің негізгі міндеттері айқындалды. Ережеге сәйкес, әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Әдеп кодексінің сақталуын қамтамасыз ететін, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беретін мемлекеттік қызметші. Бір сөзбен айтқанда, уәкіл мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының, жүріс-тұрысының өз қызметіне лайықты болуына, осылайша халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызмет саласында өзара қатынастар мәдениетінің дамуына ықпал ететін маман. Осы мақсатта әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша кеңестер береді. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарап, ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі. Оған қоса мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғау бағытындағы жұмыстарды жүргізеді. Қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алу мақсатында өзге де міндеттерді атқарады.

  • Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы аса қиын емес, себебі біздің салада барлығы заңнамалар бойынша реттелген. Тек өзіңнің функционалдық міндеттеріңді, соған сай заң талаптарын, ережелерді білсең және соларды ұстансаң болғаны. Өкініштісі, менің кейбір әріптестерім мемлекеттік қызмет дегеніміз күніге 8 сағаттық жұмыс қана деп ойлайды. Шындығында, мемлекеттік қызметші дегеніміз 24 сағаттық міндет пен жауапкершілік. Себебі жұмыста сегіз сағат жап-жақсы міндетіңді атқарып, жұмыстан шыққасын, мейрамханаға барып, ішімдік ішіп, жұртпен төбелесіп, лас сөздер айтып, жұрттың мазасын алсаң, сенің қандай қадір-қасиетің қалады? Бұл мүлде дұрыс емес. Себебі мемлекеттік қызмет — қоғамның саған деген сенімі. Осы сенімге селкеу түсірмеу керек, — дейді Ризагүл Омарова.

«Сіз ғарыш корабльдерін құрастырып жатырсыз»…

Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ережелерге сәйкес, Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі. Ризагүл Омарова мемлекеттік қызмет саласында жиырма жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді.

Оқу бітіргеннен кейін ол кеңес кезінде комсомол ұйымы құрамында болған. Комсомол ұйымдары тарағаннан кейін Сыртқы істер министрлігінде машинистка-хатшы болып жұмысқа орналасып, бір жылдың ішінде кеңсе бөлімінің басшысы қызметіне дейін көтерілген.

— Одан соң отбасы жағдайыма байланысты Ақтөбеге көшіп келдім. Тоқсаныншы жылдардың ортасында Ақтөбеде жаңадан құрылған мемлекеттік тергеу комитетіне жұмысқа орналастым. Менің жұмыстағы белсенділігіме, мұқияттылығыма қарап, жергілікті атқару органдарына жұмысқа баруға ұсыныс айтылды. Сөйтіп қала әкімдігінің ұйымдастыру бөліміне келдім де: «Мен осы жерде жұмыс істегім келеді» деп төтесінен қойдым. Ол кезде қала әкімі Елеусін Сағындықов болатын, менің еңбек кітапшамды көріп, комсомолда, министрлікте жинаған тәжірибем осы жерде де пайдалы болар деген үмітпен жұмысқа қабылдады, — дейді Р.Омарова.

Қалалық әкімдікте Ризагүл Омарова  ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімін басқарды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында елде жағдай өте ауыр болатын. Күнкөрістің өзі қиын еді. Жарық өшіп қала беретін, зейнетақы, жәрдемақылар кешіктіріліп жатты, балабақшалардың есігіне құлыптар ілініп, нан табудың өзі қиындап кеткен жағдайлар болды.

— Сондықтан халықтың жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін жіті қадағаладық. Қалалық әкімдіктің әрбір қызметкеріне бір-бір көшеден бекітіп қойды. Маған сол кездегі ең ұзын көше — Некрасов көшесі бектілді. Әлі есімде, бұл көшеде 246 үй болды. Онда қанша адам тұратынын, олардың немен айналысатынын жақсы білдім. Жалғыз басты қарттарға жиі көмектесетін едік. Ол кезде әлеуметтік қорғалмаған, тұрмысы нашар отбасылар көп болды. Ондай кезде наразылықтар, арыз-шағымдар да жиі болатыны белгілі. Біз әр адамнан келетін өтінішті, арыз-шағымды жіті зерттедік, ешқайсысын кері қайтарғанымыз жоқ. Біздің бөлімде 5 адам жұмыс істеді, соның әрқайсысы айына кем дегенде 45 арыз қараушы еді. Жүктеме осындай көп болса да, ешбір қызметкердің үстінен шағым түскен жоқ. Әлеуметтік қорғалмаған әр отбасының жағдайын бүге-шігесіне дейін біліп отырдық. Қандай жағдай болса да, қай уақытта болса да, соларға көмек керек болса, қасынан табылуға дайын едік. Себебі, мемлекеттік қызметші — халықтың сенім артқан тұлғасы. Мемлекеттік қызметші — мемлекеттің айнасы, мемлекет басшысының жергілікті жердегі өкілдері. Әр адам өз міндетін адал, заң шеңберінде атқарса, онда ешкім ешкімнің үстінен шағым айтпас еді, — дейді Р.Омарова.

Ризагүл Омарова мына мысалды жиі қайталайды: «Бір күні баласы әкесінен: «Әке, сіз отыз жылдан бері жұмыс істеп келесіз. Қандай міндет атқарасыз? Не істейсіз?» деп сұрайды. Сонда әкесі: «Балам, мен күнде бұрандаларды сүртемін. Бірақ сол бұрандалардың тағдыры одан әрі не болып жатқанын білмеймін», — дейді де, келесі күні басшыларына баласының сұрағын қояды. Сонда басшылары: «Сіз ғарыш корабльдерін құрастырып жатырсыз», — деген жауап алады.

— Мемлекеттік қызметші де сондай — біздің әрбіріміз мемлекет деген алып құрылымның бөлшегіміз. Бір бөлшек дұрыс жұмыс істемесе, тұтас құрылым зардап шегеді. Сондықтан әр адам өз жауапкершілігін сезінуі, сол жауапкершілікті адал атқаруы тиіс, — дейді Р.Омарова.

Бұдан соң Ризагүл Омарова «Асар» партиясының Ақтөбе облыстық филиалын басқарды, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшысы, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары, облыс әкімінің бес аудан бойынша бас инспекторы қызметтерін атқарды. Әдеп жөніндегі уәкіл қызметіне конкурс жарияланған кезде таңдау бірден Ризагүл Омарованың кандидатурасына түсті.

Кәсіби мемлекеттік аппарат құруды әр мемлекеттік қызметкер «менің міндетім» деп түсінуі керек!

Қазір аудан әкімдіктерінде де әдеп жөніндегі уәкілдің міндеттері жүктелген мемлекеттік қызметшілер бар. Р.Омарованың айтуынша, тұрғындармен тығыз жұмыс істейтін 50 мемлекеттік қызметшінің қатысуымен арнайы оқу курсы өткізілген.

— Бүгінде мемлекеттік қызметте жастар көп. Мемлекеттік қызметкерлердің орташа жасы — 35-45 жас аралығында. Кеңес кезінде бұл салаға 40-50 жыл тәжірибесі бар адамдар жиі келетін. Ал қазір оқу орнын жаңа бітіріп, дипломын алған жас маман мемлекеттік қызметке орналаса алады. Алайда осы салаға келгеннен кейін, мойнына жауапкершілік алғаннан кейін ешкімге жассың, ересексің деп, жеңілдік берілмейді. Міндетті заң шеңберіңде атқаруға тиіссің. Өкініштісі, біздің кейбір әріптестеріміз алдына келіп отырған адамды тыңдауды, қалай сұрақ қоюды білмейді. Оқу курсында осы мәселеге жіті мән бердік. Медиация әдістерін қолдануды үйреттік. Өзім де ай сайын мемлекеттік басқару академиясы филиалында өтетін шараларға, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарына қатысып тұрамын, — дейді Р.Омарова.

Уәкілдің айтуынша, мемлекеттік қызметшілер арасында жарты жылда бір рет анонимді сауалнама жүргізіледі. Соның нәтижесінде көзге көрінбейтін кейбір күрделі мәселелер анықталды. Соның бірі — уақытынан артық жұмыс істеу.

— Заң бойынша артық жұмыс тек екі сағатқа созылуы мүмкін. Одан көп жұмыс істету — заңға қайшы. Жүргізілген сараптамаға сәйкес, білім, экономика және бюджетті жоспарлау басқармасында, қалалық әкімдікте осындай деректер кездесті. Алайда бұл мекемелерде бос жұмыс орындары көп болған, сондықтан қызметкерлерге екі-үш адам үшін жұмыс істеуге тура келген, қазір жағдай реттеліп жатыр, — дейді уәкіл.

Ризагүл Омарова күн сайын түскі мезгілден кейін тұрғындарды, мемлекеттік қызметшілерді өз кабинетінде қабылдайды. Олардың айтар ұсыныс-тілектерін, өтініштерін тыңдайды, заң аясында тегін кеңес береді.

Бұған қоса қазір Ақтөбедегі мемлекеттік қызметшілер арасында іскерлік стильдегі арнайы киім киюді енгізу жұмыстары қолға алынған.

— Мемлекеттік қызметші тек өзінің кәсіби біліктілігімен, мінез-құлқымен ғана емес, жүріс-тұрысымен, киім-киісімен де жұртқа үлгі болуға тиіс. Біз мінсіз мемлекеттік қызметшінің нағыз бейнесін жасауға тырысып келеміз. Бұл Елбасының кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолында алдымызға қойған міндеттерінің бірі. Бұл жауапкершілікті, яғни кәсіби мемлекеттік аппарат құруды әр мемлекеттік қызметші «менің міндетім» деп түсінуі керек, — дейді Ризагүл Омарова.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button