Жаңалықтар

Заңсыз сатылған темекі, алкоголь өнімдері анықталды

14-24 тамызда Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы акциздік және есепке алу-бақылау маркасы жоқ алкоголь, темекі өнімдерін заңсыз тарату бойынша бақылау жұмыстарын күшейту мақсатында облыс орталығында рейд өткізді. Нәтижесінде қаладағы 3 сауда орнынан акциздік маркасы жоқ, белгіленбеген үлгісі бар маркалы, контрафактілік темекі өнімдері табылған.

Біз осы жөнінде Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Қапаровпен әңгімелескен едік.

2 032 қорап темекі тәркіленді

Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Қапаровтың айтуынша, аталған тексеру жұмыстарының нәтижесінде мобильді топ мүшелері заңсыз 2 032 қорап темекі өнімін тәркілеген. Аталған темекі өнімдері Тәжікстан, Ресей және Еуропа елдерінде шығарылған.

Мобильді топ жүргізген тексерулердің нәтижесінде анықталған дерек бойынша жеке кәсіпкерлердің үстінен қозғалған әкімшілік материалдары Ақтөбе қаласы бойынша мамандандырылған әкімшілік сотына жіберіліп, процессуалдық шешім шығарылды. Қазіргі таңда контрафактілік өнімдерінің қала аумағына қалай келгендігі, оларды шетелдерден әкелген азаматтар туралы мән-жай анықталып жатыр. Сатушылардан, сондай-ақ кәсіпкерлерден түсініктемелер алынды. Алдағы бір айдың ішінде әкімшілік сотының шешімі шығарылады. Мұндай заңбұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 283-бабының 2-тармағы бойынша сауда орнының иелеріне 50 айлық есептік көрсеткіштен (120 250 теңге) 500 айлық есептік көрсеткішке (1 202 500 теңге) дейін айыппұл салынады, сондай-ақ өнімдері тәркіленіп,  қолданыстан шығарылады және лицензиясынан айырылады, — дейді Мақсат Қапаров.

Мобильді топ мүшелерінің айтуынша, аталған темекі өнімдері Орталық базар маңындағы «Қуаныш», «Доспан» дүкендерінен, сондай-ақ «жабайы» сауда орындарынан табылған.

Сыртынан қарағанда қызылды-жасылды темекі бұйымдары отандық темекі өнімдерінен ешқандай айырмашылығы жоқ. Алайда, қала аумағына заңсыз әкелген өнімдердің не  акциздік маркасы жоқ, не зияндылығы туралы ескертпелері жоқ.

— Аталған өнімдер Орталық базар аумағындағы ұсақ-түйек заттар, темекі өнімдерін сататын дүкендерден табылып отыр. Бұл темекі өнімдерінің адам денсаулығына қандай зияны бар екенін, олардың сапасы қандай екенін ешкім білмейді. Себебі барлық контрафактілік өнімдер қала аумағына заңсыз жолмен әкелінген және ешқандай санитарлық-эпидемиологиялық тексерулерден өтпеген. Заң бойынша кез келген темекі өнімдерінде қазақстандық таңба болуы керек, сондай-ақ темекі қорабының сыртында ескертпе жазулар мен қорқынышты суреттер салыну қажет. Сонымен қатар бұл өнімдер елімізде еш жерде тіркелмегендіктен, одан мемлекетке түсетін түсім де жоқ. Сондықтан барлық қала тұрғындарына осындай заңсыз өнімдердің сатылып жатқанын білсе, сауда орындарынын көрсе, бізге хабарлауын сұраймыз, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Мұхит Ермекбаев осыдан бір апта бұрын Орталық базар аумағындағы «жабайы» сауда орындарын бірінен сыртында «Тәжікстан» деген маркасы бар қызыл қорапты темекі сатып алғанын айтады.

  • Қазір темекінің бағасы «ұшып» тұр. Сондықтан бағасы қолжетімді, арзан болған соң осы темекіні сатып алдым. 10 қорап темекіні 2500 теңгеге алдым. «Дәмі» өзгешелеу, басқаларға қарағанда, ащылау. Бірақ сатып алушылар көп екен, — дейді ол.

 Лицензиясыз сауда, чек және заңсыз кеңселер

Биыл жыл басынан бері Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы жоспарға сәйкес алкоголь өнімдерін сататын сауда орындарына бірнеше рет рейд жүргізген. Нәтижесінде алкогольді ішімдіктерді бөлшектеп сатуға мемлекеттік лицензиясы жоқ тұлғалар анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

— Аталған деректер бойынша сауда орындарының иелері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 463 және 282-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 54 мың бөтелке алкоголь өнімдері тәркіленді. Айта кету керек, лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатқан тұлғаларға 15 айлық есептік көрсеткіштен (36 075 теңге) 500 айлық есептік көрсеткішке дейін (1 202 500 теңге) айыппұл салынады, сондай-ақ өнімдері тәркіленеді. Ал ілеспе жүкқұжаттары жоқ алкоголь өнімдерін сатқан шағын бизнес өкілдеріне 75 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады. Биыл жыл басынан бері 8 айда 30-дан астам дерек анықталды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, — дейді М.Қапаров. 

Оның айтуынша, бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мобильді тобы жеке кәсіпкерлік орындарын аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс тобы жеке кәсіпкерлердің бақылау-кассалық машиналарын тексеріп, хабарлама қағаздары мен «Чек талап ет — жүлде ұтып ал!» акциясы туралы жазылған плакаттарды таратады. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік орындардың салық органдарында тіркеуде тұрғанын, тұрмағанын анықтап, сауда нүктелерінде бақылау-кассалық машиналардың болуын, төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған құрылғының болуын қадағалайды.

  • Чек талап ету бұл әрбір тұтынушыға тікелей байланысты. Біздің басқарма үш-төрт жылдан бері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен қала тұрғындарына акция өткізіп, олардың әр алған тауарына чек алулары керек екенін, бұл кез келген тұтынушы үшін қажет екенін түсіндіріп жатырмыз. Егер тұтынушы чекті өзі талап етпесе, кәсіпкерлер, сатушылар кейде бермеуі мүмкін. Сондықтан біз осы мәселеге байланысты жыл сайын әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бүгінгі күнге дейін басқармаға чек алу, тауарларды қайтару бойынша қала тұрғындарынан 100-ден астам арыз-шағым келіп түсті. Келген арыз-шағымдар бойынша Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудепартаментімен бірлесіп, сауда орындары мен Орталық базардың сауда нүктелерінде тексеру жұмыстарын жүргізді. Осы тұста айта кету керек, бүгінгі күні басқарма мамандары кәсіпкерлік нысандарына тұрғындардан арыз-шағым түспесе, тексеру жұмыстары жүргізе алмайды. Сондықтан қала тұрғындарын тауар, не азық-түлік алғанда чек талап етуге шақырамыз, — дейді Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Қапаров.

Айта кету керек, биыл басқарма мамандары шілде-тамыз айларында қала аумағындағы 16 жағажайға тексеру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде лицензиясыз алкоголь, темекі өнімдерін сатқан, бақылау-кассалық аппараттары жоқ жағажайлардың әкімшілігіне айыппұл салынып, ескерту берілген. Сонымен қатар футболдан өткен әлем чемпионаты кезінде 30-дан астам букмекерлік кеңсеге рейд жүргізіліп, тіркеусіз, заңсыз жұмыс жасаған кеңселердің үстінен әкімшілік іс қозғалған.

— Әлем чемпионаты өткен бір айдың ішінде 20-ға жуық заңсыз жұмыс жасаған кеңселер анықталған. Олардың үстінен әкімшілік материалдар жасақталып, Ақтөбе қаласы бойынша мамандандырылған әкімшілік сотына жіберілді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда, — дейді М.Қапаров.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button