Спорт

Ақмарал күміс жүлдегер атанды

28 тамыз  бен 2 қыркүйек аралығында Талдықорған қаласында өткен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында жерлесіміз Ақмарал Үргешбаева жүлделі IІ орынға ие болды. 

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде ұйымдастырылған жарысқа еліміздің маңдайалды ауыр атлеттері қатысты. Осы додада әйелдер арасында Ақмарал Үргешбаева 55 салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды.

— Жарысқа барынша жақсы дайындықпен аттандым. Бұйырғаны күміс жүлде болды. Менің салмағымда сынға түскен белгілі ауыр атлет Зульфия Чиншанло чемпион атанды.

Әрине, осы ретте  жеке бапкерім Ерболат Орқашбаевтың еңбегін ерекше атап өткім келеді.  Спортшының жеңіске жетуіне жаттықтырушының көмегі көп, — дейді Ақмарал.

А.Үргешбаева қазір жаттығуынан бөлек, Ақтөбе қаласындағы «Жастар» спорт мектебінде шәкірттер даярлауда. Оның айтуынша, өңірде ауыр атлетикамен айналысатын жастардың саны артып келеді. Шәкірттері жастар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыстарда топ жарып жүр. «Ендігі мақсатым — олимпиада чемпиондарын даярлау», — дейді спортшы.

Айта кетейік, Ақмарал Үргешбаева — жастар арасындағы ҚР чемпионы (2011 жыл), сондай-ақ 2012 жылы Талдықорған қаласында және 2013 жылы Қызылордада өткен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның спорт шебері.

Ақбота БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button