Жаңалықтар

Жолақы мен қоқыс шығару ақысын көтеру мәселелері талқыланды

Мәслихат

Ақтөбе қаласында қоғамдық көліктегі жолақы және қоқыс шығару тарифін көтеру мәселелері өткен сенбі күні қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында талқыланды.

Бүгінгі таңда шаһарда  54 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайтын екі мекеме бар. Оның 34-іне — «Автопарк» ЖШС, қалған 20-сына қалалық жолаушылар тасымалы кәсіпорны қызмет көрсетеді. Аталған кәсіпорындар қоғамдық көлікте жүру ақысын 180 және 212 теңгеге арттыруды сұрайды. Бұның себебін олар  қосалқы бөлшектер  мен жанар-жағармайдың қымбаттауымен, әрі  жұмысшылардың  жалақысын көтеру қажеттігімен түсіндіреді.

Жолақыны көтеру мәселесі бойынша бүгінгі күнге дейін 6 қоғамдық тыңдау өткен. Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар жол ақысын 212 теңгеге дейін көтеруге қарсы. Қоғамдық көлікте жүруді 80 теңгеден, зейнеткерлер мен 2,3- топтағы мүгедектер үшін 55 теңгеден асырмауды талап етті. Сондай-ақ студенттердің де жағдайын ескеріп, жеңілдік қарастыру ұсыныстары айтылды.

— Осы мәселе бойынша қалалық қоғамдық кеңес мүшелері арнайы рейдке шығып, мониториг жүргізген болатын. Диспетчерлік қызметтің негізгі міндеті — автобустардың уақтылы, соңғы және аралық пункттеріне жүру бағыттарын, санитарлық жағдайларын қадағалау. Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту керек. Автобусқа мінгенде кондуктордың кім екенін білмейміз. Кейбіреулерінің үстінде арнайы жұмыс киімі не қолында билеті жоқ. Осы мәселелер қадағалануы керек.

Біз, қоғамдық кеңес мүшелері, ақылдасып, жол жүру ақысы 80 теңгеден аспауы жөнінде ұсыныс беріп отырмыз. Оның ішінде зейнеткерлер үшін бұрынғы 55 теңгенің қалғаны дұрыс, — деді Ақтбе қаласының қоғамдық кеңес мүшесі Абай Сақтағанов.

Комиссия отырысында Ауған соғысының ардагерлері қоғамдық көліктерде тегін жүрсе деген тілек те айтылды. Сондай-ақ депутаттар жолаушылар тасымалына жауапты мекемелердің қазір автобус жүргізушілеріне тәуелді екенін атап өтті. Сондықтан жұмыс сапалы жүргізілуі үшін жүргізушілер резерві болуы шарт.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғали:

— 2015 жылдан бері жолаушылардың жол жүру құны 55 теңгені құрап отыр. Еліміздің Атырау, Орал, Семей, Қостанай, Көкшетау қалаларында жол құны — 80 теңге, Шымкентте — 70, Өскеменде — 75, Қызылордада 90 теңге болып отыр. Бүгінге дейін тасымалдаушы мекемелер тарапынан шығынға кетуіне байланысты тарифті көтеру бойынша бірнеше рет арыз түскен болатын. Бұл мекемелер жеңілдіктер ретінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен 1-топтағы мүгедектерге, 12 жасқа дейінгі мүгедек балаларға тегін жүру құқығын беруге келісіп отыр. Зейнеткерлер мен Ауған соғысына қатысқандар мен 2,3- топ мүгедектеріне 60 теңге ұсынылды, — деді.  

Жиында қоқыс шығару тарифіне қатысты мәселелер де айтылды. Қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар тарифті 105 теңгеден 305 теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр. Мұнда да баға 2012 жылдан бері көтерілмеген. Қазір қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен 3 компания айналысады. Олар — №27 басқарушы компания, «Таза Life» және «NEO PLUS» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Жолақы мен қоқыс шығару ақысын көтеру мәселесі сейсенбі күні өтетін қалалық мәслихаттың сессиясында шешілмек.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button