Әдебиет

Ақынның алғашқы сыншысы

Өтежан 80

Өтежан ақынның өмірдегі ең қымбат адамдарының бірі, балаң жырларының алғашқы оқырманы — қарындасы Назым. Біз бүгінде 77-ге келген Назым апайды Өтежан ақын туралы сөзге тартқан едік. Әңгіме ақынның туған үйі, балалық шағы, тағдырдың оған ұсынған шуағы мен ауыртпалықтары төңірегінде болды:   

Әке бейнесі

Өтежан екеуміз — бір әке, бір анадан туған бауырлармыз. Ағамның фамилиясы Нұрғалиев болып, әкемнің атына жазылған да, ал мені әкем өз әкесінің, яғни атамыздың атына жаздырған екен. Атам Қалнияз мыңғырған мал біткен, өте ауқатты адам болған. Әкемнің ағалары да асқан бай болып, кеңес заманында қуғынға ұшыраған. Ал әкем ірі бай емес, орта шаруалар қатарынан саналып, кәмпескеден аман қалады. Дегенмен, 1937 жылдың көктемінде оның да басына қара бұлт төнеді. Естуімше, ол қолындағы малына сүйеніп, өз алдына артель құрған. Шаруасының жақсы жүргені өзіне зиянға шыққан болса керек, бір түнде ұстап әкетіп, Жарқамыстағы түрмеге қамайды. Әжеміз Үзілдік — қайратты адам, баласын жазықсыз әкетіп бара жатқанда, қарап отыра алсын ба? Ол да дереу атқа мініп, төркіндерінің арасындағы ықпалды, қызметте жүрген жандардан жәрдем сұрауға шығады. Ол кез — біреуге біреу жоламауға тырысатын уақыт қой, әжем көздеген адамдарына тікелей бармай, сенімді жандардан хабар жіберген. «Малды түгел өкіметке өткізіп, баланы босатудың амалын жасасын», — деген. Әжемді біз, немерелері, «мама» дейтінбіз. Негізі, мамам да, әкем де — арабша сауат ашқан, заман жайынан хабары бар, көзі ашық адамдар. Әкем өзінің өкіметті қолдайтынын, малын түгел өткізуге дайын екендігін айтып хат жазып, екі аптадан соң түрмеден босап шығады. Содан кейін, уәде еткеніндей, бірер сауын малдан басқа малды тапсырып, өзі жол салатын бригадаға жұмысқа тұрған екен. Жарқамыстағы әкем екі апта отырған түрменің ап-аласа, ұзынша ғимараты беріге дейін сақталды, көріп те жүретінбіз… Қазір орнында басқа ғимарат тұр.

Ал анамыздың аты Ақбөпе еді. Оны «жеңеше» деп атайтынбыз. Анамыз көбіне колхоздың жұмысында жүретін де, біз мамамыздың, яғни әжеміздің тәрбиесінде өстік. Әпкеміз Қалам бізден үлкенірек еді. Өтежан ағам 1938 жылы туған, ал мен 1941 жылдың қазанында дүниеге келіппін. Ағам — Шетірліде, мен Ақбұлақ ауылында туғанмын. Бұл — кәдімгі Бәкір аға әнге қосатын Ақбұлақ. Ол маңда көптен ауыл болмаса да, бұрынғы орнын білемін. Туған өңірге жол түскенде, жан адамы жоқ, жым-жырт жатқан ауылымның орнына арнайы соғып, аруақтарға Құранымды оқып аттанамын.

Әжемнің естеліктері бойынша, мен туғанда әкем қатты қуаныпты. Соғыстың басталғанына үш-төрт ай болған шақ. Ер-азамат бірінен соң бірі майданға алынып, олардың орнын басқан әйелдер жағы үнемі түзде жүреді. Әкем де бір күні соғысқа аттанатынын айтып, бізді әжеме қайта-қайта тапсыра берген. Анасына ол «ақсақал» деп сөйлейді екен, бұл, сірә, оны қатты сыйлағандығының белгісі болса керек. Мен туған соң көп ұзамай, «Түйенің сүті бір жыл бар да, келер жылы жоқ, шиеттей балаларды немен асырайсыңдар? Сендерге керегі — сиыр малы» — деп, әкем қолындағы жиған-тергенін алып, ретін тауып, Орынбор жағына жол жүреді. Сол сапарында екі сиыр, тай-тай мата әкеліпті. Ондағысы — өзі кеткенде артында қалатын бала-шағаның қамы. Расында, ол майданға аттанған соң, қолдағы түйені «колхоздың малы» деп алып кеткен де, сол сиырлар бір үйлі жанның қорегіне айналыпты… Мен, әрине, бесіктегі сәбимін ғой, алайда осы әңгімені әжемнен сан мәрте есіттім. Әкем майданға желтоқсанның 17-сінде аттанған. Қарауылкелдіге дейін шанамен барып, одан әрі пойызға отырады. Қадыр, Сақтаған деген кісілер де әкеммен бірге соғысқа аттанады. Кейін Сақтаған ағадан естігенімдей, әкем пойызға мінгенде: «Елге қайта оралмайтынымды сеземін» — деген екен. «Басқаларымыз шыбын жанымызды уайымдап тұрғанда, Нұрғали балаларын айта берді», — дейтін Сақтаған аға. Маған ол кісі: «Нұрғали соғысқа кетерінде: «Бесікте қалған кішкентай қызым аман-есен өсер ме екен?» — деп қатты уайымдап еді, міне, өсіп, қатарға қосылдың. Әкеңнің арманы орындалды», — деп отырушы еді. Сақтаған аға бірде, менің өтінішім бойынша, әкемнің вагонға мінген, яғни, туған топыраққа табаны соңғы тиген жерін де көрсетті. Ол жер мен үшін туған елдің титтей ғана қасиетті бір бөлшегіне айналды…

Әкемнің сүйегі Ресейдің Орел облысында жерленген. 1992 жылы ол жаққа да барып қайттым. Жол бойы жағалай тіп-тік, аппақ қайыңдар өскен, жайқалған орманды өлке екен. Өкінішке қарай, Өтежан ағам бара алмады. 1986 жылы жалғыз ұлы Саят қайтыс болғаннан кейін, денсаулығы күрт төмендеді ғой. Сондықтан, денсаулығына байланысты, ол әкеміздің басына барып, дұға бағыштай алмады.

Ал әкем Орынбордан әкеліп берген маталар ұзақ жылдар бойы қажетімізге жарады. Мен есейіп, қолыма ине ұстайтын жасқа жеткенде де, сол маталар үйде әлі тұрушы еді. Әжем ағам мен маған киім пішеді, оны мен тігемін. Іс үстінде әжем сол маталардың қалай келгенін, әкемнің Орынборға сапарын, бізді өзіне тапсырғанын айта отыратын… Үйімізде бір қалта құнды қағаз да сақтаулы тұрды. Ол кезде мемлекет азаматтардан қарыз алатын да, кейін қайтаратын. Ауызекі тілде оны «займ» дейтінбіз. «Балаларыма керек болады» деп, әкеміз жинаған бір қалта «займ» Өтежан ағамның оқуға аттанған сапарына, Алматыдағы жылдарына жұмсалды. Иә, өзіміз түр-түсін танып та үлгермей, мәңгі келмеске аттанған әкенің қамқорлығының жемісін әбден аяғымызға тұрып кеткенге дейін көрдік.

Балалық шақ суреттері

Өтежан ағам алдымен Аша деген жерде мектеп табалдырығынан аттады. Алғашқы ұстаздарымыз — Майнұр апай, Шектібай Әбілғазиндер еді. Кейін мектепті Жарқамыста жалғастырдық.

Майнұр апай да, Шектібай ағай да — балажан адамдар, кімнің қай пәнге қабілеттілігіне орай, «өскенде дәрігер боласың, мұғалім боласың» деп, бізді ынталандырып отыратын. Мені біресе математик, біресе музыкант боласың деп, қанаттандыратын. Өтежан ағамның кітапқа құштарлығын алғаш байқап, сол қасиетін мақтап, қолпаштаған да осы кісілер еді. Ал ағам, расында, кітапқа өте-мөте құштар болды. Кішкентай ғана ауылымызда ол кітапты көбіне Шектібай ағайдан алып оқитын. Ағайдың үйіне барар жолда қабаған ит болатын. Ағам иттен қатты қорқатын. Сондықтан, кітапқа барғанда, ылғи мені қасына ертіп алатын. Жолда қайдан ит көрінсе, мен сол жаққа ытқып шығамын: бұл — ағамды «қорғауға» дайын екенімді сездіргенім. Ондайда ағам маған қатты риза болады. Бала атаулыға мені: «Иттен қорықпайды» — деп, мақтап жүруші еді.

Ағам музыкалық аспаптарға да әуес болды. Әлі есімде 8-класта жүргенінде, Қалам әпкемізге айтып, әкемнің зейнетақысына бір шаппа алдырды. Сол шаппаны алғанда, есі шыға қуанды. Сөйтсек, ойы — ағаштан жонып домбыра жасау екен. Ақыры сол домбыраны жасап шықты. Домбыраны кейінгі жастар қазіргі кең тараған пішінінде ғана елестетеді. Ағамның жасаған домбырасы басқаша, шанағы жалпақ келетін түрі еді, ал ішектерін әжем дайындап берген. Домбыра дайын болған күнгі ағамның қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, оның қуанышын баршамыз бөлістік. Жақия нағашым баласы Степан мен Өтежан ағама домбыра үйрету үшін, ақысына бір қой беріп, адам жалдады. Ағам ол домбырасын көп ұзамай сындырып алды да, содан соң домбыра жасаған емес.

Бір жылы ол ауырып қалып, Ақтөбеде ауруханада жатты. Сонда қасындағы адамнан гармонь мен балалайка тартуды да үйреніпті. Кейіннен баласы Саятқа пианино сатып әпергенде, оны да тартып үйренген еді.

Бала кезде ағам жазған өлеңдерін алдымен маған көрсететін. Мен «сын» көзбен қарауға тырысамын, яғни, сөздерде, тыныс белгіде қате кетпеуін мұқият қадағалаймын. Ағам басқа шаруаға қырсыздау болғанмен, қағаз жағына өте тыңғылықты еді. Күнделік, өлең жазған дәптерлерін біріне-бірін жалғап, тігіп алып, жоғалтпай ұстайтын.

Ағалардың қамқорлығы

Өтежан ағам әдеби ортада алдыңғы буын ағалардың қамқорлығын көп көрді, ерте мойындалып, ерте танылды. Ол мектеп бітіргеннен кейін, Алматыға аттанып, ҚазМУ-ге оқуға түспек болды. Бірақ жолы болмады. Оқудан құлаған соң, «шахтада жұмыс істегендер жоғары оқу орнына емтихансыз қабылданады екен» дегенді естіп, Қарағанды жаққа барған. Шахтада, өзінің айтуынша, небәрі үш-ақ күн істеп, «азапты, ауыр жұмыс екен» — деп, ауылға қайтып келді. Ауылда ол алдымен колхоз жұмысын істеді, кейін Көптілеу Бөлтеев деген ағайынымыздың көмегімен кітапханашылық қызметке тұрды. Сол кезде ауыл мектебінде мұғалім болып істейтін, аса дарынды жазушы Тобық Жармағамбетов  ағамның өлеңдерін көріп, қатты сүйсініп, бірнешеуін хатқа салып, Алматыдағы Жазушылар Одағына жібереді. Бұл өлеңдерге Қуандық Шаңғытбаев, Әбділда Тәжібаев сынды мықты ақындар да қуанып, жылы пікірлерін жазып, сол кездегі астанадан шығатын ең беделді басылымдарға жариялайды. Осылайша, Ақтөбенің алыс түкпірінде жүрген жас ақынның жырлары қазақ поэзиясы үшін үлкен жаңалық болған екен… Ең мықты ақындардың өзі «болашақта қазақтың Пушкині болады» деп отырған адамды шалғай ауылда қалдыруға бола ма? Жазушылар Одағы оны Алматыға алдырып, оқуға түсірді. 1961 жылы Алматыға барғанымда көрдім, ҚазМУ-дің жастары ағамды жақсы біледі, көргеннен «Нұрғалиев, Нұрғалиев!» десіп, анталап келіп, қоршап алады екен. Жұрт қазір белгілі әнші, артистерді: «Атағы аспандап тұр» деп жатады ғой, ағам да сондай жағдайды бастан кешірді.

Мектепті бітірген соң, мен де Алматыға оқуға түсуге талпынған едім. Ол талабым орындалмай, кейіннен Темірдің техникумында оқып, сол жерден алған білімді өміріме азық еттім. 1963 жылы Есенбай Дүйсенбайұлына тұрмысқа шықтым. Есенбай алдымен Қарауылкелдіде аудандық газетте жұмыс істеп, одан соң Ақтөбедегі облыстық газетке ауысты. Ағам Алматыдан келген сайын, біздің шаңырағымызға соғып, «астанаға көшіңдер» деп үгіттейтін. Бір жылы, Снайпер көшесіндегі 120-үйде пәтерде тұрған кезімізде, ағаммен бірге Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісовтер де келіп, дастарқанымыздан дәм татқаны есімде. Әсіресе, балалар есейе бастағанда, ағам маған: «Бізде — 4, сендерде 5 бала бар. Осы тоғыз баланы қайткенде қатарынан кем қылмау — ең басты парызымыз. Ал Ақтөбеде екі ғана жоғары оқу орны бар, сондықтан Алматыға көшіңдер, бұл жақта балаларға мүмкіндік көп», — деп, жиі айтатын болды. Ақыры сол ақылды жөн көрдік, Алматыға көштік.

Алдыңғы буыннан ағам, әсіресе, Жұбан, Тахауи ағаларды жақсы көруші еді. Ал сыншы Сағат Әшімбаевпен ол әдебиет, жазушылар жөнінде сағаттар бойы әңгімелесетін. Ағамның үйіне қонаққа барған кездерде, басқалар тарап кеткеннен кейін де, Сағат екеуінің сөздері жарасып, бір тақырыпты талқылап отырғандарына талай мәрте куә болдық…

Күйреу

Ағамның ерекше көңілденген кездегі мінезі — көп сөйлеуші еді. «Менің махаббатым» атты бірінші кітабы 24 жасында жарыққа шықты, сонда қатты қуанғаны есімде. Бірақ қатты қуаныш та оның жүрегіне салмақ түсіретін. Ағамның да, менің де жүрегіміз бала кезден әлсіздеу болды. Таршылық, жоқшылық кездің, ел басына күн туған соғыс жылдарының баласы күн сайынғы қаспаққа, бір үзім нанға таласқан у-шудың ортасында өседі… Бұл оңай болсын ба? Тіпті оқушы кезде ағамның бірде талып құлап, бір жылдай сабақтан қалғаны да бар.

Жетімдік көріп, бір-бірімізге сүйеніп өсіп, өз жолымызды өзіміз тапқан жастық шақта да, кейін де ағам басынан көп ауыртпалықты өткізді. Бірақ жалғыз ұлы Саяттың өліміне дейін, қандай қиындықты да ақыры жеңіп шығатын, еңсесін тіктеп, алдағы күнге үмітпен қарайтын. Ал Саяттың өлімі маған оны біржола күйреткендей, біржола сөндіргендей көрінеді.

Саяттың оқыстан кеткені 1986 жыл ғой. Оның қазасы бәрімізге де өте ауыр тиді. Есенбай он күн ауырып жатты. Менің жүріп-тұруым қиынға соғып, біраз қиналып, бір таныс дәрігердің жанашырлығының арқасында емделіп шықтым. Ал ағам мен Күләш жеңешеме тіпті қиын болды. Мен оларды енді қатарға қосылмай ма деп қорыққан едім. Сол қасіретті күндері ағама екінші қызы Бэлланың жолдасы — Асқар мен құдамыз Қасымжанның көп көмегі тиді. Асқардың мамандығы дәрігер еді. Бір жағынан, мұның да көмегі бар ғой. Дегенмен, бастысы — олардың ағама деген шынайы жанашырлық ниеттері еді. Ағамды жас баладай күтіп, әлпештеп жүріп, орнынан тұрғызды. Бірақ ағам орнынан тұрғанмен, Саяттың өлімінен кейін бұрынғысындай бола алмады…  Жүрегіндегі жазылмас жарамен өмір сүрді.

Жеңешем — 2008 жылы, ал ағам үш жылдан кейін, 2011 жылы дүниеден өтті. Өмірінің соңғы жылдарында ағамды үлкен қызы Маргарита күтіп-бақты. Ағамның үш қызы да жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тапты. Маргарита мен Тахмина — экономист болса, Бэлла — дәрігер.

Ал, ең бастысы, ағамның халқына қалдырған сарқылмас мұрасы, асыл қазынасы бар, бұл — оның жырлары…

Жазып алған Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button