Әдебиет

Ертай АШЫҚБАЕВ: Өзгерген қолтаңбаның өтемі

 Өтежан 80

— Ертай аға, Өтежан Нұрғалиевтің өлеңдегі жолы өте сәтті басталды деуге болады, небәрі 17 жастағы бозбала ақын Ақтөбеден Алматыға келгенде «дүйім ел күтіп алған» деседі. Мұның себебін қалай түсіндірер едіңіз? Сол кезде Өтежан поэзиясы шынымен жаңалық болды ма?

— Мағжандар сахнадан түсірілген соң қазақ поэзиясы тым қарабайырланып кетті. Ішкі сырлы сезімдер тұншықты (дұрысы, тұншықтырылды) да сыртқы үгіттік-насихаттық көріністер алға шықты. Мағжандардың ізімен жүргісі келген, стилін солай қарай ыңғайлаған Қуандық Шаңғытбаевтың алғашқы, 1945 жылы шыққан «Ар» жинағы талауға түсті. Ол кітапқа Мұхтар Әуезовтің алғы сөз жазуы тіпті отқа май құйғандай болды. Онсыз да кешегі қуғын-сүргіннің зардабынан зәрезап болған ақындар тізгінді тартып ұстамаса болмайтынын одан сайын ұқты, тұрпайы социологиялық талаптардың ыңғайына қарай жығыла берді. Тайыр Жароковтың «Өзім де қумын ғой, Октябрь революциясынан әріге аттап баспаймын» дейтінінің бір себебі сол. Екіншіден, сауатсыздықтан, «бірі жамау, бірі құрау» өлең құрастырудан арылып, біршама білім алған, өрнекті ұйқас пен өзекті тақырыпты кәдімгідей меңгерген, жаттанды пафосқа әбден жаттыққан ақындар, әрине, орыс әдебиетіне жалтақтады, орыс тілі арқылы келген аудармаларды үлгі тұтты, сөйтіп, өлеңді, әдейі болмаса да, әлдебір түйсікпен еуропаландыруға тырысты. Ол кезгі ақындардан әлдеқайда мол білім игерген қазіргі қаламгерлер де осы күні әр жаққа неге жалтақтай беретіндігін есте сақтай отырыңыз. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің қайнар көзі көшірмешілдік әйтпесе әсіре шарттылыққа жабысып қалушылық емес, сол қазақтың өзінің сөзі, өзінің сезімі екені екінші планға ығыстырылды. Міне, Өтежан осы кезде пайда болды. Оның өлеңдері ұлтымыздың ылғи бір асыл сөздерімен киінді. Бұны бір десек, екіншіден, әр шумақтан кіршіксіз сезімнің, ең бастысы, әр қазаққа етене жақын сезімнің лебі есіп тұрды. Шаң-тозаң баспаған, ынтызарлыққа толы, ынтықтықты қоздыратын, эмоциялық қуаты тамырды қаттырақ соқтыратын мұндай өлеңдердің құрметке бөленуі, әрине, заңдылық еді. Анау «Салқын» немесе «Бақшаға түнеген ай» әйтпесе «Үш күннен кейін» тәрізді көптеген өлеңдерді қайталап оқып шықсаңыз, осыған көзіңіз жетеді. Сөз арасында айта кетелік, қазақ поэзиясын жолшыбай бір сілкіндіріп алған мұндай оқиға арада пәленбай жылдар өткен соң барып қана қайталанды. Мен Есенғали Раушановтың поэзияға келген кезін еске салып отырмын.

— Өзіңіздің ақынмен таныстығыңыз қалай басталды? Ол кісі туралы қандай естеліктер есіңізде қалды?

— 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Өзім секілді абитуриенттердің біразы болашақта ұлы ақын болуға бел байлағандар екені түсінікті ғой. Сондай да сондай ылғи бір ығайлар мен сығайлар болған соң университет ғимаратына тиіп тұрған Жазушылар одағына қалай соқпаймыз, соғамыз, тірі ақындарды көреміз, өзіміз нөмірін жібермей оқитын «Жалын» журналы да сол ғимаратта, оған да өлең апара саламыз. Қалай болғаны нақты есімде жоқ, әйтеуір, бір күні Өтежан ағамызбен тілдесіп қалудың сәті түсті. Менің әңгіме тыңдауға құлықтылығыма, өлеңді түсінетіндігіме ықыласы ауды ма, әлде басқалай себептер болды ма, әйтеуір, әрі-беріден соң Өте-ағаң екеуара қалғанымызда фоэдегі ұзын орындыққа жайғасып, қасына мені алып, екі өлеңін оқып берді. Біріншісі — астық туралы ұзақ өлең, олай болатыны — сол жылы Қазақстан, жаңылыспасам, қоймаға тағы да миллиард пұт астық құймақшы болып, республикамыздың айдарынан жел есіп тұрған. Сүйсініп тыңдадым. Сірә, автордың өз аузынан естігендігімнен сөйткен шығармын деп ойлап ем, олай емес екен, кейін бұл өлең «Социалистік Қазақстан» газетінде басылды да, менің курстастарым да кәдімгідей тұшынып оқыды. Жалпы Өте-ағаңның миллиард пұт астық туралы осы шығармасы секілді тың игерудің 25 жылдығына әйтпесе Октябрь революциясына немесе 1 майдағы Еңбекшілердің ынтымақ күніне, тағы басқа да сондай даңқты оқиғаларға, коммунизмге, компартияға арнала салған біршама өлеңдері болды. Мысалы, ақын «Елімнің алпыс жылдығына» дейтін өлеңінде «Алпыс емес, жеті рет жетпіс келсін», «Сексен келсін, сан рет сексен келсін», «одан әрі тоқсанға да, жүзге де жетсін» дей келе, «Қанша жасқа келсе де коммунизм Шұғыласына орасын жердің жүзін» деп бір-ақ тыныстайды. Бірақ кейін Өте-ағаң ондай өлеңдер жазғаны үшін өтірік ақталған да жоқ, тіпті «неге сөйттіңіз» деген де ешкім болмады-ау деймін. Ал сол өлеңдерді ерінбей қайталап оқып шығатын болсаңыз, бірізді идеяға уақытша қызмет еткенімен, сондай өлеңдердің өзінде де талантты оралымдар оқыстан жарқ-жұрқ етіп көрініп қалып жатады. Бұл тұрғыдағы пікірлерімді осымен доғара тұрайын. Екінші өлең  — «Бір махаббаттың хикаясы», яғни өзін тастап, «жиырма бес жылдық әскерлік оқуға кеткен», содан оралмаған, сол жақта «Горькийдегі генералдың қызына айтпай жүріп үйленіп алған» жарын өмір бойы күтіп өткен Қалқа туралы баллада. Мұны Өте-ағаңның ынты-шынтымен оқығаны сондай, мысалы, «Кетті Жарас. Кетті. Әскерге алынды» деген сияқты жолдарға келгенде оң қолын әлдеқайда (сірә, Жарас кеткен жаққа қарай) сілтеп қойып отырды. Ал Қалқа туралы «Жігіттерге қарамай ма, қарай ма, Ол да адам ғой, періште емес. Алайда, Айта алмаймын, айтуға тіл жетпейді, Ол жағына сен қинама, жарай ма?» деген шумақты оқыған соң, сәл кідіріп, келісімімді сұрап отырғандай, маған тура тесіле қарап алды… Менің естеліктерім, міне, осындай үзік-үзік сәттер ғана.

— «Соғыстың соңғы жазы» кітаптарының басты ерекшелігі қайсы?

— Басты ерекшелігі бірнешеу. Мысалы, біреуі — екінші Өтежанның пайда болуы. Жетпісінші жылдарға дейінгі Өтежан басқа еді ғой. «Төрт Төлеген туралы баллада», «Шай құйды бір сұлу қыз» деген тәрізді бірен-саран жырлары болмаса ақын оқиғалы өлеңдер жазуға аса ынталанбағаны белгілі. Кенеттен газеттерде түр-түсі бөлек балладалар жариялана бастады. Солардың басын біріктіріп, 1978 жылы «Соғыстың соңғы жазының» бірінші кітабы жарқ ете қалды. Бас алмай оқыдық. Бір атауға он синоним, жүз теңеу табуға қиналмайтын қазақ тілінің шұрайлы, дәмді, сұлу сөздері «Кетті Жарас. Кетті. Әскерге алынды» сияқты болыпты да қалыпты. Тіпті осы жырлардың басталуы да қызық. Мысалы, «Төбесінде қара қайыс тақия, Бесенеден белгілі ғой Жақия…», «Екі колхоз тауыса алмайтын құрағын, Кім білмейді Сағындықтың бұлағын…», «Тағы айтарым таусылмайтын Тәжібай, Ел басқарды шаршап, талмай қажымай…» «Тағы да сол қой бағатын Көмекбай, Жұрттың сөзі: «Басқармаға не депті-ай?..». Күні кеше өзіміз шыққан, қазір де барып жүрген кәдімгі ауылдың таныс әлқиссасы. Тілдік қордың ортақол ақындардың деңгейінен асып тұрған ештеңесі жоқ, бірақ өте тартымды. Жайлаудың жазғы таңы атып келе жатқандағы таза ауадай мөлдір өлеңдерімен сүйсіндіретін Өте-ағаң «Міне, мен өлеңді осылай да жаза аламын» деп оң жамбастан сол жамбасқа аунап түскендей болды. Яғни ол бұған дейінгі баршаға мәлім қолтаңбасынан бас тартты. Ал бас тартпағандардың қолтаңбасы кейін жалпы оқырманды қалай жалықтырып алғаны, қажет етсеңіз, басқа әңгіменің еншісі. Әрине, соғыс кезіндегі тыл тақырыбын Қадыр да, Тұманбай да, басқа нешеме ақындар да талай рет қаузады, тәуір дүниелер де берді. Бірақ Өте-ағаң енгізген бұндай формаға ешкім қол созған жоқ еді. Бұл кітаптың тағы бір басты ерекшелігін Өте-ағаңа арнаған ниеттестік эпиграммасында Жарасқан Әбдірашев тап басты. «Кейіпкерлеріңнің бірі — соқыр, бірі — ақсақ, бірі — шолақ, бірі — надан, бірі — қу, бірі — пысық, бірі — сақау, бірі — «қырт», бірі — пұшық» деп санамалай келе, Жарасқан: «Ауыр алма осынау сөзімді, аға, Көңіліңді серпілтсін сезім жаңа. Ауылыңда болыпты бір сау адам, Оның өзі, әрине, — Өзің ғана» деп түйеді. Ал сол кезеңде (жетпісінші жылдары) өңкей осындай адамдардан, яғни не зерделі парторгы жоқ, не зерек коммунисі жоқ, не парасатты мұғалімі жоқ, ең болмаса, басалқы сөз айтар ақсақалы жоқ, әркім өз басын сағаттаған кейіпкерлерден жинақталған кітап болды ма? Болған жоқ. Ал Өте-ағаңның кейіпкерлері — «жеті әкені құртып барып тоқтайтын» басқарма, «қорадағы қарт қораздай қоқаңдаған» бақшашы, «алдап алып асықтарды жалмайтын» класком, жібі түзу дегендеріңіздің өзі — «бүтін шалбар кимей өткен» оқушы, «жалғыз көйлек-дамбалмен мың қой баққан» қойшы, «жарымаған жамау көйлек, беті ісік» кемпір… Ал мұндай кейіпкерлердің шежіресін ай қабақ, алтын кірпік, атқан таңдай, жаққан шамдай сұлу сөздермен жазу мүмкін бе? Тағы бір ерекшелік, негізінен поэзиядағы жиынтық образға (яғни аты-жөні белгісіз лирикалық кейіпкерге) бой үйреткен жұрт бір кітаптағы әр өлеңнің (кей өлеңдердің ғана емес, әр өлеңнің) әр бөлек түпбейнесі болатынын таңырқай қабылдады, әр бетті тамсана парақтады, тапжылмай зерделеді. Бұндай бас-аяғы бүтін дүние де қазақ поэзиясында жоққа тән еді. Қадыр Мырзалиев қана бір кітапты бір (бірнеше) тақырыпқа бағындырғанымен, түптеп келгенде, бұл топтамалар да негізінен жекенің емес, жалпының әуенін жырлайтын, ешкімнің көзін дәлдеп шұқымайтын ұжымшыл өлеңдер болып келетін.

— Қарапайым оқырман ақынның соңғы шығармашылығын дендеп түсіне алмады. Тіпті «Афина мектебі» сияқты кітаптарына күмәнмен қарады. Кейбіреулер «бастапқы арынын жоғалтып алды» деді. Бұл туралы не айтасыз?

— Қаламгерлер өз көкірегіндегіні көпке жеткізу үшін әртүрлі ізденістерге баратыны белгілі ғой. Мысалы, Асқар Сүлейменовтің «Ситуация» дейтін повесі — өзі куә болған творчестволық ортаның өтіріксіз мінез-құлқы. Рас, жазушы нақтылыққа бармайды, көркем шығармаға тән әдістерді ғана қолданады. Ал Қадыр ағамыздың «Жазмыш» пен «Иірімі» — деректі дүние, көп дау-шу туғызғаны да содан. Өте-ағаңның «Соғыстың соңғы жазына» ілестіре жазған кейінгі дүниелері — әрі көркем, әрі деректі шығармалар. Түсінгің келсе, түсінуге болады, түсінбегің келсе, түсінбей қоя салу да қиын емес. Ақынның «Мақатаев көшесіндегі ой» дейтін балладасы бар. Айталық, осындағы: «…Кеше ғана сыймай өткен көшеге, «Мақатаев iшкiш ақын…» — десе де, Iшпей өткен жауыздардың үстiнен, Ол жаяды — Желтоқсаннан — Тұскiлем! Кеше ғана оны өлтiрген қаскүнем, Жүредi ендi — переездiң… астымен. Кеше ғана онан қашқан қояндай… Жалған Даттау… мәңгi өледi, оянбай!» деген сияқты жолдардың әйтпесе «…Өтей алмай «Қарыз бенен Парызды» Әшiмбаев күйiп кеткен тәрiздi. Шындық үшiн күйiп кеткен iнiсiн — Мақатаев… сүйiп кеткен тәрiздi. Тоқаш ағаң жаңа ғана бұл жерден — Ташкент жаққа қашып кеткен тәрiздi. Бердiбектi сонау Таудың iшiне — Бiр жауыз кеп, асып кеткен тәрiздi!» дейтін тармақтардың түсінбейтін несі бар?! Рас, баяғы көркемдік жоқ. Бірақ баяғы бір замандарда өзі жасаған өз көркемдігіне Өте-ағаң өзі енді қайтып айналып соққысы келмеген де шығар. Әрі-беріден соң ақын оқырманның көңілін аулаудан жалығып, бұдан былай өз шындығын ешкімде жоқ стильмен, өзі ғана дұрыс деп есептейтін, өзі ғана ойлап тапқан стильмен жазуға бекінуі де бек мүмкін ғой. Одан басқа да толып жатқан себептерді біз білеміз бе? Білмейміз. Білуге тырыспаған да сияқтымыз. Мен Өте-ағаңмен жүргізілген біраз сұхбаттарды оқыдым, бірақ сұхбатшылар оны негізінен сырттай қызықтады да, ақынның өз творчестволық лабораториясына қатысты сауалдар қойып жарытпады-ау деймін. «Афина мектебі» туралы да сөз қозғамадық. Не мақтамадық, не даттамадық. Бірақ мақтау үшін де, даттау үшін де бұл кітапқа қоса тағы да әлденеше жүз кітаптарды қайтара ақтаруымыз керек қой. Мысалы, «Жан жарасын айтып беру жайлы тимес жанға тым, Тырнап айту — ештеңеден ұялмайтын нән қатын» деген жолдар қаншалықты түсінікті болса, «Негізі бар нәрсе қалай негізсізден туа алмақ? Болатын зат болмайтынға қалай ғана қуанбақ?» деген жолдар философия ілімін білуді ғана емес, оны он-сан қайыра қайта зерделеуді де соншалықты қажет етеді. «Афина мектебіне» күмәнмен қарайтын себебіміздің бірі — осы.

— Ақынның мінезі, болмысы туралы да әртүрлі пікірлер айтылады. Сіз таныған Нұрғалиев қандай еді?

— Ешкімге ұқсамайтын өз жүрісі-тұрысы, өз сөз қолданысы бар, онысын барша жұрт жақсы білетін, кемшілігінің өзін жетістікке балағымыз келіп отыратын қазақ қаламгерлері көп емес қой: Асқар Сүлейменов немесе Фариза Оңғарсынова… Сондай сойдың бірі — Өте-ағаң. Дегенмен, расын айтсам, мен Өте-ағаңмен тонның ішкі бауындай араласа алғам жоқ. Студенттік шағымда оқта-текте жүздесіп қалғанымыз болмаса, одан соң ылғи Ақтөбеде жүрдім. 1998 жылы ағамыз 60 жасқа толып, Ақтөбедегі теміржолшылар Мәдениет үйінде өткен творчестволық кешінде баяндама жасадым. Сірә, риза болғаны шығар, шыққан соң, бірер адам оңаша әңгімелесіп тұрғанымызда Өте-ағаң маған: «Мен ешкімге де мынадай баяндамамды қимас едім», — деді. Айтпақшы, содан әлденеше жылдар өткен соң Маңғыстаудан Светқали (Нұржанов) телефон шалды, қасында Өте-ағаң отыр екен. Екеуімен де сөйлестім. Сөйтсем, Өте-ағаңның екі томдығын құрастыру жөнінде сөз болып, менің әлгі баяндамам Өте-ағаңның есіне түсіпті. Бірақ, өкінішке қарай, бұл кезде ол баяндамамның ізі де қалмап еді. Бертінде жазылған «Өтежан кешкен өрттің бояуы» дейтін мақаламды сол баяндамамның бодауы деп түсініңіз. 2008 жылы 14 тамызда, ақынның 70 жасқа толуына дәл бір күн қалғанда Қарауылкелді стансасында Байғанин ауданы басшылары бар, Ақтөбеден жеткен қаламгерлер бар, бәріміз Алматы поезынан Өте-ағаң мен Күләш жеңгейді күтіп алдық. Күндіз аудан орталығында тамаша кездесу өтті, кешкісін ағамыздың туған ауылы Жарқамысқа барып қондық. Ақынның өзі жазғандай «Мал сойылып, абыр-сабыр жанталас, Күн де шықты ауыл үсті қарбалас…» болды. Кеш жатсақ та ертерек оянып, көкжелек жамылған кең аулада дабырласып жатқанымызда, іштен Өте-ағаң шықты. «Аға, қалай ұйықтадыңыз?» деп жамырасып жатырмыз, әрине. Өңі алабұртқандай көрінген Өте-ағаң сәл тұрды да: «Жігіттер, барлығыңды да менің туған күніммен құттықтаймын!», — деді. Кеше сан мәрте айтқан осы сөзіміз осы таңда ешқайсымыздың қаперімізге келмепті ғой. Сол күні Өте-ағаңның бір кездегі біршама әріде жатқан, Жарқамысқа жаяу қатынап оқыған ескі үйінің орнына бардық, балладаларындағы Сағындықтың бұлағынан су іштік, Жем өзенін кештік, Өтежан Нұрғалиевтің 70 жылдығына арналып өткізілген аудандық жас палуандар сайысын қызықтадық, арнайы тігілген киіз үйде аунап-қунадық. Бір таңғалғаным, сол екі-үш күнде Өте-ағаң сұхбаттарында кездесетіндей, жұрт бояуын қалыңдатып жеткізетіндей ешбір артық-ауыс әңгімелер айтқан жоқ, кездесулерде де сауалдарға ықыластана нақты жауаптар қайтарып отырды. Әйтеуір, неге екені белгісіз, өзін мектептің тәртіпті оқушысындай ұстады. Кейін осы туралы көп ойланып жүрдім. Өте-ағаң жұртты шошытатын әңгімелерді жүрген ортасына қарай, әлде сондай сөз айтқанын тілеп отыратындардың құмарын қандыру үшін әдейі айтатындай көрінді маған. «Мен қазір жұрттың бәрі қызықтайтын музейге айналған адаммын» дегені де сондықтан шығар. Расында да, Өтежан Нұрғалиев — музей, бірақ әншейін қызықтауға бейімделген арзан экспонаттарға толы жарқылдақ музей емес, есі бар пендені мың-сан ойға қалдыратын есті музей.

 Сұхбаттасқан Жақсылық ЫРЫСБАЙ.

(«Жұлдыздар отбасы» журналының сұрақтарына жауап, №17, 2017 жыл)

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button