Әдебиет

«Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге…»

Өтежан 80

Ақындардың ауылда туып, астанада дүниеден өтетіні туралы әфсана бағзыдан бері айтылып келеді. Өтежан ақын да сол жолмен өтті. Бірақ, оның жүрегі күллі ғұмырында туған жер деп соғып өткенін, көкірек көзіндегі бір алаңы — өзі дүниеге келген Байғанин өңірі екенін екінің бірі сезе қойды ма екен?!

Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин — ерекше дарын иесі Өтекеңнің елге келген сапарларында жанында болып, ол кісімен көбірек сырласқан азаматтардың бірі.

Біз бүгінгі әңгімемізде ақын ағаның көпшілік біле бермейтін, білсе де арғы жағына, ішкі астарына терең  мән беріп қарамаған кейбір жайларға назар аударуға тырыстық. 

Әңгіме негізіне Өтежан ақынның Байғанин өңіріне осыдан он жыл бұрын келген сапары арқау болды.

Өзгермейтін Өтежан

— Өтекеңнің көзі тірісінде берген сұхбаттарында, жалпы ол кісі туралы айтылатын әңгімелерде ақын мінезінің ешкімге ұқсамайтын шалттығы, ой-пікірлерінің де қалыпқа сыймай жататыны байқалып тұратыны көзі қарақты оқырман үшін таңсық емес.

1998 жылы қаламгер алпыс жасқа толуына байланысты елге келгені жадымызда. Сол кездегі оның жүрісі, киім киісі басқаларға қарағанда тосындау көрінді. Тіпті иығына төрт бұрышты кенеп қалтаны іліп алғаны бір түрлі қызық еді.

Сонда журналистермен кездескенде «Мен бұрынғы Өтежан емеспін, қазір түзелдім, осыны елге айта барыңдар!» деді. Шынында да ол кісі содан кейін өзгерді ме?

— Ол енді былайынша айтылып қалған сөз ғой. Өтекең дүниеге қалай келді, қалай жаратылды — сол қалпында өмірден өтті. Ол ешқандай өзгерген жоқ. Оның қажеті де жоқ еді. Өйткені, оны табиғат солай етіп жаратқан. Ең бастысы — оны түсіне білу керек. Ақынның ар жағында, жүрек түкпірінде не жатыр — соны бағамдай білу керек.

Содан кейінгі арада он жыл өткендегі жайды қозғайын. Бір күні телефоным шылдыр ете қалды. Амандасты да, бірден күнде көріп жүріп, сөйлесіп жүрген адамша әңгімені бастап кетті. Әуелгіде даусын танымай, бір түрлі тосырқап қалдым. Сөйтсем, өзіміздің Өтекең екен.

Жетпіске толуына байланысты туған жерге келгісі келеді екен, шаруасын айтып, соған қатысты тапсырмаларын жеткізді.

«Мен бұл жолы Ақтөбеге соқпаймын, мақсатым — туған жерге табан тіреу, сол жерден кейін қайтамын, маған сол күндерде жүріп-тұруға көлік жағынан көмектесерсің»,— деді.

Біз, бір топ журналистер, жергілікті қаламгерлер болып, ақынды Байғанин жерінен күтіп алуға жүріп кеттік. Ауданның сол кездегі әкімі Бердіхан Кемешов те ақынға құрмет көрсетуге әзір екен.

Қарауылкелдінің басында пойыздан түскен Өтекең өзін күтіп тұрған біздерге қарап, «Сендер не ғып жүрсіңдер мұнда?» деді. Басқа адам болса түсінбей қалуы мүмкін ғой, өз басым ағаның туған жерді сағынып жеткенін, алдында құшағын ашып тұрған інілеріне ырза көңілін білдірген түрі екенін байқадым. Сол сәтте көзінде қуаныш оты ойнап тұрды.

Бұл жолы да ол өзгеше көрінді. Басында самбреро, көйлегінің алдын ашып тастаған. Дана ақынның бала кейпін танығандай болғанбыз сол кезде.

Аудан орталығындағы кітапханада өткен кездесу әсерлі болды. Оқырмандар сан түрлі сауал қойып жатты. Сонда ол жастарға «Сендер ақын болмаңдар, әкім болыңдар немесе кәсіпкер болыңдар. Кітап оқымаңдар, мен осы Қарауылкелдідегі кітапхананың бүкіл кітабын тауысып оқығанмын кезінде. Ал не болды? Мені жынды Өтежан дейді жұрт. Мен жынды емеспін, ақынмын. Бірақ мықты ақынмын» деп «ақыл» айтты.

Жарқамысқа барар жолда өте көңілді отырды көлік үстінде. Жан-жағына қарап, жолдың екі беткейіндегі жусанды қырларға көз жүгіртіп отырды. Ауыл адамдары аяулы ақынын әйгілі Ақбұлақтың басында күтіп алды.

Ертеңіне таңертең ертерек тысқа шықсам, Өтекең жалғыз өзі далада отыр екен. Жеңіл киініп алған.

«Кеше жетпісте едім, бүгін жетпіс бірге шығып отырмын. Жем өзеніне барып, бетімді салқын сумен шайып, туған жердің саф ауасымен тыныстадым» дейді.

Талантты тану

— Өтежанның ақындығын мойындамаған адам жоқ шығар. Ал Өтекең өз әріптестері туралы пікір білдіретін бе еді? Туған жеріндегі кездесулер барысында, жеке сұхбаттасуда айтқан ойлары болған жоқ па?

— Менің байқауымда ол таланттарды тани білген. Бірақ оларды бағалауының өзі қызық еді. Ұлы ақынымыз Абайға қатысты әр жерде айтқан пікірлеріне қарағанда, Өтекең оны басқаша қабылдайтын секілді көрінеді. Шын мәнінде олай емес, ол Абайды терең түсінді, ұғына білді.

«Әлі күнге дейін мойындалмай келе жатқан Төлеужан Ысмайылов деген қазақтың ұлы ақыны өткен өмірден», — дегені бар бірде оның. Бұл бағалау емес пе?!

Тобық Жармағамбетовті қазақтың бірінші прозашысы деп есептеді.

Жас қатарда — жүректің,

Жазылмайтын жарасы.

Сәлем саған, ер Тобық,

Мырзағұлдың баласы,—

деп жазуы бір жағынан талантқа табынуы, алдындағы бағыт берген ағаға сағынышы.

Талантты ақын Есенбай Дүйсенбаевты да жақсы көретін. Елге келген сапарында үлкендер жағы «Есенбайлар аман ба, жағдайлары қалай?» деп сұрап жатты. Сонда ойланбастан Есақаңның кескін-кейпін бейнелейтін, ар жағында зілі жоқ бір теңеуді айта салды. Жұртшылық оған да мәз болып жатыр.

Мәңгілік сағыныш

— Сәлем беріп, мен болып тайға мін де,

Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге.

Анда-санда құлақ сап жүр дегейсің,

Жүрегінде жоғалмай қалған үнге,—

деп туған жерге өмір бойы елеңдеп өткен ақынның биыл сексен жылдығы. Бұл ерекше сәт қалай аталып өтпекші?

— Ақын өмірден өткелі жеті жылдың жүзі болыпты. Облыстық телеарна оның жетпіс жылдығы тұсындағы Байғанинде өткен кездесулер, кештер, қаламгер сұхбатын қамтитын сәттерді арқау етіп «Өтежан — өр ақын», «Сұңқар ақын», «Туған жердегі жүздесу» және «Поэзия» деген бірнеше бөлімнен тұратын деректі фильмдер, хабарлар дайындадық. Бұл дүниелер қазір облыстық телевизияның қорында сақтаулы тұр.

Өтекең дүниеден өткен соң да Алматыдан арнайы хабар дайындадық. Онда ақынның әріптестері, Әуезхан Қодар секілді әдебиет білгірлерінің, сондай-ақ қыздарының пікірлерін жаздырып алдық.

Биыл Ақтөбеде Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен Өтежан Нұрғалиевтің 80 жылдығына байланысты мерекелік шаралар өткізілмекші. Жыл басынан бері облыстық «Ақтөбе» газетінің бетінде ақын туралы естеліктер тұрақты жарияланып келеді. Күзде мүшәйра ұйымдастыру ойда бар. «Ақтөбе Медиа» компаниясы ақын атындағы арнайы сыйлық әзірлемекші.

Бұл шараларға ақынның қыздары Маргарита, Белла, Тахмина келеді деп отырмыз. Өткеңнің азамат болған ұлы Саят қапыда қаза тапты. Қазақ педагогикалық институтында оқыған, өлеңді орысша жазатын талант иесі еді ол да.

Қалай дегенде де, ешкімге ұқсамайтын, қазақ поэзиясында айшықты із қалдырған өзгеше талант иесі болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Біз оның туындыларын, артында қалдырған мол мұрасын Өтежаның өнегесі деп қабылдаймыз.

Қазір ақтөбелік композитор Орал Байсеңгір ақын ағасының «Барсаң, сәлем айта бар Байғанинге» атты өлеңіне ән шығарды. Өтекеңнің туған жерге деген мәңгілік сағынышын бейнелейтін бұл туынды аз уақыттың ішінде көпшілік жүрегінен орын алып та үлгерді.

Төбекөң — ақын туған жер

 — Ақын өлеңдерінде Төбекөң атауы жиі айтылады. Бұл жер Өтекең үшін қандай қадір-қасиетке ие еді? Елге келгенде ол кісі осы мекенге қатысты өз сезімін білдірген сәті болды ма?

— Төбекөң — ақынның туған жері. Ол мекен Жарқамыс пен Ақтамның ортасында. Табиғатының өзі ерекше. Адам табиғатқа тартып туады деген рас болуы керек.

Жем өзеніне құяр сағадағы жағалауда мөлдір бұлақтар атқылап-ақ жатады. Жерді күрекпен түртіп қалсаңыз, мөлдір су жайылып жүре береді.

Төбекөңде бүгінде ел жоқ. Бұрынғы үйлердің орны ғана қалған. Оның өзі төбешіктерге айналған.

«Ақынды туған жеріне аунатамыз» деп сол киелі мекенге алып бардық. Ол айналаға ұзақ қарады ойланып, көзі жасаурағандай болды. Өздері тұрған үйдің орнына біраз аялдады, әр нәрсе есіне түскендей болды-ау деймін. Жанында жүрген біздер оның ойын бөлмеуге тырыстық, үнсіз ғана соңынан еріп отырдық.

Дәл осы арада Маңғыстау облысынан ақын Светқали Нұржан бастаған бір топ азаматтар келіп, ақын ағаларының тебіреністі сәтіне куә болды.

Ақынның анасы Ақбөпе колхозда жұмыс жасаған, шөп шапқан. Түйе арбамен шапқан шөбін қыстаққа тасиды екен. Ақбөпе әже келіні Күләшті осы үйге түсіріпті.

Сонда Өтекеңнің өмірінің бастауы, болашағының түп-тамыры осы Төбекөңнен өрбімейді ме?!

…Ол да осындай борап тұрған қыс еді,

Бір сағатта қар түсетін үш елі.

Ақтам мен Төбекөңнің арасын,

Жаяу кезген кезім еске түседі…

Ол үшін Төбекөң — жер жәннаты, әлемнің ең шұрайлы мекені. Біз ақынның туған жерге келген сапарынан осыны анық ұқтық.

Туған мекеннен қуат алған ол осы күндері ерекше шабыттанып, сергек жүрді, ешқандай шаршаған жоқ. Біз де соған қуандық.

Елмен қоштасу болғаны ма?

— Өтекең сол жолы елден қандай көңіл-күймен аттанды? Өзіне көрсетілген құрмет-қошаметке ырза болды ма?

— Ақынның жетпіс жылдығына байланысты түрлі кездесулер өткізіліп, соның барлығында жиналған халық, ауыл адамдары Өтежанын алақанына салып жүргендей болды ғой. Бірақ оның бір сөзі бәрімізді ойлантып тастағандай болды.

Өтекеңнің сөздерін екінің бірі терең түсіне бермеуі мүмкін. Өйткені, ол өзінің жүрегіндегі ойды тосқауылсыз айта салатын.

Мәселен, Қарауылкелді басындағы жүздесуімізде «Мен осы жердің топырағының бір бөлшегімін, бұл өңірде бір шұңқыр пайда болса, соны күндердің бір күнінде мен толтырамын» деп бір тастады. Оқырмандармен кездесу барысында да кез келген қаламгердің аузынан шықпайтын түрлі пікірлерін айтып қалды.

Бір есімде қалғаны, осы сапарында Жарқамыс ауылындағы көп үйге кіріп шықты. Бәрімен емен-жарқын сәлемдесіп, «кімнің баласысың?» деген сауалмен ататектерін түгендеп, соларға қатысты өткен тарихтан біраз әңгіме қозғап отырды. Өзінің «Соғыстың соңғы жазы» кітабындағы кейіпкерлерімен, олардың ұрпақтарымен сағыныса табысты. Бір қарағанда ақын жырларына арқау болған кейіпкерлердің көбісінің құлағы шұнақ, көзі соқыр, аяғы ақсақ болып келеді. Бірақ, соның бәрі оқырманның жанына жақын. Өйткені, соғыстан кейінгі жылдары осындай жандар әр ауылда да болды. Ақын солардың барлығын еңбек үстінде көрсетеді, бауырындай көреді.

Сіздің үйге сол баруым дөп екен,

Анда-санда соны есіме ап өтем.

Тағы да бір бата алатын кез жетті,

Мен барғанша тірі жүрсе Әбекең!

Сол шалдар да бір күндері сынар-ау,

Жасы жүзге жақындаған шығар-ау,—

деген өлеңінің кейіпкері, менің нағашым Әбілғазы қартты көбірек есіне алды. Оның да реті бар болып шықты. Өтекең бұрынырақта ауылға келген сайын Әбекеңнің хал-жағдайын сұрап келетін, ол баласы Шектібайға (бұл да кейіпкері): «бұлар қалада көк ішек болып жүрген шығар, соғым сыбағаларын дұрыстап беріп жіберіңдер» деп, кейде тіпті жастығының астына қолын салып, жиып-терген қаржысының бір бөлегін де ұсынып жатады екен.

Есіңде ме сол бір күндер, Шектібай,

Алматыға алғаш сапар шектім-ай.

Самолетке отырам деп ауданнан,

Екі өгізді ат шанаға жектім-ай,—

деген өлең жолдары жас талаптың алыс арманға алғаш қол созған сәтіндей елестемей ме?!

Енді Шектібайдың ұлы Жұмабекті қасына жиі шақырып, «ағамның көзі ғой» деп бауырына тартып, қайта-қайта суретке түсіп жатты.

«Қосақбай қартты жақсы білетін едім» деп сол әулетке көңіл айтып шықты.

Ақын да бала сияқты ғой. Оның бір түрлі алаңсыз жүруі, шаруа жайын тіпті де ойламайтындығы өмірлік серігі Күләш апамызға әбден арқа сүйеп кеткендіктен сияқты болып көрінді. Артынан байқап қарасақ, шынында да солай екен. Бір әңгіменің ретінде апай: «Өтежанды көп адам түсіне бермейді, шын мәнінде бұл тіпті бөлек жан, адамгершілігі мол, үлкен жүректі адам» деп сырын ашқаны бар.

Жарқамыста Күләш апайдың ерекше бір қуанышқа бөленген сәтіне куә болдық. Сонау жас кезінде, осы ауылға алғаш ұстаз болып келгенінде алдынан білім алған шәкірттері, осы кездесуге ел ағасы, алпыстың айналасында тұрған тұсында жиылған бір топ азаматтар сол кездегі күнделіктерін көрсетіп, мәз болысты. Ал Өтекең болса, сол шәкірттердің кім баласы екендіктерін сұраумен болды.

Өтежан ақынның «Балам менің өлген жоқ!» деген соғыс қасіретін сездіретін туындысы бар. Мұнда майданнан қайтпай қалған әкесі Нұрғалидың жолдасы Жексеннің елге оралғандағы сәті суреттеледі.

Қарт ана қабырғасы қайысып:

«Бірге кеткен Нұрғалиды өзіңмен,

Өз қолыңмен көмдің бе?» деп сұрайды.

Жаманат хабарды жеткізе алмаған майдангер сасқалақтап, «мынау жаман немесі мұқтаж болмай өссін» деп қайғылы кейуананың алдына аз-мұз ақша тастай береді.

Балам өлсе — жоғалмайтын көзі бар,

«Аман-есен келем»,— деген сөзі бар.

«Балаң өлді» деген сөзің болса бұл —

Тиыныңды төкпей-шашпай өзің ал!

Әке тағдыры осылай болып, оның дидарын анық көз алдына келтіре алмай өскен бала ер жетіп, жігіт болған шағында да, айналаға танымал азамат болған тұсында да сол бір қасіретті жүрегінен өшіре алмағаны анық. Сөйткен, Өтекеңнің өзі де өмірден өтті…

… Туған жердегі жылы жүздесулер, бүкпесіз сырласулар болып, жұрттың бәрі көңілді күй кешіп жүрген бір тұста ақын «Бұл менің Жарқамысқа соңғы келуім шығар» деп айта салды. Көпшілік бір түрлі іш тартып қалды. Кейбіреулер көңіл жұбатқандай болып, «Өтеке, алда әлі де біраз мерейтойларыңыз бар, бірігіп атап өтеміз ғой» деп жатты. Бірақ, өр мінез өзгеше сыр бермеді, илікпеді.

Бұл сапарда біз Қарауылкелді — Жарқамыс — Кемерши бағытымен ақын жанында үш күн бірге болдық. Оның бұрын-соңды күйде болмаған, бұрын біз байқамаған ерекше көңіл күйде жүргенін сезіндік. Жан дүниесінің туған жерге деген айырықша тартылысына, нәзік жүрек толқынысына куә болдық.

«Туған жерге адам жиі келе бермеу керек, он жылда бір келсең, жетеді» деді сосын жәймен. Артынан ойлап қарасақ, кейінгі тұстарда оның атамекен топырағына алпыс, жетпіс жылдық мерейтойлары тұсында ғана табаны тиіпті. Сексен жылдығында, өзі болжағандай, елдің дәмі бұйырмады…

Осылайша онымен Кемершиде қимай қоштастық. Ол пойызбен Алматыға қайту үшін Қарауылкелдіге қарай жол тартты. Біз осы жерден Ақтөбеге бағыт ұстадық.

Ақын ағаның туған жерге сағынышпен жеткен бұл сапары елмен іштей қоштасуы сияқты болып көрінді. Ия, солай…

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button