Әдебиет

«№2 ақын болмайды»

Өтежан 80

Жақында Ақтөбеге «тентек» ақын, жерлесіміз Өтежан Нұрғалиев келді. Сұхбаттаспақ ниет таныттық. Өтежан ағаның амандықтан кейінгі алғашқы сұрағы: «Нешедесің?» — болды.

— Отыздан астық қой, аға.

— Қандай бақыттысың, тәп-тәуір жерде қызмет істейсің. Мен сенің жасыңда ауылда өгіз бағып жүргенмін. Әңгіме осыдан басталды.

— Өгізді неше жасыңызға дейін бақтыңыз?

— Бүгінге дейін…

— Түсінбедім…

— Алматыда, зиялы қауым ортасында «жабайы», «қаңғып жүрген жынды» деген атағымыз бар. Не істеп жүргенім белгісіз. Мені қазақтың зиялылары кірпінің түгіндей көреді. Әуелден ақын болып жаралғасын, халыққа сүйеніп, мені сүйетін балағының биті бар жастарға сүйеніп саптан шықпай жүрмін. Олар мені бақташылардың, койшылардың, түйешілердің ақыны санайды. Абылайдың да түйе баққанын ескергілері жоқ. Өзім де солаймын. Оқымаған кітабы қалмаған оқымысты болсам да кырда малмен, самалмен тілдесіп, қаңғырып жүргенді жаным сүйеді. Сен дұрыс түсін, мәселе өгіз бағуда емес, мәселе — қалай тусаң, солай өлуде. Мен әуелде шала туылғанмын. Зиялылықпен ауырмайтыным сондықтан. Айран, іркітті де сапасы кетіп, әбден ақырған кезінде ішемін, аксүйектердің ішетін сары қымызы біздің аузымызға тимейді. Маған тиетіні — ашыған көже, сары шалап, қала берді салқын торы сыра. Кердің бе, осы отырғанда да өгізшімін ғой.

— Зиялылар сізді неге жек көреді?

— Зиялылар — халықтың өзінің ішінен шыққан шұбар жылан. Өсекпен, өтірікпен, жалған ғылыммен күн көреді. Халыққа ғылымды ілгері апаруға мүмкіндік бермейді. Олар — кесе көлденең тұрып алған бәле…

— …Зиялы деп отырғаныңыз кімдер?

— Әртіс, әнші, суретші, ғалым, ақындардың халтурщиктері. Халық өз әнін өзі айтады, өз әдебиетін өзі жасайды. Ал зиялысымақтар оны кәсіпке айналдырып алған. Әдебиет пен өнер ешуақытта кәсіп болмауы керек. Мысалға өлең ақша, мансап үшін тумайды, ол ішті жарып шығады. Мен тек халықтың ішінен шыққандарды ғана мойындаймын. Мен үшін зиялы деген ең жағымсыз сөз. Дұрыс түсінуіңді сұраймын, жақсы мағынасындағы зиялыға халыктың өзі зар болып жүр. Бірақ лайық адамдары жоқ деп ол орын бос тұрмайды, жалған, арзан, «пошлый» адамдар құмар. Сондықтан мен өзімнің шыққан тегіме қарай тартам да тұрамын. Бұл зиялы болғым келмейді деген сөз емес, мен оған жараспаймын. Туғалы қара қазаннын ішінде қайнап келемін, көзім жұмылғанша қайнайтын шығармын. Маған жарасатыны осы шығар.

— Сіздің заманнан келе жатқан сұрақ: ақыннын халтурщигі кімдер?

— Қазақстанда 800 ақын-жазушы бар дейді ғой, соның 799-ы — халтурщик. Тек алдыңда отырған мен ғана халтурщик емеспін. Өйткені, қолымнан келмейді. Олар Жидебайда отырып жалғыз зарлаған Абайдан да ұлы, «ақын» деген атақ (Халық жазушысы – С.Д.) алуға бәрі дайын, бірақ ақын болуға емес. Армандары елдің көзіне ерте түсу, қызметке, атаққа қол жеткізу. Олар халтура жасайын демейді, тұрмысы сол. Біздің өміріміздің өзі — халтура.

— Айта алмай жүрген ойыңыз бар ма?

— Жариялата алмай жүрген 10 поэмам бар. Ол да Елбасына арналған. Біздің қоғамдағы ең қауіпті тақырып — ел ағасына арналған дүние жазу. Ақындар осы тақырыптан, бейне бір қаулап келе жатқан өрттен қорыққандай, өлердей

қорқады, бірақ жазғысы келеді. Бірінші адам жазып, соның қыл көпірден өтуін тағатсыздана күтеді. Мен жаздым, бірақ ешкім баспайды. Менен бәрі тек сұхбат алуға кұмар. Қандай сұраққа қалай кұсқанымды қызықтайды. Әбіш туралы, Заманбек туралы жаздым. Осылай ұсақтала береді. Олар да халыққа тарамады. Ең жақсы шығармаларымның бірі осы «Замандасым Заманбек» еді. Заманбек ол кезде оппозицияда емес, калалық әкімшіліктің «құдайы». Мен оны бұрышқа тығып тұрып сөйлестім. Өзін, келіншегі, руын жер-көкке сыйғызбай мақтадым. Маған бір ауыз әңгіме айта алмады, кездесе қалсақ, теріс айналып кетеді. Әкімдер, билер, болыстар, губернаторлар ешқашан ақынды сүйген емес. Менің сөйлескім келеді. Ақтөбеге келгенде де сөйлесуге келдім, бірақ әңгімелесер жан таба алмадым. Өйткені, қартайғандары алжып, батырлары тасқа айналып кеткен, ал әкімдерінің қолы тимейді.

— Лениннің ескерткішін әлі үйде сақтап жүрсіз бе?

— Ленин менсіз де күнелтеді ғой. Ол көшедегі көрінген ескерткіш емес. Оны жасаған Қазақстанның халық суретшісі, Көкшетаудың жігіті. Сол ескерткішінде Ленин арғынға ұқсайды. Менің Қазақстандағы ең жақсы көретін халқым — Арғындар. Самолет ұшса, бір қанатында арғын, екінші қанатында найман келе жатады. Ал біз, Кіші жүз, майдамыз. Кезінде шынтақпен кағатын ірі болғанбыз. Ал қазір арғындар бәйгі бермей тұр. Үйдегі «арғьінды» сыйғыза алмай бір адамға бердім.

— Кімге?

— Есімде жоқ. Адам бергенін ұмытып қалуы керек. Үйдегі біраз нәрсені тараттым, ішінде Маркс, Энгельс, Ста­лин кетті. Оларға өреміз жетпейді. Мен осы үшеуін жақсы көрдім. Философ ретінде құдіретті жігіттер. Біздің менсінбей жүрген жігіттеріміз әуелі Лениндей болып алсын. Талай таздар жүр, бірақ Ленин бола алмайды. Таздардың ішіндегі ең мықтысы — Ленин.

— Сізбен Алматыда кездескенімізде Бердібек туралы әңгіме бастап едіңіз, сол аяқталмай қалды…

— Бердібекті өлтірген ғой. Есіңде болсын, адам өлмейді, оны өлтіреді.

— Кім?

— Қоғам. Қоғам өзінің ұсақтығымен, жексұрындығымен, көре алмайтындығымен, ең соңында жақсы көріп өлтіреді. Сүйем дейді де, құшақтап, тұншықтырып өлтіреді. Бердібек – қазақтың, оның ішінде үйсіннің сүйікті жазушысы. Алматының тұңғыш классигі. Мен оның өлімі туралы жаздым, «Асылған Бердібек» деген поэмам бар. Өмірден қорлықпен өтті, яғни мына өмірді көргісі келмей ағашқа асылды. Оны бәрі біледі, бірақ айтуға қорқады.

Менің негізгі тақырыбым — үйсіндер. 50 жылдан бері солардың арасында тұратын болғандықтан мен қазір адайларды ұмыттым. Мен жазған адамдардың бәрі үйсін: Асқар Тоқпағамбетов, Бердібек, Мұқағали, осылай кете береді. Өзің сұрап отырған Бердібекті өлімімен ұлы деп есептеймін.

— Сіз бір әңгімеңізде адамдарды: «Мені сүймейтіндер, маған табынатындар», — деп екіге бөлемін дедіңіз. Неге?

— Мені сүймейтіндер жек көреді. «Ол иттің баласына қашанғы шыдаймыз. Өзінің білімі де, түрі де жоқ. Қай жақтың адамы өзі? Осыны неге құртпайсыңдар?» —дейтін адамдар бар. Олар бұлай айтқандарына кінәлі емес. Өйткені – пенде. Ал мені сүйетіндер қалтқысыз сүйеді, жанымда жүреді. Менің әрбір оттаған сөзім олар үшін Құран сөзіндей. Өкінішке қарай, осындай адамдар да бар. Біразы өлді, бір қызығы, олар жаңадан туады. Маған күш беретін солар. Бүл екеуінің арасында тұру өте қиын, бірақ менің әлі құлайтын түрім жоқ. Екеуін де жақсы көремін. Сүймейтіндер мені өсіреді, өйткені қамшы ғой.

— Тұрғыластарыңыздың арасындағы ең мықтысы кім?

— Мен прозаиктерді адамға санамаймын. Олар ақын болуы керек, ақ өлеңмен жазсын, болмаса, Джек Лондон құсап көп жазуы керек. Өткен ғасырда одан ұлы жазушы жоқ. Проза жазса да, халық көңілінде ақын ретінде қалған. Copғa қарай, қазақта ондай жазушы жоқ, бірақ болуға тиіс. Ал акындардың ішінде осы талапқа сай келетіні – мен ғана. Кемшіліктерім де бар, бірақ өлеңді сүйемін. Арзан, оппозициялық газеттерге бергім келмейді. «Егемен Қазақстанның» бірінші бетінде тұрғым келеді. Сары басылымдар басқысы келеді, мен оларды менсінбеймін. Сақалымның ағы, өлерімнің шағында жексұрын газетке шыққаным ұят емес пе? Халықтың қалаулы газеті мені баспайды. Сондықтан ұлы ақын болуға, атағымды шығаруға шамам жетпейді. Менде ақыл, ми жоқ. Ми болса баяғыда ұлы болар едім. Шекспир, Пушкин сияқты талант менде де бар, тек ақыл жоқ болғасын ұлылыққа жете алмай жүрмін. Мен сол Қадыр, Тұманбайлардың артына шоғайна құсап жабысып журемін. Сол топта 10, 20-нөмірім бар, оның өзі де аз емес. Менен озған ұлы ақындар бар. Оларда атақ та, үй де, кәстөм де, қолдайтын азаматтар да бар. Тек талант жоқ. Құдай бермеген. Атақ пен талант — бір-біріне кереғар ұғым, неғұрлым шықса атағың, соғұрлым таланттан жұрдай боласың. Бір сөзбен айтқанда, менен басқа ақын жоқ. Естігің келіп отырғаны осы сөз болса, естіп тындың.

— Есенғалиды ұлы деп жүргендерге қалай қарайсыз?

— Есенғали — менің шәкіртім. Ол менен жиырма жас кіші. Оны бойыммен бассам да бірнәрсе қыламын ғой. Сонан соң екеуміз қиылыспаймыз. Оның кеңістігі басқа. Мен кері тартамын, ол ілгері тартады. Сен білесің бе, кері тартқан өте күшті болады, балағынан от жарқылдайды. Ол ағыспен келе жатыр, сондықтан озық, жұрттың алдында сөзі де күшті. Ал мен ағысқа карсы жүземін, мықтылығым осында. Адамзаттың бірінші ақыны – көзі, Отаны, аты жоқ, қайда туғаны белгісіз — Гомер. №1 ақын. Неге? Өйткені ол бәрінен бұрын туған. Міне, осы жағынан мен күштімін. Жасыңның үлкендігіне не жетсін?! Менен Мақатаев та, Қасым да, Абай да күшті. Өйткені бұрын туған. Бірақ өлеңім Абайдікінен төмен деп есептемеймін, төмен болса – біткенім. Маған Абайдың тағдырының, Мұқағалидың атағының керегі жоқ, Қасым мен бола алмайды. Себебі, ол — империяның ақыны. Мен болсам бар болғаны Алматыда қаңғып жүрген адайлардың ақынымын. Мені әлімдер де қадірлемейді, оларға өзінің ақыны керек. Кіші жүзде 25 ру бар, әр қайсысының бір-бір классигі бар. Маған адайдың ақыны деген атак тисе, сол да жетер еді, бірақ олардың да өз классиктері толып жатыр. Акындық — талас. №2 ақын болмайды, бәрі бірінші. Қазақстанға бір ақын жарайды, оның кім боларын уақыт шешеді.

Неге өзіңізді жабайы дейсіз?

— Алматының зиялылары осы атақты маған сіңірді. Әдемі иномаркам, ат шаптырым кабинетім, адам қызығарлық атағым жоқ мен жабайы болмай, кім жабайы болады?! Испандардың қолына түсетін үндістердің соңғы көсемі секілдімін. Қаншалықты ұлы болсам, соншалықты күлкілімін. Жұрт маған күледі, оны білемін. Өйткені желкемде көзім бар. Өзімді-өзім сынамасам, ешкім сынай алмайды. Мен туралы ешкім жаман сөз, сықақ, өлең жаза алмайды. Мен жекпе-жекке шақырамын, жүрегі дауалап қарсы шығатын адам жоқ.

— Жастарды оқисыз ба?

— Қоянның өзін көріп, калжасынан түңіл дей ме, олардың бойында жағымпаздық, бейімделушілік бар екенін көремін де, жазғандарын түсіне алмаймын. Олар жазады, бірақ жазғандары маған жетпейді. Өйткені оларда тағдыр, өмірбаян жоқ. Топтың ішінде жүргенді жақсы көреді, сонан соң ақша керек. Мүшәйраға ақша үшін қатысады. Бірақ олар менімен теңдескенді, сөйлескенді жақсы көреді. Жастардың көбін элеватор торғайлары деп атаймын, үлкен мекеменің қасында жем аңдып жүреді. Маған далада жайылған жабайылар керек, джунглидің ішіндегі Маугли сынды. Менің идеалым — сол.

— Ондайлар бар ма?

— Бұрын болатын еді. Қазір аты аталмай кетті.

— Кімдер?

— Тоқаш Бердияров. Қазақ поэзиясының лирика жанрының пионері. Қазақтың лирикасын жазған, жасаған ақын. Мысалға, Мақатаевты жасаған — Бердияров. Бүкіл қазақтың лирикасы осы адамға борышты. Тағы біреуі — Төлеужан Исмаилов. Атын атауға болмайтын екі адам — осы. Қазақтың поэзиясын жасаған осы екеуі. Бұларды бүкіл классиктер жек көрген. Соның кесірінен әлі күнге дейін елеусіз.

— Тоқашты лирика жанрында пионер дедіңіз. Мағжан ше?

— Мен Мағжанды ұнатпаймын, ол — саясаттың ақыны, соның құрбаны. Блок, Брюсов тектес. Олар – эстеттер, әдемі жазады, үстем таптың өкілдері. Мен советтік кезеңде өмір сүрдім, ақындарды тапқа бөліп қараймын. Кедейдің ақыны, арғынның ақыны, жексұрындардың ақыны… осылай бөлемін. Үстем таптың өкілі, жыршысы — Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Әуезов, Мағжан. Бұларды ұлтшылдар, «халық жаулары» деп естіп, тәрбиелендім ғой, сол ұғымнан әлі арыла алмай келемін. Ескі ұғымның адамымын ғой. Сүймейтінім де сондықтан. Менің жақсы көретінім — Сәбит Мұканов. Оны мака­ла қылып жазғанмын. Әуезовті орыстың классикалық әдебиетінің дәстүрін дамытқан күрделі құбылыс деп есептеймін. Ал Сәбит халықтың ішінен шыққан, өзінің талантына сүйенген ғажап қаламгер. Оның сөзі мен ісінде еш айырмашылық жоқ. Халық жауын ұстады, жетімді жебеді. Нұрпейісовті Мұқанов тәрбиеледі, армиядан келгенде Әуезовке ерсең бұзылып кетесің деп, ешқайда жібермей, өзінің үйіне алып барып, диванына жатқызып өсірген. «Кур­ляндия» деген романды Сәбит шығарып берген. Оны ешкім айтпайды, айтсаң тіксінеді. Мұның бәрі — саясат.

— «Курляндияны» Сәбит шығарып берді дегенді қалай түсінуге болады?

— Әбдіжәміл ол кезде классик емес, солдат. «Курлян­дия» — 22 жастағы баланың дәптері. Сәбит: «Бұл баланың маған ұқсайтын жағы жетеді екен. Осындай адамды күтіп едім, ақыры келді», — деп, үйіне апарып тамақ беріп, бойын жылытып, ескі кәстөмін кигізіп, 6 ай бойы қасында ұстаған. 6 айдан кейін «Курляндия» шықты. Бірақ қазір ол кісі мұны айтқанды жақтырмайды, өзін Әуезовтің шәкірті, ісін алға апарушы көреді. Әдебиет осылай жіктеледі, әдебиеттің таптық сипаты деген — осы. Менің лауреаттарды, бастықтарды, әдемі үйде тұратындарды жек көретінім сондықтан. Олардың мені жабайы санайтыны да содан. Менің дәптерлерім үйде жатыр, жұрттың дәптерлері кітап болып шығып жатыр. Кітап шығаруға асықпаймын, өйткені колымнан келмейді. Оны жердің астына кеткен кезімде өздері тауып алады. Егер табылмаса, жоғалып кетсе, онда обалым жоқ. Өмірде мұндай жағдайлар болады, жаңағы Бердияров жоғалып кетті гой, тағы кім бар?.. Олардың да обалдары өздеріне.

— Құдайға сенесіз бе?

— Сенген адам Құдай туралы айтпайды. Ол — бір ғажап құбылыс. Міне, осы отырғанда мен Құдайдың құлымын. Ал егер күшті болсам оның жолдасымын, біресе Құдай мен болуым керек, біресе ол. Құдай деген — осы. Ал таза соған беріліп: «Алла, тек өзің жәрдем бер!» — деп, ештеңе жасамай отыратын «сопыны» иттің етінен жек көремін. Баланы жолбарыс жеп жатса, «Алланың бұйрығы ғой» – дейді де мүлгиді. Жолбарыстың қолында өлу керек. Құдайды мен осылай түсінемін. Адам өзінің қылығымен Құдайға жақындайды. Тек қана өзінің құрбандығы арқылы, қан төгу арқылы борышын өтейді. Бүкіл тарих солай, үш жүз жылда бір қан төгіледі, адам құри жаздап барып қалады, шаңырағы шайқалады. Соны Алланың бұйрығымен болады деп есептеймін. Жұрт: «Жауыздық — Ібілістің шаруасы», — деп ойлайды ғой. Олай емес. Ең ұлы бұйрық көктен келеді. Сен оған сенсең де күшті, сенбесең де күшті. Құдайға сенбесең, адайдың тілімен айтқанда, тоныңның пәре-пәресін шығарады. Оған сенбейтін адам болмайды. Солай. Бұл — өте қауіпті сұрақ, жауап беремін деп талай адамның шашы ағарған, аузы қисайған. Құдай жоқ дейтін адам қазір кездеспейді, өйткені кұдірет оның тілін байлап тастайды. Құдайдан ұлы сұлулық та, әділдік те жоқ, ең ұлы ақын — Құдай. Ең жақсы поэма — Құран. Оны көбі түсінбейді. Тек үстіндегі санын, бетіндегі әрпін оқиды, рухын түсінбейді. Ең қиын кітап — Құранның тәржімасы. Мен кітап дүкеніне, кітапханаға жиі барамын. Сонда орысша жазылған ислам діні туралы кітаптар бар. Ол жаққа ешкім жоламайды. Құдайды жақсы көрсе, барып оқымай ма? Қазіргілер Құдайдан қорықпайды, қорқамын дегендері – өтірік. Мен осылай ойлаймын.

— Сіз қорқасыз ба?

— Зәрем қалмайды! Сол корыққаннан ғой осы түкке тұрмайтын поэзия дейтін жанрға қызмет етіп, бүкіл өмірімді сарп етіп жүргенім. Аллаға сиынған түрім — осы. Менің намазым да, мешітім де, шадиярым да, пайғамбарым да — поэзия. Шығармашылық мен үшін өлең арқылы Аллаға қызмет ету. Бірақ олай жазбаймын. Онда бәрі маған, қазақша айтқанда к… ашып, күледі. Мен поэзияны кілтпен кілттеп беремін. Оны жүрегі таза адам ғана түсінеді.

Неге «түкке тұрмайтын поэзия»?

— Менің өлеңім халыққа әлі жеткен жоқ. Халыққа қызмет етпегесін не кұны қалады. Соған ызаланамын. Ол — менің ақылымның аздығынан.

— Елге жиі келесіз бе?

— Бұрын жиі келгім келетін. Самолетті көргенде бір қанатына ілініп кете берсем, Ақтөбенің тұсына келгенде тұңғиыққа секіріп түсіп, малтып шықсам деп ойлайтынмын. Уақытында оның бәрі қалады екен. Қазір келгім келмейді. Өйткені жақсы көретіндерім түгел өліп кетті. Сағыныш деген ауруымнан жазылдым, одан да жазылуға болады екен. Елу жылда жазылады, ештеңені сағынбайтын боласың. «Ақтөбеге кетіп бара жатырмыз, сәлем айтайық па?» дейді. Мен: «Айтқың келсе айт. Жайылып жүрген сиырға айт, абалап үрген итке айт. Олардан басқа сәлем айтатын менде адам жоқ», — деймін. Олар ыржиып күліп кете береді, бірақ туған жердің түтіні ыстық. Иіскейтінім рас. Келгім келіп тұрады, тіпті тұрғым келеді. Бірақ мені кім тұрғызсын.

— Ақтөбеде тұрғыңыз келеді ғой сонда?

— Осында келіп, бір кішкентай жер алып, оған сәбіз ексем деймін. Шыққан кезде бірінші болып базарға барып сарымсақ қосып сатсам деймін. Қиялым ғой. Оны маған қимайды, адамдардың жүрегі қатайды ғой. Олар тек өздеріне ұқсайтынды ғана жақсы көреді. Сол Алатаудың түбінде сүйретіліп өлеміз. «Жазушы провинцияда туып, Парижде өледі» деген сол. Жалғыз мен емес, бәрі де сүйтеді. Ақтөбе өзінің халтурщигімен, сұрқай әдебиетімен, болар-болмас өнерімен өмір сүре береді. 24 қабат қонақ үй салады, мұнай атқылай түседі. Байлықтан не істерімізді білмейміз. Бірақ ол кезде Өтежан болмайды. Оған өкінішім де жоқ. Ақындардың өмірі солай. Менің әкемдей Шекспир де, атамнан да ұлы Фирдоуси де солай болған. Абай тіпті өзінің Жидебайынан аса алмаған. Ақынға ақыл кірмейді, ақыл кірген күні ақындықпен қоштасады. Ақын ең соңында дарға асылуы керек, сондай ақынды мен құрметтеймін. Салаңдап ілініп тұруы керек.

— Құдайдан қорқамын дедіңіз, ал Алла тағала адамның өз-өзіне қол жұмсауын харам қылған…

— Өз-өзіне қол жұмсаған адам кәпір болатыны рас. Ақын асылып өлетін болса оны мұсылман жататын молаға жатқызбау керек. Бірақ халық оған қарамайды, бәрібір сүйеді. Әсіресе өлгеннен кейін қатты сүйеді. Тірісінде қанша жексұрын болса, өлген бойда тазарып шыға келеді. Тіпті мұсылман деген атақ алады.

— Сізді Ақтөбеге шақыра қалған жағдайда қанша жыл тұрған Алматыны қиып кетесіз бе?

— Қанша дегенмен мен Ақтөбенің топырағынан жаралдым ғой. Алматыға 50 жылымды бердім. Енді Ақтөбенің сыртынан бір лашық берсе, сол күні келер едім. Өзімнің 10 мың, кемпірімнің 10 мың зейнетақымыз бар, оған жаңағы сәбіз сатқан ақшаны косамын, сол жетеді. Сонан соң бір жартыңды алып сен келесің, солай шалқып отырамын. Өйткені ылғи жаза бермейсің ғой. Жазудан да каласың. Теріс карап сөйлейсің, оны кім көтереді. Бір қыздың «қаңғы» деген сөзі тиіп адайдан қашқан Құрманғазы құсап үйсіндерден қашып келемін. Олардың да 50 жыл миын шіріттім, тойып болды.

— Өкінішіңіз бар ма?

— Осы кезге дейін қалай өмір сүрдім, өлгенше солай болады ғой. Өкінсең де сол, өкінбесең де сол. Күн сайын үлкейіп келе жатырмын. Қартайғасын адамға ақыл кіруі мүмкін. Бұрын мені бір жарты арақ беріп алдап жұмсайтын, қазір олай істей алмайды. Мен тек жүрегімнің қалағанын жазамын.

— Сізді жақтырмау неден басталды?

— Әуелден жақтырмайды. Мен Советтер одағының географиясын өлеңге қостым, Балтықтан Амурға дейін жаздым. Көркем тілде шыңға жеттім. СССР-дің барлық территориясын, партияның, халықтың ұлылығын, жер бетінде мұндай мемлекет бұрын-соңды болмағанын жырладым. Болмайды да. Бала кезден осылай жаздым, соның өзін баспады ғой, сынады. Оның бергі жағында Ұлы Отан соғысы туралы кітап шығардым, мендей ешкім жаза алған жоқ. Кешегі 60 жылдықта соны кайтадан шығарулары керек еді. Сонан соң маған «Халық жазушысы» немесе «Мемлекеттік сыйлықтық лауреаты» деген атақ беру керек болатын. Тіпті агылшыншаға аудартса артықтық етпейді.

Неден басталды дейсің, әдебиетке келгеннен басталды. Бірақ ол жақсы болады екен. Қайта-кайта қайралып отырдым. Махамбеттің:

Қайраулы қара балта едім,

Қайрауын таппай кетілдім,

Қайрасаң қайта жетілдім, —

дегеніндей. Жолдастарым маған қатты қызығады, мендей болғысы келеді, бірақ бола алмайды. Сұхбаттың басында былдырлап отыр едім, енді аяғына келгенде мені тоқтата алмайсың. Қанша сұрасаң соншама жауап беремін. Өйткені көкірегім гүлдеп тұр. Маған атақ, ештеңенің керегі жоқ, жарияламасаң да болады. Тек сенің мазаңды қашырсам, енді бұл кісіден сұхбат алмаймын деп ызалансаң, соған ризамын. Қазір екеуміздің жекпе-жегіміз. Сен тобықтан қағып отырсың, бірақ бәрібір мен жеңемін.

— Тобық демекші, сізді Тобық Жармағамбетовті қатты құрметтейді деп естідім…

— Тобық қазақтың бірінші прозаигі. Оның бірінші әңгімесі көркемдіктің шыңына шықты, бірақ 1954 жылдан кейін басылған жоқ. Тобық сол әгімесімен сенсация жасады. Кейінгі шыққан кітабына кірмей қалыпты. Себебі ондай әңгімені біздің қаламгерлердің ешқайсысы жаза алмайды. Тобықты ешкім түсінген жоқ. Мен өзімнің ақындық қалыптасу дәуірімде Тобыққа борыштымын. Басқа жазушылар Тобықтың қасында күннің қасындағы ай сияқты солғын тартады. Оның шәкірті де болған жоқ, іздеушісі де жоқ. Ол туралы мен жаза алмаймын. Жазсам біреуге тілім тиеді: «Сен өлтірдің» деймін. Менің қазіргі жарақатым — Тобық, сыздайды да тұрады.

— Тобықты бірінші қылатын қандай ерекшелігі?

— Біріншіден, онда артық сөз жоқ. Ол жазғанда басқа дүниеден қол үзеді. Зейнолла Қабдолов бірінші әңгімесін оқығанда:

— Шырағым-ау, қайда кетіп бара жатырсың, табан тірейтін жерің қайда? Кеттің ғой ұшып, — деген. Сонда Тобық:

— Бірінші көтеріліп алайыншы, қайда болса да. Қону қашпас, — депті.

— Сен мына түріңмен қона алмайсың.

— Қонғым да келмейді!

Онікі шексіз — романтика. Бұл француздарда бар, бізде дамымаған.

— Бірінші әңгімесінің атын атамадыңыз ғой?

— «Екі жүрек». Оны архивтен тауып алуға болады.

— Әңгімеңізге рахмет, аға!

— Ал, мен кеттім.

Сұхбаттасқан — Сәтжан ДӘРІБАЙ,

«Ақтөбе», № 83-84 (18613-18614),

14.07.2005 ж.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button