Экономика

Александр МАШКЕВИЧ: Ақтөбе — шағын және орта бизнес жұмысы үшін қолайлы жағдай құруға ең белсенді өңір

Кеше Ақтөбеде Еуразиялық топ құрамына кіретін кәсіпорындардың сатып алу процедурасына қатысушылар мен әлеуетті жеткізушілер үшін ERG компаниясының Ашық есік күні өтті. Өнер орталығында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Еуразиялық топ менеджерлер кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, сондай-ақ «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының және бизнес өкілдері қатысты.

Шараның басты мақсаты — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі кәсіпорындарды шағын және орта бизнес субъектілерімен біріктіру шараларын қабылдау туралы тапсырмасына сәйкес ERG компаниясының сатып алу рәсіміне қол жеткізуді кеңейту. Облыс әкімінің бастамасымен Ақтөбеде ұйымдастырылған ERG компаниясының Ашық есік күніне өңірдегі шағын және орта бизнес мәртебесі бар отыздан аса компания қатысты. Ғимараттың кіреберісіндегі кең залда ақтөбелік тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Бердібек Машбекұлы бастаған топ осы көрмені аралап көрді. Көрмеде арнайы киімдер тігетін, бекітпе бұйымдарын, өртке қарсы жабдықтарды, полиэтилен құбырларын, фильтрациялайтын элементтерді, сорғылайтын және желдеткіш құрал-жабдықтарды, қағаз өнімдерін, азық-түлік шығаратын отандық кәсіпорындармен бірге,  тағамдануды ұйымдастыру ұйымдарының өкілдері өз қызметін таныстырды. ERG компаниясының Ашық есік күнінде отандық өндіруші компания өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел кезінде тараптар ERG-дің ақтөбелік шағын және орта бизнеспен серіктестігінің өзекті мәселелерін талқылады. Бердібек Сапарбаев ERG компаниясын ақтөбелік кәсіпкерлермен серіктестікті кеңейтуге шақырды. Ол өз сөзінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға қалай көңіл бөлетінін жақсы білесіздер.  Еліміздегі осындай үлкен компаниялар шағын және орта бизнесті қолдап әрі солар шығарып жатқан өнімді алуы керектігі жайында арнайы берілген тапсырма бар. Ол үшін шағын және орта бизнеске қойылған талап бар. Яғни олардың шығарып жатқан өнімдері қазіргі стандартқа, халықаралық талапқа сай келуі керек. Қазіргі таңда біздегі шығарылып жатқан өнімнің 32 пайызын шағын және орта бизнес өндіреді. Бұл салада жұмыс жасап жатқан азаматтардың саны 200 мыңға жуық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға дейін еліміздегі шағын және орта бизнестің бұл саладағы үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді міндеттеген болатын. Қазір бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Осындай кездесулердің, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Біздің негізгі мақсатымыз — тек Ақтөбедегі емес, көрші өңірлердегі «Шеврон», «Қарашығанақ» секілді үлкен компаниялармен бірлесіп жұмыс жасау. Өткен жылы біз ондай компаниялармен кездесу өткізгенбіз. Соның арқасында қазір біз олармен біраз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ондай компаниялардың кәсіпорындары біздегі бизнестің шығарып жатқан өнімдерін алып жатыр. Оның ішінде ERG компаниясы, «Қазхромның» қалай жұмыс жасайтынын білесіздер. Бір ғана мысал — аталған компанияның ширек ғасырдағы облыс экономикасына салған қаржысы жарты триллион теңге. Бұл — облыс экономикасын дамытудағы үлкен көмек. Биылдың өзінде ең кем дегенде 70 миллиард теңге өңір экономикасының дамуына жұмсалынады, — деген Б.Сапарбаев бүгінде «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ-на қарасты Дөң тау-кен байыту комбинаты, Ақтөбе, Ақсу ферроқорытпа зауыттарының, сондай-ақ «Соколов-Сарыбай» кен байыту өндірістік бірлестігі, «Қазақстан аллюминиі» АҚ сынды кәсіпорындардың басын біріктіріп отырған ERG басшылығына осындай бастамаларды қолдап, өз өндірісін тоқтаусыз жетілдіріп отырғаны үшін алғысын білдірді.

Облыс әкімі өз сөзінде өңірде шағын және орта бизнеспен айналысушыларға, инвесторды қолдау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар турасында да айтып өтті. Бүгінде кейбір ақтөбелік компаниялар экспорт талабына сай өнім өндіреді. Облыс әкімі ERG  қолдау танытса, онда біздегі мұндай компаниялар кәсіпорынның талабы бойынша өнім өндіруге дайын екенін де айтты.

Өз кезегінде А.Машкевич өңірдегі бизнес ахуалға жоғары баға беріп, жергілікті тауар өндірушілермен серіктестік етуге қызығушылық танытатынын жеткізді.

Біз жергілікті кәсіпкерлікпен көптеген себептер бойынша — патриоттық және экономикалық, сондай-ақ тұрақтылық тұрғысынан бірге жұмыс істеуге ұмтыламыз. Мәселен, былтыр «Қазхромның» өзі отандық өндірушілерден 19 миллиард теңгеге, Ақтөбе облысы бойынша 4 миллиард теңгеге тауар сатып алған. Ақтөбе облысының осындай шағын және орта бизнес жұмысы үшін қолайлы жағдай құруға ең белсенді өңірлердің бірі екенін айтқым келеді. Сол үшін облыс басшылығына үлкен рақмет, — деді А.Машкевич.

Дөңгелек үстел барысында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, ERG компаниялар тобы өкілдері шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы атқарылып жатқан шаралар мен жаңа жобалар турасында баяндады. Кездесу кезінде  кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға тараптар жауап берді.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button