Экономика

705,5 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында ағымдағы жылдың 5 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдері, басқармалар мен жауапты мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

— Біз Мемлекет басшысының экономиканың 5% өсіміне жету бойынша тапсырмасын орындау, сондай-ақ облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктер мен резервтерді пайдалануымыз қажет, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев кіріспе сөзінде.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметовтің баяндауынша, есепті кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері 2017 жылдың осындай кезеңінен жоғары көтерілген.

Мәселен, өнеркәсіп өнімдерін шығару көлемі 5 ай ішінде 705,5 миллиард теңге құрап, өсім 104,8%-ға жеткен. Оның ішінде тау-кен өндіру саласы бойынша 420,6 миллиард теңге (104,5%), өңдеуші сала — 226,4 миллиард теңге (106,3%). Өсім ең алдымен мұнай өндіруді ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ газ, хром рудасы, ферроқорытпа, мыс рудасы және концентраттар өндіру өсіміне де қол жеткізілді.

Негізгі қорға инвестиция салу көлемі 121,2 миллиард теңгеге жетті немесе 108,8% құрады. Бұл бағытта барлық аудандар мен Ақтөбе қаласы белсенділік танытты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару өсімі 105,3% құрап, 54,5 миллиард теңгеге жетті. Ет, сүт, жұмыртқа өндіру ұлғайды. Құрылыс жұмыстары көлемі ақшалай алғанда 40,8 миллиард теңге немесе 102,4% құрады. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен жиынтығы 231,9 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, өсім 113,4%-ға жетті.

Баяндаманы тыңдаған облыс басшысы өнеркәсіп өндірісі, құрылыс жұмыстары көлемін арттырып, негізгі қорға инвестиция тарту бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

— Бірінші жартыжылдықтың аяқталуына 20 күннен аз уақыт қалды. Біздің міндетіміз — экономиканың 5% өсіміне жетуді қамтамасыз ету. Бұл үшін әрбір басқарма басшысы  ахуалды күн сайын талдап отыруы тиіс, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыста белгіленуі бойынша пайдаланылмай отырған жер учаскелерін қайтару жұмыстары жалғасуда. Жерді пайдалануға бақылау жасау және қорғау басқармасының басшысы Әбдіхат Мырзалин 2018 жылдың 5 айында басқарма тарапынан 155 мың гектарды қамтыған 170 тексеру жүргізіліп, 33092,8 гектар аумақта жер заңдылығын бұзудың 73 дерегі анықталғанын хабарлады. 6 тәртіп бұзушыға 746 мың теңге айып салынып, 33 жер пайдаланушы ескерту алды.

Ауыл шаруашылығы белгіленіміндегі жер бойынша 52 тексеру жүргізіліп, оның барысында 38 тәртіп бұзушылық анықталды. Нәтижесінде агроқұрылымдар мемлекет меншігіне 73878 гектарды ерікті түрде қайтарды.

Басқарма коммерциялық бағыттағы жер бойынша 55,5 гектар ауқымдағы 36 субъектіге тексеру жүргізіп, 32 құқықбұзушылықты анықтады. Бақылау тексеруі нәтижелері бойынша оларға ұйғарымдар беріліп, 20 субъектіге айып салынды. 10 кәсіпкерден бизнеске арналған жер учаскелері мәжбүрлі түрде алынды.

Облыс әкімі жерді тиімді пайдалануға назар аудара отырып, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін бірінші кезекте өз тұрғын үйі жоқ азаматтарға бөлу қажеттігін айтты.

— Кезекте тұрғандарға жер учаскелері берілді, инженерлік коммуникация жүргізуге мемлекет қаржысы бөлінді. Біз не көріп отырмыз? Жеке құрылыстар баяу жүруде. Мұның үстіне жер учаскелері кезегіне бұған дейін тұрғын үйлері бар азаматтар тұрып алған, — деп облыс басшысы тағы бір көкейкесті проблеманы қозғап, мысал ретінде биылғы жылы бірде-бір үй салынбаған Қарғалы ауданындағы Ш.Қалдаяқов селосындағы жағдайды тілге тиек етті.

Жиында сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметі қорытындылары талқыланды.

Мекеме басшысы Нұрсұлу Беркімбаева облыс аумағындағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты күйде екенін хабарлады. 15 инфекциялық аурулар бойынша көрсеткіш төмендеуі байқалады, 55 нозология бойынша сырқат түрі байқалған жоқ. Алайда, өткір ішек аурулары жағдайларының өсуі алаңдатады, оның 96,6%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Баяндаушының пікірінше, бұл санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтамайтын жеке балабақшалардың қызметіне байланысты.

2 жасқа дейінгі балалар үшін А гепатитіне қарсы вакциналарды сатып алуға бөлінетін қаржының жетіспеуіне, сондай-ақ облыс тұрғындары арасында егуден бас тартушыларға қатысты проблемалар әлі де өзекті күйінде қалуда.

Облыста менингоктық жұқпа бойынша жағдай тұрақты және бақылау аясында. Жыл басынан бері менингитпен сырқаттанудың үш дерегі анықталды, оның екеуі — 10 жасқа дейінгі балалар арасында.

Бердібек Сапарбаев екпеден бас тарту, облыс базарларындағы санитарлық тәртіп бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан проблемалық мәселелер бойынша профилактикалық жұмыстардың нашар жүргізілетіндігін атап көрсетіп, департаменттің жұмысын сынға алды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі дала өртінің алдын алу, қаланың санитарлық тазалығы мен көркейтуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button