«Бақытты бала»

Ақтөбе — сәбилер көзімен

Байқау

Ақтөбе қаласының 149 жылдығына орай кеше «Бақытты бала мекені — Ақтөбе!» атты асфальтта сурет салудан байқау өтті. Аталған шара облыстық «Бақытты бала» жобасы аясында қолға алынды.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылған шараға шаһардағы 12 балабақшаның тәрбиеленушілері қатысты. Олар Ақтөбенің көрікті жерлері, сәулетті ескерткіштері, ерекше ғимараттарын асфальт бетіне салып, осылайша, өздерінің туған өлкесіне деген махаббатын көрсетті. Шараның мақсаты — ұл-қыздарды туған жерін құрметтеуге шақырып, Ақтөбенің әдемі көріністерін өзгелерге паш ету.

— Байқау дегеннен гөрі, бұны балалардың бейнелеу өнеріне дарынын дамытуға арналған шара деуге болады. Өйткені бүгін ешқайсысы жеңіліс таппайды, бәрі — жеңімпаз. Асфальтқа сурет салуға 200-ге жуық бала ынта білдірді. Олардың барлығы — мектепке дейінгі ұйымдардан келгендер, — дейді Ақтөбе қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының бөлім басшысы Гүлнар Шалабаева.

Қаланың ескі бөлігінде орналасқан Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мүсінін, Т.Ахтанов атындағы театрдың қасбетін, Пушкин атындағы саябақтағы карусельдерді түрлі түсті бормен салған кішкентайлар аз уақыттың ішінде қиялындағы бейнені жердің бетіне түсірді.

№26 «Үміт» балабақшасының тәрбиешісі Анар Асқарқызының айтуынша, оның өзімен еріп келген 29 баланың әрқайсысы бұған дейін асфальтта сурет салуға дағдыланған, бұл өнерден хабары бар. «Мұндай шаралар, әсіресе, жазғы уақытта керек-ақ. Бұл балалардың ой-өрісін дамытады әрі Ақтөбеге қатысты таным-түсінігін арттырады», — дейді ол.

Аспанды бұлт құрсап, күн райы қолайсыз болса да, саябаққа қатысушылар да, олардың шығармашылығын тамашалаушылар да көптеп жиналды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button