Экономика

Бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізілді

Мәслихат

Бейсенбі күні өткен облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысына аталған тұрақты комиссиялардың мүшелері, облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Сонымен бірге оның жұмысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова қатысты.

Отырыста 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 8 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және 2020 жылға дейін Ақтөбе агломерациясын дамыту бойынша іс-шаралар жоспары туралы облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 1 қарашадағы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайындағы мәселелер қаралды. Бұл аталған екі мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов хабарлама жасады. Ол облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылған шығындар тізімін ұсынды. Шығындардың жалпы көлемі  — 2 602 791,4 мың теңгені құрайды. Қаржы негізінен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысына, кәсіпкерлік пен білім салаларына бөлінді.

Дегенмен, халықтың талабы өсіп отырған қазіргі кезде қаржы қалаға да, ауылға да керек. Сондықтан болса керек, мәселені талқылау барысында депутаттардың пікірлері үнемі қабыса бермеді. Бірқатар депутаттар өздері сайланған округтердегі құрылыстарға, тіпті тікелей өздері басқарып отырған салаларға қаржының қарастырылуын сөз етіп, мәселенің талқылануын едәуір созып жіберді. Бюджет қаржысының тиімді салаларға, тап бүгінгі күн үшін аса зәру орындарға жұмсалуына алаңдаушылық білдірген депутаттар аз болған жоқ. Осымен байланысты хабарлама жасаған басқарма басшысына облыстық мәслихаттың депутаттары өте көп сұрақ қойып, өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын білдірді.

Комиссияның күн тәртібіндегі қаралған екінші мәселе бойынша басқарма басшысы 2030 жылға дейінгі Ақтөбе агломерациясын әзірлеудің ұзақ мерзімді жоспарын жүзеге асыру бойынша 2018-2024 жылдарға арналғаніс-шаралар жоспарының жобасы әзірленгенін айтты.

Ақтөбе агломерациясының құрамына Ақтөбе қаласы және 6 ауданның 112 елді мекені кіреді. Олар — Алға, Мұғалжар, Қарғалы, Хромтау, Қобда, Мәртөк аудандары.

Хабарламашының айтып өткеніндей, ұзақ мерзімді жоспардың орындалуы екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезең — 2018-2024 жылдары қала құрылысының басымдықты міндеттері немесе ең өткір проблемалары шешілетін болады. Ал 2025-2030 жылдарға тиесілі екінші кезеңде агломерациялардағы халықтың өмір сүру жағдайларын дамыған елдердің ірі қалаларының деңгейіне жеткізу бойынша шаралар қабылданады. Бұл мәселе бойынша да депутаттар өз ойларын ашық айтып, пікірлерін білдірді.

Отырыста талқыланған мәселелерді облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына енгізу туралы қаулы қабылданды.

Бұдан кейін облыстық мәслихаттың агарарлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағадарламасының іске асырылу барысы туралы хабарлады. Ол осы бағыттағы облыста қол жеткен оң көрсеткіштерге, саладағы жаңалықтарға, таяу жылдардағы алға қойылған міндеттерге тоқталды. Көктемгі далалық жұмыстардың ұйымдастырылуын баяндады.

Бұл тұрақты комиссия отырысының екінші мәселесі — 2018-2025 жылдарға арналған облысымыздың қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіші туралы болды. Ол бойынша табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Асхат Көбенов пен «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС ғылым және аналитикалық зерттеу департаментінің директоры Наталья Яковлеваның баяндамалары тыңдалды.

Бұл қаралған мәселелер бойынша да комиссия қаулы қабылдап, аталған мәселелерді облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қарауына ұсынды.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button