Экономика

Халықаралық көрме: алпысқа жуық компания өз өнімдерін ұсынды

Ақтөбеде «MinTech-АқтөбеМұнайХим-2018» халықаралық тау-кен, металлургия, энергетика және мұнай химиясы көрмесі ашылды.

Шара ҚР Үкіметі, Ақтөбе облысы әкімдігі, сондай-ақ өңірдегі ең ірі өнеркәсіп орны — «ҚАЗХРОМ» АҚ трансұлттық компаниясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Көрменің салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, «BM EXPO» ЖШС, халықаралық «КАЗЭКСПО» көрме компаниясы басшылары, ҚР тау-кен, металлургия және мұнай химиясы кешендерiнің негізгі компаниялары, жақын және алыс шетелдерден келген осы салаларға қажетті жабдықтарды өндірушілер, шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.

Аталған халықаралық көрме 2003 жылдан бастап еліміздің ірі индустриялық орталықтарында өткізіліп келе жатыр. Соның бірі — Ақтөбе облысы. Көрмені ұйымдастырушы компания «КАЗЭКСПО» көрме компаниясының директоры Римма Ғалымжанованың айтуынша, аталған шара Ақтөбеде 2016 жылдан өткізіле бастады.

Көрмеге тау-кен, металлургия, мұнай химиясы және энергетика салаларына арналған жаңа жабдықтар мен технологиялар қойылған. Олар — энергетика, мұнай-газ саласы, байланыс, коммуналдық шаруашылыққа арналған өлшейтін, сынақ жүргізетін, диагностикалық жабдықтар, металл өңдейтін, құрылыс пен өнеркәсіпке арналған құралдар, әлемге әйгілі өндірушілердің химиялық өнімдері, плазмалық, газ және лазермен кесуге арналған материалдар, өнеркәсіптік және арнайы мақсаттағы техникалық диагностикалау жүйелері, тау-кен өнеркәсібі мен тоннель салуға арналған құрғақ және дымқыл шаңсорғыштар, отқа төзімді материалдар, зертханалық және талдау жабдықтары, химия реактивтері мен реагенттері, энергетика, байланыс салаларына арналған диагностикалық, метрологиялық жабдықтар, бекіткіш-реттегіш арматура, өнеркәсіптік мақсаттағы түтік құбырлар,  фитингілер, құбыр қосындылары мен адаптерлері, таразылар мен таразы жүйелері, арнайы киім және тағы басқа да жабдықтар мен қажетті құралдар көрсетіліп отыр.

— Бұл көрмеге Ақтөбе облысынан 16 ірі кәсіпорын қатысып жатыр. Олардың қатарында «Қазхром» акционерлік қоғамы, Ақтөбе мыс компаниясы, азот зауыты,  Ақтөбе хром қосындылары зауыты, «Allageum Electric» қоғамының филиалы,  «СпецПромЦентр» серіктестігі сынды Қазақстан өнеркәсібінің алыптары мен жетекші кәсіпорындары бар. Бүгінгі көрме осы секілді ірі компаниялардың Индустрия 4.0 бағдарламасына өтуіне үлкен септігін тигізбек, — дейді Римма Ғалымжанова.

Халықаралық шараға қатысушыларды аймақ басшысы атынан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов құттықтап, көрме жұмысына сәттілік тіледі. «Қазхром» акционерлік қоғамы трансұлттық компаниясының вице-президенті Азамат Бектібаевтың айтуынша, мұндай көрме шараға қатысушылар үшін де, оны ұйымдастырып отырған аймақ үшін де тиімді.

Алпысқа жуық компанияны тоғыстырған көрмеде жергілікті кәсіпорындармен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен, шетелдерден, соның ішінде Ресей, Украина, Германия, Түркия елдерінен келген өнеркәсіп орындары өз өнімдерін ұсынды.

Көрме аясында Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен инновациялық технологияларды дамыту және  халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында «Aktobe INNOVATION-2018» халықаралық форумы өткізілмек. Сондай-ақ жекелеген компаниялардың ұйытқы болуымен семинарлар ұйымдастырылады. Сырттан келген кәсіпорындар өкілдері жергілікті жетекші компаниялардың өндіріс орындарына барып, іс барысымен танысады.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button