Экономика

Тасөткелдегі кооператив

Асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылық шетелге ет экспорттап жатыр

«Қызылжар» ауылдық тұтыну кооперативі — іргелі шаруашылық. Хромтау ауданына қарасты Тасөткел ауылдық округінің аумағында орналасқан кооператив үш шаруашылықты: «Лакиком» ЖШС, «Ауқат» және «Жоса» шаруа қожалықтарын біріктіріп отыр. Осы ірі ауыл шаруашылығы өндірісін білікті маман, іскер кәсіпкер Бауыржан Әлмұрзаев басқарады. Бір кездері Ақтөбедегі үлкен компанияда басшылық еткен, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бауыржан Бақтығалиұлы қазір орталықтан шалғайдағы шаруашылықта өз кәсібінен береке тауып, облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлес қосып жатыр.

БАСТАУ

Шаруашылық ісін бастаған кезде ауыл шаруашылығы саласынан мүлде хабарым жоқ болатын, — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. — Бала кезімізде үйдің малын бақтым. Одан басқа мал өсіруге қатысты ешнәрсе білмеймін.

Ұзақ жыл байланыс саласында еңбек еттім. «Бителеком» өнеркәсіптік құрылыс компаниясында прорабтан бастап, директорға дейін көтерілдім. Одан соң 7 жыл бойы «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының облыстық филиалын басқардым. «Бителеком» компаниясында акцияларым көп болатын. Сол себепті, қолымда қомақты қаржы болды. Оны пайдаланып, бір үлкен іс бастауды мақсат еттім. Бірақ, қандай кәсіп бастарымды білмей, ойланып жүргенмін. Бір күні нағашы ағам Асқар Сейітмағамбетов: «Екеумізде де қаражат бар. Бірігіп, мал шаруашылығымен айналысайық»,  — деп ұсыныс айтты. Байланыс пен ауыл шаруашылығы мүлде екі бөлек сала. «Бұл істі үйлестіре аламын ба?» деп ойландым. Дегенмен, нағашыма сендім. Ол кісінің ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол. Сөйтіп, 2010 жылы іске кірістік, — дейді Бауыржан Әлмұрзаев.

Алдымен шаруашылық үшін қажетті жер таңдалды. Кәсіпкердің нағашысы Асқар Тасөткел округіне қарасты  Ақтасты ауылының маңындағы игерілмей бос жатқан жердің шаруаға қолайлы екенін айтып, содан нағашылы-жиенді екеуі осы аумақтағы жердің құжаттарын рәсімдеуге кіріседі. Ендігі үлкен шаруа — инфрақұрылым жүргізу. Жоғары кернеулі желіден желі тартылып, электр қуатын реттегіш трансформатор қойды. Су құбыры тартылды. Малшылар үшін тұрғын үй тұрғызылды. Мал бордақылайтын, жем-шөп түсіретін база салынды. Міне, осы шаруаның бәріне үш жылға жуық уақыт кетті. Ендігі іс — мал сатып алу.

ИРАНҒА 200 ҚОЗЫ ЭКСПОРТТАЛДЫ

2013 жылы мал сатып ала бастадым. Байғанин ауданынан 100 бас асылтұқымды қой сатып алдым. Соның өзінде жүрексіндім. «Одан көбірек алсам, баға алмай, жерсінбей қырылып қалып, шығынға батам ба?» деп ойладым. 20 бас асылтұқымды жылқы сатып алдым. Жылқыны да көп алуға қорықтым. Оның үстіне ауылдастарым: «Жылқы бағу өте қиын. Қолға  ұстай алмайсың, өскен жеріне кетіп қалады» деді. Сөйтіп, аз да болса, өсіріп көруге тәуекел еттім. Жылқыны іздеу үшін қарда жүретін көлік те сатып алдым. Мал өсіруге байланысты жазылған кітаптарды бір оқығанда түсінбей, бірнеше қайталап оқып, көп нәрсе ұқтым. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласынан ғылыми еңбек жазып жүрген таныс ғалымдардан жылқы бағудың қыр-сырын сұрастырдым. Олардың кеңестері пайдама жарады. Қыста белгілі бір уақытта жылқыларыма жем беретін болдым. Сөйтіп, жылқылар күн сайын сол уақыттан жаңылыспай, базаға келетін болды. Ешбіреуі де ешқайда кеткен жоқ. Қойлар да көбейді. Жылқы басы да артты, — дейді кәсіпкер.

Қазір «Қызылжар» ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативінде мыңнан астам қой, 150 бас жылқы бар.

Жақында ғана 200 бас қозыны Иранға экспорттапты.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытып, экспортты ұлғайту керектігін тапсырғаны белгілі. Осы мақсатта облыстың ет экспорты әлеуетін арттыру үшін Иранға қозы етін экспорттадық.

Ирандықтарға менің қозыларымның еті қатты ұнапты. «Еті өте дәмді», — дейді. Дәмді болатын жөні бар. Мал басын көбейтумен қатар, олардың еті дәмді болуы үшін тазалыққа да көңіл бөлемін. Қой тоғытатын тоған бар. Сонда апарып, тоғытамын. Бұл тазалықпен қатар, малдың оңалуына сеп. Тері иісі де кетеді. Қойдың етінің иісі болмайды.

Ирандықтардан қозыға сұраныс артып отыр, — дейді Бауыржан Әлмұрзаев.

Шаруашылықта 150 бас асылтұқымды ірі қара бар. Кәсіпкер «Степное» ЖШС директоры Аманқос Төлеуовтан 70 бас асылтұқымды қашар сатып алыпты.

Қазақта: «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген мақал бар. Расы солай. Қойдың саны артып, базаға сыймай жатыр. Сол себепті, Ақтасты ауылының тұсынан жер алып, екі мал бордақылау кешенін салдым. Қазір ірі қараның бәрі сонда. Ал мұнда, «Лакиком» серіктестігінде негізінен қой мен жылқы өсірілуде, — дейді кооператив басшысы.

Кәсіпкер ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көріп отырғанын айтады. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы алған 18 миллион теңгеге техникалар сатып алыпты. Үстемеақысы — 6 пайыз.

2016 жылы қаңтар айынан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң қолданысқа енгізілгені белгілі. Жаңа заңның шаруалар үшін пайдасы, жеңілдігі, мемлекет тарапынан көрсетілер көмегі, қолдауы көп.

Заңды оқып шықтым. Түсінбеген тұсын сызып қойып, тағы да оқыдым. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы кооперативін ашудың шаруа үшін көмегі көптігіне көзім жетті. Былтыр үш шаруашылықты — «Лакиком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Ауқат» және «Жоса» шаруа қожалықтарын біріктіріп, «Қызылжар-2017» ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативін құрдық. «Лакиком» серіктестігін — өзім басқарсам, «Ауқат» шаруа қожалығына інім Ғалымжан Әлмұрзаев жетекшілік етеді, ал «Жоса» шаруа қожалығы Нұрсұлтан Ұлмағамбетовтің (нағашым Асқардың баласы) иелігінде.

Кооперативтің арқасында мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп, мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болдық. Субсидия алу үшін де кооператив болу керек. Үкімет 50 пайыз субсидия береді. Бұл — үлкен көмек, — дейді кәсіпкер.

Қазір «Қызылжар-2017» ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативінің жер көлемі — 20 гектар. «Лакиком» ЖШС-ында қой мен жылқы өсірілсе, «Ауқат» шаруа қожалығында ірі қара өсіріледі. Ал үшінші шаруашылық «Жосада» көкөніс өсіруге бағытталған. Картоппен бірге пияз егуді де жоспарлап отыр. Былтыр 60 тонна картоп егіп, мол өнім алыпты. Өнімнің көп болғаны соншалық, тасөткелдіктер картопқа қарық болды. Мұны жақында ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Хромтау ауданына барған сапарында Төсөткел ауылының ақсақалы Бақытберген Байсейітов қуана айтқан болатын. Картоп теруге Тасөткел мен Ақтасты түгілі, Комсомолдан да адамдар келіпті.

Мал жақсы өсім беру үшін бақташысы мықты болуы керек. Қазір мал бағатын адам табу өте қиын. Қазақтың тойы көп. Етжақынының үйлену тойына сұранса ешнәрсе емес, сүндет той, туған күн, тағы да басқа жағдайларға байланысты көп сұранады. Оның үстіне, жастар мал бағуды қиынсынады. Отбасылы адамдарға  шаруашылықта тұру қиындау. Өйткені мектеп ауылда орналасқан. Балаларды орналастыру үшін интернат қажет. Тасөткел ауылының әкіміне интернат мәселесін бірлесіп шешу туралы ұсыныс айтқан едім…

Қазір шаруашылықта ауысыммен 9 адам жұмыс істейді. Олар үшін барлық жағдайды жасап отырмын. «Лакиком» серіктестігінің өзінде үш үй бар. Жұмысшылардың жатын орны, тамағы тегін. Қыста отын түсіріп беремін. Ыдыс-аяқ, төсек секілді тұрмысқа қажетті заттардың бәрі бар. Ең төменгі жалақы — 70 мың теңге.

Маған басқа шаруашылықтың басшылары қызығады. «Жұмысшыларың тұрақты» деп таңғалады, — дейді Бауыржан Әлмұрзаев.

Оның Ақтөбе қаласындағы Заречный елді мекенінде ет сататын дүкені де бар. Онда ай сайын 2 тоннаға жуық ет сатылады.

Етке сұраныс көп. Әлгінде айттым, тазалыққа өте қатты көңіл бөлемін деп. Жұрт малды тезірек семірту үшін екпе жасайды. Менің малым жайылымда өседі. Сол себепті де еті дәмді болады. Тартылған етке бастың етін салмаймын.

Дүкеніме етін өткізгісі келгендер болды. Бірақ, ешкімнің етін қабылдаған жоқпын. Өйткені, тұтынушылардың сенімінен айырылғым келмейді, — дейді кәсіпкер.

Ол «Лакиком» серіктестігінің маңындағы тоғанға 600 келі шабақ жібергенін айтады.

Балықты жеу болмаса, аулауға көп әуес емеспін. Оның да қызығын жұрт көріп жатыр. Тіпті Ресейден келіп аулайтындар бар. Оларға да рұқсат етемін. Тек бір өтінішім: «Ау салмаңдар» деймін. Балықшылардың көпшілігі Қытайда жасалған ауды пайдаланады. Ал оның зияны көп, — дейді кооператив басшысы.

ЖОБА МЕН ЖОСПАР: 

ШҰЖЫҚ ЦЕХЫ ЖӘНЕ ҚЫМЫЗ ӨНДІРІСІ

«Қызылжар» ауыл шаруашылығы тұтыну кооперативінің алға қойған мақсаттары көп. Солардың бірі — шұжық өндіретін кешен ашу. Шаруашылық басшысы бұл мақсатта Ақтасты ауылындағы бұрын бастауыш мектептің ғимараты болған нысанды сатып алыпты. Қазір цехқа қажетті құрал-жабдықтарды алу мақсатында Ресей мен Германиядағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Жабдықтардың бәрін Ресейден аламын. Германиядан ысталған шұжық өнімдерін дайындайтын жабдықты алуды жоспарлап отырмын. Бағасы қымбат болғанмен, элект қуаты көп шығындалмайды, — дейді кәсіпкер.

Ол биылдан бастап, бие сауып, қымыз өндіруді де қолға алмақшы. Кәсіпкер қымызды неміс технологиясы бойынша өндіру қолайлы екенін айтады.

Ұнтақ түрінде өндіруді жоспарлап отырмын. Ғалымдар мұндай қымыздың саумалдан ешқандай айырмасы жоқтығын дәлелдеп отыр. Жаңа технология бойынша қымыз өндіру үшін Германиядан жабдықтар сатып аламын, — дейді Бауыржан Әлмұрзаев.

Шаруашылық жұмысының ілгері жылжи түсуі үшін газ қажет. Шалғайдағы шаруашылыққа газ құбырын тарту оңай шаруа емес.

Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  Хромтау ауданына келген сапарында біздің кооперативте болып, шаруашылықтың жұмысымен танысты. Сонда облыс басшысына шаруашылыққа газ құбырларын жүргізу керектігін  айтқан едім. Бердібек Машбекұлы бұл газдандыру мәселесінің күрделі екендігін, мұны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асыруға болатындығын айтты. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында газ тарту үшін қанша қаражат қажеттігін есептеп жатырмын, — дейді кәсіпкер.

Ол биыл көкөніс сақтайтын қойма ашуды да жоспарлапты. Дегенмен, облыс әкімімен кездесу барысында облыс басшысы көкөніс сақтайтын қойманың Хромтауда салынатынын, шаруашылықтан артық қалған өнім тұрақтандыру қорына сатып алынатынын айтқан.

ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ЖАСАЛҒАН

 Арыстан ӘДІЛГЕРЕЙҰЛЫ, мал бордақылау кешенінің басқарушысы:

— Шаруашылықта жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда не қажеттің бәрі дайын, бәрі бар. Бір ғана талап — жұмыс істеу. Жалақым өте жақсы. Мұнда тек қана айлық алмаймыз. Қосымша табыс та табамыз. Мал бордақылау кешені бар. Сол себепті, мұнда жиі мал сойылады. Шөп шабамыз. Бұл жұмыстар үшін  қосымша қаржы төленеді. Сондай-ақ, малымызды осы шаруашылықтағы малмен қоса бағамыз. Ол үшін қажетті жем-шөптің бәрін шаруашылықтан аламыз. Мұның өзі көп көмек.

 Шалғайдағы шаруашылықта өз шаруасын дөңгелетіп отырған Бауыржан Әлмұрзаевтың ісі көпке үлгі, өнеге.      

  Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button