Мәдениет

Өтежан ақынның өр үні…

Биыл ақын Өтежан Нұрғалиевтің туғанына 80 жыл толады. Осыған орай, С. Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының «Қаламгер» әдеби қонақжайында «Өз заманының өр тұлғасы» атты еске алу кеші өтті.

Кеш қонағы ретінде ақынның ұстазы Ниетжан Беріков, қарындасы Назым Нұрғалиқызы, университетте бірге оқыған досы, журналист Идош Асқар және бірге өскен достары, білім беру саласының ардагерлері — Әбілқайыр Жәметов пен Нағима Табылова шақырылған. Сондай-ақ, кездесуге ақындар Нұрлыбек Қалауов, Бауыржан Құрманқұлов және Гүлімай Әбішева қатысты.

Жиында айтылған әңгіме, естеліктердің көпшілігі ақынның өлеңдерінен өрбіді. Өтежан — туып-өскен өңірінің шежіресін, бала күннен өзіне таныс жандардың өмірін өлеңмен өрнектеп, кітап етіп қалдырып кеткен ақын. Мысалы, Нұрлыбек Қалауов оның «Битқош» өлеңінің атын атағаннан-ақ жиналған жұрттың жүзіне күлкі үйіріліп, осы өлеңнен әртүрлі шумақтар оқыла бастады:

«…Фашистерге талай жерде ит қостым,

(Қолдан келсе, қоныштан бас, сүйт, достым.)

Қашан орыс тілін біліп алғанша,

Аш болғам жоқ, арқасында «Битқоштың».

Жирен мұртын өртке талай жандырып,

Талай жерге… қасық қанын қалдырып.

Елге, сөйтіп, аман қайтты Кемелбай,

«Битқошпенен» шөлін талай қандырып…».

Соғыстан қайтқан Кемелбай ұстаның «битқошы» — орыстың «пить хочу» сөзі. Ал оның әңгімесін тыңдаған бала Өтежан соғыстан оралмаған өз әкесінің тағдырын:

«Бастан сипап мен сияқты жетімді,

Сауаты жоқ Кемелбай да көкиді.

«Битқош» деген сөзді білмей біздің шал,

Оқтан емес, шөлден өлген секілді…» — деп жорамалдайды…

Бірге оқыған кластас досы Нағима Табылова:

— Біздің балалық шағымыз жүдеу тірлікпен өтті. Киімді, мектепке ұстайтын сөмкеге дейін шешелеріміз қолдан тігіп беретін. Соның өзіне мата табыла бермейді. Сол жоқшылықты біліммен жеңуді армандадық па екен, әйтеуір көп оқитынбыз. Өтежан бала күнінен адуын мінезді болды, қабырға газетіне өлеңдер жазып, көзге түсті. Айналасындағы жандардың бәрін жырға қосатын. Маған да өлең арнады. Кейін бір мектепте қызмет етіп жүрген кезде, мұғалімдер бөлмесінде жиналып отырғанымызда:

«Өзі отырған партасын,

Танымай ма, тани ма —

Тапты өскен ортасын

Табылова Нағима.

Өзіміздің мектептің

Ортан қолдай ұстазы.

Чаадаевты, Пушкинді

Жаттатқызар қыс-жазы», — деп бастап, оқып берген, — деп естелік айтты.

Сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері, студенттер мен оқушы жастар Өтежан Нұрғалиевтің өлеңдерін жатқа оқыды. Кешті кітапхананың сектор меңгерушісі Талғат Тілеулесов жүргізді.

Соңынан осы кешті өткізуге белсене қатысқан бір топ жастарға алғыс хаттар табысталып, қонақтарға гүл шоқтары ұсынылды.

Индира ӨТЕМІС.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button