«Бақытты бала»

Батырлар өлкесіне саяхат

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған биылғы «Балалар жылы» аясында «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Батырлар өлкесіне саяхат» акциясы бойынша кезекті шара ұйымдастырылды. Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен жүзеге асқан бұл мәдени-танымдық жорықтың басты мақсаты — жас буынға патриоттық тәрбие беру, әр оқушыға өз ұлтын, туған жерін, оның даңқты адамдарын мақтан ету сезімін қалыптастыру.

Саяхатқа Ақтөбе қаласындағы №21 гимназияның, №27 лицейдің, №64 Ұзақбай Құлымбетов атындағы орта мектептің оқушылары, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жол басы ретінде Ақтөбе қаласындағы «Батырлар алаңы» белгіленді.

Саяхатшылар ХІХ ғасырдың жәдігері — Шәкен ишан мешітіне аялдап, одан әрі Қобда ауданындағы Әлия ауылында батыр атындағы патриоттық орталықта болды, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қазақтың батыр қызы мен сұрапыл соғыс жылдарының суреттерін бейнелейтін әртүрлі қойылымдар, тарих қойнауында қалған өткен ғасыр естеліктері оқушылар танымын байыта түсті.

Әлия Молдағұлованың кіндік қаны тамған жер — Бұлақ ауылындағы кездесу жастарға ерекше әсер қалдырды.

— Биыл 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық «Актюбинский вестник» газетінің ұжымы біздің шарамызға ақпараттық қолдау көрсетіп, басылымда жарияланған патриоттық тақырыптағы мақалалардың көріністерімен бөлісті, — дейді топ жетекшісі, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес.

Р.ІЗБАХЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button